«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сыйлық сыйларда сақ болыңыз

0 70

Әр мереке сайын сыйлық алып, сыйлық сыйлап үйреніп қалған мемлекеттік қызметкерлер енді мұндай қадамға бара қоймайтын сияқты. Бұдан былай бір шоколад та пара болып саналатынын естіп, үрпейісіп қалған сыңайлы. Жақында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады.

c1c6c14dbeb7c08fb4ea41bbca42f52c-scaled

Халық қалаулылыры «сыбайластықтағы жең ұшынан жалғасуды» түпкілікті жою мақсатында осындай қаталдау шараларды да өмірге дендеп енгізбекші. Екінші сөзбен айтқанда, алдағы уақытта бір қорап шоколад та, көңілің түсіп, бастығыңа сыйлаған «магнитик» те сыбайластық болып тіркеледі. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің тағы бір босаңсыған белдеулерін тартып қоюға кезекті қадам екені сөзсіз.

Бұған дейін 2015 жылы шенеуніктерге сыйлық сыйлауға қатыс­ты қатаң ескертулер жасалған болатын. Ол кезде «құрмет көрсетудің» мөлшері екі есептік көрсеткіштен, яғни 2 АЕК-тен (ол кездегі бағамен 5556 теңге) аспау керек деп шектеу қойылып еді. Ал одан аса әрбір өзін сыйлайтын шенеунік сыйлығын Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетке тапсыруы қажет-ақ. Ал өзіне ұнап, тіпті көзі қимай бара жатса, тапсырғаннан кейін сатып алуына болады. Сатып алмаса, дүниесі көрмеге сатылымға шығарылады.

Сол кезде алғаш болып өзіне сыйлаған сыйлықты мемлекетке өткізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы болды. 2016 жылы қаңтар айында ол өзіне сыйланған қымбат қалта телефонын мемлекет меншігіне өткізді.

2015 жылы осы талаптарды заң жүзінде енгізгеннен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік назарына бір мекеменің мемлекеттік қызметкерлері іліккені баспасөз бетінде жаппай жазылды. Министрлікте жұмыс істейтін жігіт сүйікті қызына бір құшақ гүл шоғы мен лағыл жүзік сыйлағаны үшін басы пәлеге қалған. Аяқ астынан іс қозғай қалған агенттік қызметкерлеріне гүл мен жүзіктің жұмысқа еш қатысы жоқ екенін дәлелдеу ұзақ әңгімеге айналған түрі бар.

Қазір мемлекеттік қызметкерлер қатарына бюджет қызметкерлері де кіргенін, енді мұғалімдер мен дәрігерлерге «алғыс айтатын» болсаңыз, ол тап-таза сыбайлас жемқорлыққа жататынын біле жүріңіз. Әйтпесе бұған дейін кейбір мектептерде мұғалімдер ата-аналардың есебінен туған күнін өткізіп, 8 наурыз­да қомақты-қомақты пакеттерге тапсырыс беретіні талай айтылып жүрді.

Осы мәселеге байланысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов былай дейді: «Шенеунік өз абырой-беделіне нұқсан келтірмей гүл сыйлай алады. Егер оның гүл сыйлайтын адамының нақты туған күні болса немесе белгілі бір мерейтойына орай жасалып отырса, онда ол адамның әрекеті құқық бұзушылық емес».

Міне, сыбайлас жемқорлықпен күресте осындай ымырасыз қадамдар жасалып отыр. Оның қандай нәтиже беретінін алдағы уақыт көрсететін болады.

 Ермек АСЫЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды