«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Сұрқылтайдың» соңғы сапары

0 1  036

Кешегі Кеңес Одағын билегендер арасында қазаққа іш тартып, шын ықыласты көңілден қамқорлық көрсеткен көсемдер тым некен-саяқ. Біздің ұлтқа нағыз жаулық ниет танытқан Иосиф Сталин, Никита Хрущёв және Михаил Горбачев болды. Бұлардың біріншісі халқымызды аштық пен репрессия ұйымдастыру арқылы қынадай қырып, жұртымыздың жартысынан көбін жер жастандырса, екіншісі қазақтың ғасырлар бойы ата-бабаның асыл мұрасындай сақтап келе жатқан ежелгі жерін ту-талақайға түсіріп, республиканы таратып жіберуге бар күшін салды, ал үшіншісі нәсілімізді көпе-көрнеу көзге ілмей, оның еңсесі мен мысын басудың барлық амал-айлаларын жасап бақты.
Сұрқылтай Никита Хрущёв биліктен кетер алдындағы ең соңғы сапарын Қазақстанға жасаған еді.

Қазақтың «сұр­қылтай» деген сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Оның біріншісі ханның кеңесшісін, ақылшы­сын меңзесе, екіншісі екіжүзді, опасыз, қаскүнем адамға қарата айтылады. Біздің кейіпкеріміз осы екінші тұрпатты тұлға болатын. Зымияндығы мен аярлығында шек жоқ бұл адам енді тағы бірқатар уақыт тізгін ұстап қала бергенде, Қазақстан мен қазақтың келешегі қандай болары белгісіз-тін.
Қазақстан мен қазақ халқына барынша жаулық көзқараста болып, соның шегіне жетуге ұмтылған Хрущёв біз сөз етіп отырған соңғы сапары 1964 жылдың 13 тамызы күнге тура келеді. Тойшыл да думаншыл Никита Сергеевич ел ішін аралай жүргенде, барлық жерлерде халықтың көңілі көтеріңкі болып, мерекелік көрініс көрсетіп тұруын, жұрттың өзін аса зор құрмет-қошеметпен қарсы алуын қатты талап етті. Ол, әсіресе, алдынан белгілі кісілердің нан-тұз алып шығуына ерекше мән берді.
Бұл жолы ол бұл сейілін 5 тамызда Волгоград облысынан бастады. Келесі күні Ростов облысына барып, 11-інде Солтүстік Осетияның 40 жылдық мерекелік салтанатына қатысты. Содан ары, 11 тамыз күні Башқұртстанға аялдап, 12-сінде Қостанай облысының жеріне аяқ басты. Ал 13-і күні Целиноград қаласына келіп, республи­каның ауыл шаруашы­лығы озаттары қатысқан үлкен митинг өткізді.
Бірінші хатшы жиында өзін көпшіл, демократ басшы етіп көрсетуге тырысты. Соның ыңға­йында ол баяндама жасап тұрып: «Мен залдан өзімнің жылқышы досым Самай­баевты көріп тұрмын, – деді екі езуі екі жағына жайылып. – Ол мүмкін «Хрущёв жылқы туралы айта ма екен, айтпас па екен» деп ойланып отырған шығар. Маған осы Самайбаев жолдас бірде: «Жылқысыз қиын, себебі қыста қой қар астынан шөп теріп жей алмайды, оны тек жылқы ғана тұяғымен теуіп шы­ғара алады, сосын бұл азықты оның өзі ғана жеп қоя салмайды, қойдың да жеуіне мүмкіндік береді» деген еді. «Иә, жылқының еті де дәмді» деп еді ол… Ал жылқының қазысы ше, керемет емес пе!». Бұған, әлбетте, зал толы жұрт қуана қол соқты.
Осыдан кейін бірінші хатшы Целиноград облысының шаруашылықтарын аралап, кезекті жиын өткізіп, Мәскеуге қайта оралды. Бұл шынында Никита Хрущёвтің Одақтың республикалары мен аймақтарын аралаған ең соңғы сапары болды. Ол бізден кеткеннен кейін ешқайда барған жоқ. Бір жарым айдай уақыт Кремльді қалада болып, қазан айының бас жағында Пицундаға демалуға аттанды. Бірақ ұзақ жата алған жоқ, қазанның 12-сінде оған Орталық Комитеттің кезектен тыс пленумы өтетіні жөнінде Мәскеуден шақыру келді. Қазанның 14-інде өткен сол пленумда Хрущёв бірінші хатшының лауазымынан түсірілді. Арада бір күн өткеннен кейін ол Министр­лер Кеңесінің төрағасы қызметінен де босап қалды. Сөйтіп, ел билеген оншақты жылының ішінде бәрін ала тайдай бүлдірген басшы біржола тақтан кетірілді.
Бірақ соған дейін халық оның шолақ ойлылығы мен дарақылығынан көп зардап шекті. Жұрт енді болмағанда, «қоңыз теріп» кететіндей күнге жақындап қалған еді. Қулығы мен арамдығына найза бойламайтын Никита Хрущёв Одақ билігінің ең жоғарғы басына да өзінің сондай сұрқиялығы мен сұрқылтайлығы арқасында жетті. Ол бұл жолдағы күресін 1953 жылғы 5 нау­рызда 74 жастағы Иосиф Сталин кенеттен қайтыс болғаннан кейін бастап кетті. Ал 1955 жылғы ақпаннан 1958 жылғы наурызға дейінгі кезеңде бірінші хатшы Маленков, Молотов, Каганович және басқалар тұлғасындағы «біріккен оппозицияны» біржола талқандап шығып, биліктің ұшар басында бір өзі қалды. Ол 1957 жылғы пленумда әлгі үшеуді «антипартиялық топ» деп айып­тап, барлық қызметтерінен алып тастады.
Осылайша күшейіп алған Хрущёв бұдан әрі елді жеке-дара билеуге кірісті. Бірақ елдің тағдырын шешетін істерге белсене араласып, өзін халыққа кеңінен танытуды бұдан бұрын бастап кетті. Ол 1953 жылғы қыркүйекте өткен Орталық Комитеттің пленумында ауыл шаруашылығы апатты жағдайда тұрғанын баяндап, өзін шындықты көзге айтатын ер етіп көрсетті. Бұл мәлімдеме Никита Сергеевичті халыққа ауыл шаруашылығының жай-күйін жақсы білетін басты маман, оны өзгерте алатын реформатор ретінде танытты. Ол колхоздар мен совхоздарды қайта құрумен тек Маленков қана емес, өзі де айналыса алатынын білдіргісі де келді.
Астықтың гектарына орта есеппен 10-11 центнерден жинап алынып тұрған сол кезеңінде Хрущёв келесі, 1954 жылдан бастап жаңа жерлердің кемінде 70 пұттан қосымша өнім бере алатынын сөз етті. Ол тың жерлерді игеретін адамдарды қайдан алуға болатынын да алдын ала есептеп қойды. Бұл үшін патриотық науқан жариялап, жастарды көзсіз еңбек ерлігіне шақыру керек еді. Мұнда көптеген жас жігіттер мен қыздардың бұрын трактор руліне отырған-отырмағандары маңызды емес. Оларды тез үйретіп шығуға болар еді. Сөйтіп, 1954 жылғы ақпанның соңында өткен пленумда жасаған баяндамасында Хрущёв: «Ондаған мың жас патриот өздерін жаңа жерлерді игеруге жіберуді өтініп отыр» деп мәлімдеп жіберді.
Артынша осының деңгейінде республикаға, одан облыстар мен аудандарға жоғарыдан «орасан зор» жоспарлар берілді. Ол астықтың көлемін әлденеше есеге арттыруға негізделді. Осыған байланысты 1954 жылдың ақпанында Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VII съезі өтіп, ол тың жерлерді игеру жөніндегі бастаманы қызу қолдады. Бірақ бұл жұмыстарды енді Қазақстан басшылығы өзі жүргізуге тиіс болды. Ал республикадағылар қолдан келгенінше науқанды кейінге қалдыра тұруға әрекет етті. Соның орайында Қазақстанның бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов бір жолы Хрущёвті: «Қазақстан – егіншіліктің емес, мал шаруашылығының жері. Сондықтан мұнда тың көтерудің керегі жоқ» деген өз тұжырымына иландыруға күш салып бақты. Осы үшін ол кейін қызметінен де айырылды. Оның орнына орталықтан Пономаренко жіберілді, ал екінші хатшылыққа Брежнев бекітілді.

Кеңес Одағы Коммунис­тік партиясының бірінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Никита Хрущёв біздің рес­публикаға алғаш рет 1956 жылдың тамыз айында келді. Кейін, 1964 жылғы 13 тамызда Целиноградта өткізген митингісінде сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, мұның бәрінде ол әр жолы республикаға келуге айрықша құштар болған. «Мен сіздердің тың жерлеріңізге 1956 жылы келдім, ол кезде еліміз тыңның мол астығын жинап алуға құмбыл кірісіп жатыр еді, – деді ол. – Сол сияқты 1958, 1961 жылдары да тыңда болдым. Енді, міне, бұл жолда көптеген қиындықтарға кезіккен, бірақ бәрін абыроймен жеңіп шыққан тыңгерлер, сіздердің орталарыңызға тағы да келіп тұрмын».
Хрущёв 1956 жылы Алматыда да болып, сол кездердегі баспасөздің жазуынша, «қала шаруа­шылығының, әсіресе, тұр­ғын үй қорының, оқушылар мен медициналық мекемелердің жағдайын талқылап, бұйрық іспеттес кеңестер мен нұсқаулар беріп, қала шаруашылығының бұдан әрі жетіліп, өсуіне белсене көмектескен». Осының нәтижесінде қала тұрғындары үшін қолже­тімді тұрғынжайлар мекені – жаңа шағын аудандар жоғары қарқынмен салына бастады.
Ал 1961 жылы Никита Сергеевич Алматыға тіпті екі рет аялдады. Алдымен наурыз айында мұнда ауыл шаруашылығы озаттарының жиынын өткізсе, мау­сымда республиканың 40 жылдығына арналған мерекелік салтанатқа қатысты. Барған жерлерін думанға айналдырып жүретін әпербақан басшы­ның бұл сапарларының қандай аламан-тасыр дүрмекке айналып өткенін сол кездерде жарыққа шыққан газеттердің мақалалары мен арнайы құжаттар толық айғақтап береді. Соңғы тойда ол ең бағалы қонақ ретінде аспанға көтеріліп, қошеметтің теңізіне шомылып жүрді. Сол тұстағы бір басылым мұны әдепкі былай рәуіштеді: «Алматы әуежайына мыңдаған адам жиналды. Күннің шұғыласымен Кеңес Одағының, Қазақ КСР-нің, одақтас рес­публикалардың мемлекеттік тулары алаулап тұр. Сол кезде ИЛ-18 лайнері әуеден аэровокзалға қарай бет алды. Жиналғандар ұшақтан түскен Н.С.Хрущёвті қол шапалақтап, сәлем бере қарсы алды… Шексіз шаттанып тұрған халық қазақ және орыс тілдерінде оған: «Қош келдіңіз, қымбатты Никита Сергеевич!» – «Добро пожаловать, родной Никита Сергеевич!» жарыса үн қатты. Бірақ оған деген әмісе бүкілхалықтық сүйіспеншіліктің шыңының салтанаты келесі күні Хрущёв республика басшылығымен бірге бұл жылдары алматылықтардың Медеуден гөрі де көбірек баратын демалыс орны – Есік көліне барған кезде көрініс тапты. Жұрттың шынайы сезімдерінің тереңдігін Біріншіге көрсету үшін кортеж жолай әрбір бірнеше шақырымнан кейін тоқтап тұрды».
Көл басына барған же­рінде колхозшылар М.К.Заика мен Л.А.Рябич Хрущёвке нан мен тұз ұсынып бәйек болса, ардагер шопан С.Кеңсебаев үстіне шапан жауып, басына жылтыр малақай кигізді, ал алтыншы сынып оқушысы Люба Скрипникова халықтар дос­тығы туралы әңгімелесе, Галя Шебалдина жүгері өсірудің пайдасын айтып шықты. «Тау басындағы жайлау­да малшылар Никита Сергеевичті қонақ етіп күтті, зейнеткерлер оған тау гүлдерін тарту етті, ал пионерлер барабан қағып, сол кезде өздері ұстап алған кірпінің баласын сыйлады, – деп жазды газет бұдан әрі. – Бұл жерде Хрущёвтің – Қазақстанға, қазақстандықтардың Хрущёвке деген барынша өзара сүйіспеншіліктері айқын көрінді». Біз бұдан арғы жолдардан: «СОКП Орталық Комитеті бірінші хатшысының, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.С.Хрущёвтің Алматыға келген сапары жұмысшылардың, колхозшылар мен зиялы қауымның естерінде ұзақ уақыт сақталып қалады. Халық Никита Сергеевичті ғажайып Алматының үлкен қамқор досы деп атайды» деген сөйлемдерді оқимыз.
Бәлки, сол оқиғаларды өз көздерімен көрген көнекөздер мұны бұл өмірде ұмыта да қоймайтын шығар. Бірақ Хрущёвтің халық арасында, соның ішінде Алматы тұрғындары арасында жақсы атымен қалмағаны айдай анық. Жұрт арада небәрі үш жылдан сәл астам уақыт өткеннен кейін бұл кездесулерді өз өмірлеріндегі ерекше бір көріністер ретінде айтуды да доғарды.
Бірақ Одақ басшысына өздерінің наразылықтарын білдіріп үлгерген жекелеген адамдар да әрдайым болып тұрған. Алматыдан Мәскеуге теміржолмен кетіп бара жатқан бір сапары барысында Қызылорда стансасында халықпен жүздесу үшін перронға шыққан кезінде оған жергілікті тұрғындардың калош лақтырғаны туралы да дерек бар. Содан кейін Хрущёв шұғыл ішке қайтып кіріп, ары қарай жүріп кеткен. Бірінші хатшының Есік көліне барғанында да тап осыған ұқсас оқиға тіркелген. Ол туралы жазушы Юрий Добрынин өзінің өмірбаяндық кітабында атап көрсетеді. Хрущёв мінген көлік көл жағасына келіп тоқтағанда, бір адам қоршаудан ішке қарай өтіп кетіп, бірінші хатшының жанына жеуге мүлде келмейтін, неден жапқаны да белгісіз бір бөлке нанды тастай салады. Осыған байланысты ол жігіт дереу қамауға алынады. Дегенмен ішкі істер органдары көп ұзамай оны босатып жіберуге мәжбүр болады.
Кітапта автор Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Іс басқармасында қызмет ететін әкесінің 60-жылдардың басында Үкіметте өткен отырыста Алматы қаласын одан әрі дамытудың мәселесі жан-жақты қаралғанын айтқанын сөз етеді. Сол кезде Үкімет басшысы Дінмұхамед Қонаев, оның бірінші орынбасары – ке­йін зейнет­ке шыққанша Министрлер Кабинетін басқаратын Мәсімхан Бейсебаев болған.
Әлбетте, елдегі барлық жағдай расында соншалықты жақсы емес еді. Ке­рісінше, ол жылдан-жыл­ға нашарлап бара жатты.
Никита Хрущёв өз билігінің кемеліне келген ша­ғында ел ішін аралап, сапар шегіп тұруды үлкен дәстүрге айналдырып, оны барынша дүркіретіп өткізуге қатты құштар болды. Ол теміржолмен жүретін Үкіметтік эшелонға өзіне барған жерлерінде керек болатын барлық нәрселерді салдырды, кейін тәбеті өсе түскен кезінде пойызға тіпті үкіметтік лимузин­дерді де артып алып жүруге айналды. СОКП Орталық Комитетінің бі­рінші хатшысы қалалар мен далаларды аралай жүріп, өзіне разы халықпен жүздесіп тұруды айрықша жақсы көрді. Бірақ сол кездесулерге тек жақсы сөздерді естуді мұрат тұтып баратын ол сол халықтың көрген күндері барған са­йын нашарлап келе жатқанын аңғармауға тырысты. Осы сапарларының жиынтығында Никита-көсем сауаты шамалы, күйгелек, тынымсыз, мылжың, кекшіл, өзгенің пікіріне құлақ аса қоймайтын өзімшіл, жағымпаздыққа жаны құмар екенін танытып үлгерді.
Хрущёв 1964 жылдың 10-11 тамызы күндері Қазақстанға келе жатқан жолында Башқұртстан жеріне аялдады. Бірінші күні ол Туймазы және Октябрь аудандарында болып, келесі күнгі уақытын Уфа қаласында өткізеді.
Хрущёвтің терең ойлас­тырылмаған және бір-біріне қарама-қарсы реформаларының зардаптары 1964 жылы экономика мен ауыл шаруашылығын қатты құлдырауға алып келді. Бұған дейін орасан зор шығындармен көтерілген тың эпопеясы қанша жерден көпе-көрнеу мақталып келгенімен, кейінгі жылдары күткен өнімді бермеуге айналды. Мұның ақыры осы жылы елде нан өндіру ісі күрт құлдырап, оның тапшылығы орын ала бастады. Жұрт бидайдың орнына арпа мен жүгеріден істелген нан өнімдерін жейтін халге жетті. Тың және тыңайған жерлерді сауат­сыз және асығыс игеру салдарынан Қазақ­станның көптеген аудан­дарындағы құнарлы жер­лердің шаңы аспанға көтеріліп, тозаңды дауылдар жиі соғып тұратын болды. Жайылымдық жерлердің кемдігінен 1964 жылдың бірінші жарты жылдығында тың жерлердегі совхоздар миллиондаған бас малдарынан айырылды.
«Жазға қарай Уфаның дүкендерінен азық-түлік өнімдері түгел дерлік көзден бұл-бұл ұшты, – дейді қала тұрғыны Виктор Смолин. – Ашық сау­дада тек арақ, селедка, қара нан мен жүгерінің наны, шағын кәдесый қорапшасына салынған, бағасы удай, 8 сом тұратын, трубкамен тартатын қымбат темекі ғана қалды. Қарапайым адам үшін бұл ақылға сыйымсыз баға еді. Сол кезде жұмысшылар арасында қорабы 12 тиын тұратын «Прибой» мен 14 тиындық «Север» өтімді болатын. Бәрі құрып кетті. Жұрт аялдамалардан темекі тұқылдарын теріп жүретін. Бірақ олардың өзі оңайлықпен табылмаушы еді. Егер әлдеқандай жерде ақ нан немесе қант сатыла қалса, заматында ұзын шұбақ кезек пайда бола қалатын. Сауда орындарында бір қолға 4-6 сайка наны немесе 1-2 кило қант қана берілетін».
Сол жылдары шағын қалалардағы жағдай бұдан да ауыр еді. 80-жылдары коммунизмнің есігінен сығалап қарауды арман еткен Хрущёв азаматтардың қайтадан кулак болып кетуінен қорқып, олардың мал ұстауларын шектеу жөнінде тыйым шығарды. Соның салдарынан ауылдық жерлердегі ­ахуал күрт нашарлап сала берді. Салық агенттері үйме-үй жағалап, олардың қанша жері, малы бар екенін ұдайы тексеріп тұрды. Шаруалардың есік алды жерлеріне дейін кесіп тас­талды. Сырттан огород егуге тыйым салынды. Кейін осы бос қалған жерлердің бәрін қурай сияқты арамшөптер басып қалып, атырап сортаңданып кетті. Әр шаңырақтың ұстайтын малдары саны да барынша шектелді. Айталық, Қазақстандағы әрбір үй тек 1 ірі қара малы мен 5 қой, сондай-ақ 10 тауық қана асырауға құқылы болды. Ал 1963 жылдың 6 мамырында дүкеннен сатып алынған азық-түліктерді малға беруге тыйым салатын келесі бір ақымақ шешім қабылданды. Оны бұзғандар заматында қылмыстық іске тартылып жатты.
Жағдайдың осыншалықты қиын екенін жасыруға бағытталған қитұрқы саясаттың әсері болуы керек, Хрущёв билігінің соңғы жағында қол жеткізілген көрсеткіштерді қосып жазушылық пен көзбояушылық өзінің шарықтау шегіне жетті. Мысалы, Башқұртстан баспасөзі сол жылдары Туймазы ауданындағы 20 жасар бақташы Рамзия Гайфуллинаның фантас­тикалық табыстарын жа­рыса жазуға кірісті. Небәрі жеті сыныптық білімі бар бұл бойжеткен өз табынындағы әр мегежіннен 45 торайдан алған. Башқұрт газетте­рінің жазуынша, бұған бақташы қыз өзінің бірнеше жылдық тәжірибесі арқылы біртіндеп жеткен. Рамзия осы жетістігі үшін Еңбек Ері атанады. Оны тіпті республика басшылары 1964 жылғы 10 тамыз­да Туймазы вокзалында Хрущёвке таныстырады. Бірінші хатшы мұны өз еңбегінің бір жемісі көріп, барынша мақтанады.
«Принципінде, мұндайдың болуы тіпті мүмкін емес, – дейді биология ғылымдарының докторы, Башқұрт мемлекеттік аграрлық университеті ауыл шаруашылығы малдарын өсіру кафедрасының профессоры Ирина Долматова. – Әлі ешкім алып тастай қоймаған биологияның заңдары бойынша, бір мегежін жылына орта есеппен 24, ары кеткенде 25 торай туа алады. Егер мұндай рекордтық туыттар орын алып жатса, бірінші кезекте ол маман ғалымдарға белгілі болып, алдымен ғылыми әде­биеттерге енгізілген болар еді». Бірақ Хрущёвтің сол кездегі жаңалықтары мен рекордтары табиғаттың кез келген заңдарынан жоғары шығып жатты. Ол атышулы бірінші хатшы орнынан түсірілгеннен кейін біртіндеп келмеске кете берді.
Ресейдің «Литературная Россия» деген белгілі газетінің биылғы 12 қазандағы нөмірінде жазушы Вячеслав Потёмкиннің «Русский подлец Никита Хрущёв» деген мақаласы жарық көрді. Сонда автор жексұрындығы мен оңбағандығы күштілігі сондай, бұдан күшті аямайтыны сондай, өзімен араласқан адамдарды өзінің айтқанына көндіріп, оларды да оңбаған етіп жіберетін тұлғалар болатынын айта келіп, кеңес елін билегендер арасында сол қатарға жататындардың бірі Никита Хрущёв болса, екіншісі Михаил Горбачёв екенін атап көрсетеді. «Соның ішінде айрықша шімірікпес мерезі Хрущёв болды» дейді ол.
Біздің бұған қосып-аларымыз жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды