«Сұрғылт тұман дым бүркіп»

0 369

Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.

Не осенний мелкий дождичек,
Брызжет, брызжет сквозь туман.
Слезы горькие льет молодец,
На свой бархатный кафтан.

Бұл – Абайдың А.Дель­вигтен аударған өлеңінен үзінді. 1892 жылы жазылған. Он алты жолдық өлеңнің жалпы мағынасын ғана сақтап, өлеңді еркін әдіппен аудар­ған. Өлеңнің екінші шумағындағы:
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске,
деген жолдарды Абай өз жанынан қосқан. Өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Онда бұның Абайдың туындысы не аудармасы екені айтылмайды. Ал, 1945 жылғы толық жинақта «Оспан өлімі жайлы жазылған өлең сияқты» деген болжам айтады. «Абай» энциклопедиясында бұл өлеңге түсініктеме бере отырып, «Абай «Сұрғылт тұман дым бүркіп» өлеңіне ән шығарған. А.Дельвигтің сөзі мен М.Глинканың музыкасы да тың жаңа түрге айналып, қазақ даласына Абай әні болып кең тараған. Әнді 1953 жылы компози­торлар Л.Хамиди мен Б.Ер­за­кович, Ә.Ысқақов пен С.Қасимановтың айтулары бойынша нотаға түсірген. Абайдың немересі М.Мұхамеджановадан осы әннің үшінші түрін Қ.Жүз­басов нотаға түсіреді» деп жа­за­ды. Абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханов бұл өлең­ге көп тоқталмайды, тек Абай шығармаларының текстологиясы жайындағы еңбегінде «Сұрғылт тұман дым бүркіп» Мүрсейіт қол­жазбасы бойынша алынған» деп «бейіске» сөзіне текс­то­ло­гиялық түсініктеме береді. Шындығында, бұл өлеңді жартылай аударма деп бағалаған жөн, терең зерттеуді қажет ететін туынды.
Өлең 1909 жылғы тұңғыш жи­наққа енгізілмеген. Абай шығармаларын жинастырып, көшірмелерді топтастырған Кәкітай мен Тұрағұл жинақ құрамындағы шығармаларды сұрыптағанда бұл өлең неге енгізілмей қалған?!
Семейдегі Абай мемле­кеттік қорық мұра­жайының не­гіз­гі қорындағы Ахат Құдай­бердиевтің қолжазба жиын­тығында (КП-4484.62-63-б.) «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталатын екі ауыз өлең де, оның әні де Абайдікі емес. Оның сөзі де, әні де – Ақылбайдікі. Абайдікі деп хатта басылып жүр.
Әйелімсің жылама!
Тәуекел ет құдаға!
Өлең айт! Үйге қайт!
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейіске.
Алласы оны жазғырып,
Тастаған әкеп кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бір күн жалын, бір күн шоқ.
Бетті жу, белді бу.
Мұхтар Әуезов Абайдың ақын шәкірттері жайында баян­дай келіп, «Ұстаз ақын­ның өзі айтуға үлгермеген немесе зама­нында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдеп үңіп, бірталай өріске апарып тастайды. Олардың шығармаларының ішінде аңқып тұратын адам­шылық, санашылдық үгіті, кейбіріндегі діншілдік, қан­шылдық идеялары үстіне қо­сылған Европаның әңгіме құру желісі арқылы Абайдың өз шығарма, өз тұлғасын мынандай айнала кеп қосымша бұйымдар қосып тұрады. Абайдың бұрынғы өзінен байқалған мүсінінен асыра тереңдей түсуіне көмекші болады» дейді. (М.Әуезов. Алматы. «Санат», 1995, 254-б.) Со­нымен, Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердиевтің айтуынша, «Сұрғылт тұман дым бүркіп» өлеңі – М.Әуезов айтқан ұстаз Абайдың ықпалымен Семейде айлап жатып, еліне қайтып бара жатқанда Шағылда дүниеге келген Ақылбайдың шығармасы.
Шағыл – Семейдің көкіре­гін қақ жарып, сайын дала төсінен батысқа қарай таспадай созылған жол жиегіндегі жота. Шәкәрім мен Мұхтар да білім іздеп Семейге, елін аңсап, Шыңғысқа қарай сан рет жүріп өткен. М.Әуезовтің «Абай жолы» романында қыстай қалада оқуда болған бала шәкірт ауылын аңсап, жанындағы серіктеріне маза бермей, асығыс сапар шегетін жол – осы. Туған жердің бел-белестері көзіне оттай басылып, жүрегін сағыныш кернеген жас Абайдың алдағы өмірге, күрес пен тартысқа, қуаныш пен қайғыға, ой мен толғанысқа толы тіршілік белестеріне сапар шегетін жолы.
Ежелгі керуен жолының бойы болғандықтан, 1855 жылы Шоқан да Қашқарға сапарын осы жол тағанынан бастаған. Оған дейін де бұл жолмен Семей қаласына әлем саяхатшылары – Миллер, Джорж Кеннан, Семенов-Тянь-Шанский, Адольф Янушкеевичтер Семейге келіп, оңтүстік бағытқа жол тартқан. Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский Құнанбай еліне қонаққа барып, Архат тауының бауырында құс атып, арқар аулап қайтатын тарихи жол бұл. Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар және Алаш арыстарының сапарлары да осы жолмен жалғасқан. А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Торай­ғы­ров, Қ.Сәтбаев, Ә.Мар­ғұлан, Ә.Қашаубаев, Қ.Мұ­ңайт­басов, С.Мұқанов, Ғ.Мү­сірепов, Қ.Қуанышбаев сынды елдің даңқты ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері Абай рухына тағзым ету үшін осы жолды басып өткен.
Шағыл жотасы – қала шетінен атты адамға жарты күндік жер. Әміре Қашау­баевтың аралдан шырқаған ән дауысы осы Шағыл бе­тінде мал жайып жүрген бақташы, жылқышыларға естіледі екен деседі естелік иелері.
Шәкәрімнің баласы Ахат Құдай­бердиев Семейдегі мемлекеттік Абай қорық мұражайында ұзақ жылдар ғылыми қызмет ат­қа­рып, Абай мен Шәкәрім шығар­машылығына зор үлес қосты. Ахат Құдайбердиевтің рухани мол байлығын танып-біліп, Абай мұражайында көп уақыт басшылық еткен Төкен Ибрагимов өз естелігінде былай дейді: «Қыстың соғымынан соң Абай Ақылбай мен Әл­мағамбетті іргесі тиіп тұрған Семей қаласына баруды кеңес етеді. Олардың алдына қойған мақсаттары – Семей қаласы қазақтарына тән, ал, Шыңғыс өңіріне таңсық қазақ әндері, сондай-ақ, орыс, татар әндерін және қала жұртына сіңісті болған күй өзге саздарды үйреніп, игеріп қайту еді. Сол сияқты қобыз, скрипка, сырнай, өзге де аспаптарды үйренуге тапсырады. Ертістің арғы-бергі жағында айлап, апталап, той-думан сауықтарға қатысады. Екеуі бірдей өнерге құштар, үндес жандар қыруар олжаға кенеліп қайтады. Шағыл өзегінде дүниеге келген «Сұрғылт бұлт» өлеңінің бас себепкері Абай еді». Осы әңгіменің желісін Бөрілідегі Мұхтар Әуезов үйінің меңгерушісі болған, «Ұлылар мекені» жинағының авторы, белгілі тарихшы-шежіреші Бекен Исабаев ақсақалдан да сан рет естігенмін.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, Қазақстан-Ресей университеті
«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 19 =