«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сыбайлас жемқорлық – елеулі қатер

0 4

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде, Қазақстанда да бар. Елдің мәртебесі мен даму деңгейіне қарамастан, әлеуметтік құбылыс ретінде көрініс тауып отыр. Мемлекеттік қызметте де сыбайлас жемқорлық көрінісінің болуы биліктің заңдылығына нұқсан келтіреді, қоғамның іргелі құндылықтары мен оның егемендігіне қауіп төндіреді, басқа мемлекеттер тарапынан сенімсіздік тудырады және олардың ынтымақтастығын бұзады. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сы­байлас жемқорлықпен күрес.

3iStock-1271433813

Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ міндеттемелік шарттарын белгілеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жүргізілетін іс-шараларды тиімді ету мақсатында мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық көріністерін шектеуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру азаматтардың конституциялық құқығы мен бос­тандығын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ­Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен 2019 жылғы 20 мамырда өткізілген кеңейтілген отырыс барысында қарамағындағы қыз­метшілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапкершілікке тартылу мәселесін ерекше атап өткені баршамызға мәлім. Осы кеңейтілген мәжілісте көтерілген өзекті мәселені түпкілікті шешу мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы заңы талабының аясында жемқорлық іс-әрекеттердің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл бағытта жүйелі және кешенді тәсіл – Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Тұжырымдама 7 бөлімнен тұрады. Сондай-ақ еліміздегі ағымдағы ахуал жа­йында, халықаралық тәжірибе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері, нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер және тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспары жан-жақты қарастырылған.

Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Бұл қауіп, басқа елдер сияқты, біздің мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер етеді. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйым­дардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертпен күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтары – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыру, адамдар арасында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз – жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктің болуын талап етеді. Олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлым ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуі. Сол себепті мемлекетіміздің кез келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституция­сын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқығын, бостандығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Ендеше жемқорлықты жоюды мақсат еткен жергілікті атқарушы органдар заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделілік танытуы тиіс. Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен баршамыз бір кісідей атсалысып, күресуіміз қажет.

 Ғалымжан АМАНТАЙ,

Нұр-Сұлтан қаласы ­әкімдігінің

әдеп жөніндегі уәкілі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды