Суреттерде не сыр бар?

0 214

Абай заманында фотоға түсіру өнері өмірге енді ғана еніп жатқан болатын. Семей қаласында Каримовтардың, Кузнецовтардың, Белослюдовтардың фотоүйлері жұмыс істеді. Бұлар әртүрлі тапсырмалармен қыр даласына келіп, қажетті мекенжайларды,­ айтулы адамдарды, қазақ тұрмыс-салттарын­­ түсіріп алып, өз қажеттеріне жұмсады. Ресейдің ірі қалаларына апарып, көрмелер ұйымдастырып, альбом жасап сатты.

Абай ауылының адамдары да суретке түсіп, өздеріне жинап, сақ­тау­ды әдетке айналдырды. Ауылдан қалаға қатынағанда, елге апарар сыйлығы фотосурет болды. Елге барып, фотоға түсірушілерді кезекпен қонақ етіп, фотоға түсуге барынша әуестенген. Заман ағымына қарай, байдың тұқымын, молдалар­ды қудалау басталған жылдары қолда бар суреттердің барлығын жыр­тып, өртеп жасырып, әуре болған. Тек, кейбір жүректі адамдар ғана Абай, Шәкәрімдердің бір­ді­-екілі фотосуреттерін жасырып, сақтап, біздің заманымызға зор­ға жеткізген.

Абай және ұлдары Ақылбай мен Тұрағұл
Абай және ұлдары Ақылбай мен Тұрағұл

Абай ауылындағы фотосурет­тер­дің­ көптігі сондай, 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда Кәкітай Ысқақов пен Әрхам Кәкі­тай­ұлы Құнанбай, Абай туыстары­ның­ қырық төрт фотосуретін екі жылдың ішінде жинап берген. Онда жетпіс сегіз адамның бейнесі болыпты. Амал қанша, соның ішін­де­ данышпан ақынның екі фото­су­ре­ті ғана сақталған.
Бұл суреттердің де сақталу тари­хы­ өте күр­де­лі. Ауыр жағдайды бас­­тан кешір­ген­ бұл су­рет­тер қуда­­лау­­ға ұшырап, Шымкент еліне жер аударылған Құнанбайдың, Күн­ту­дың, Оразбайдың ұрпақтары өзде­рі­мен бірге жасырып, тығып сақтаған. Кейін Алматыда тұрған Мұхтар Әуезовке табыс еткен. Оның өзінде өз есімдерін айтпай, белгісіз біреулер бүркеншік атпен өткізуге тура келген. Соның бірі – өзіміз куә болып жүрген данышпан ақын­ның екі суретінің алғашқысы, 1896 жылы Семей қаласында түсі­ріл­­ген Абай, Ақылбай, Мағауия фото­сурет­тері. Түпнұсқа. Ұзын­ды­ғы – 13, ені – 8 см. Абай мұра­жайы­на 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау актісі бойынша өткі­зілген. Фотоны тауып, сақтап мұра­жай­ға өткізуші – Мұхтар Әуезов. Заңғар жазушы мұражай қоры­ның негізгі бір кітапшасына «Абай с сыновями Акылбаем и Тура­гулом (подлинник) снято 1896 году в Се­ми­­па­ла­тин­ске фотографом Н.Г.Куз­­не­­цовым. В дар музею Абай от Мухтар Омархановича Ауе­зова» деп жазып, қол қойған.

Абай екінші рет 1897 жылдың жазында, Жидебай жерінде өзінің отбасымен фотосуретке түседі. Бұл сурет «Абай, жанұясымен» деп аталады. Үй ішінде түсірілген сурет­­тегі бі­р­ін­ші қатарда – Пәки­зат­ (бөрік киіп отырған қыз­ бала) пен Әубәкір. Екеуі де Ақыл­бай­дың балалары. Оспан оларды бауыры­на­ салып, өсіріп, бала­сын­дай көр­ген. Ортада отыр­ған – Абай. Екін­ші­ қатардағы – Мағауия, Еркежан,­ Әубә­кір­дің әйелі – Қамалия. Ал­дың­­ғы қатарда Тұрағұл отыр. Өкі­мет­ қудалауына ұшы­ра­ған­дық­­тан,­ кейінгі жылдарға дейін фото­да­ғы бейнесі айтылмай қалыс қалып келді. Соңғы жылдарда ғана анық аталып жүр.

Фото­су­рет­ті түп­нұс­қа­дан 1959­ жы­лы қайта көшіріп, Абай мұра­жайы­на өткізген – Мұхтар Әуезов. Түпнұсқасы Алматыдағы М.Әуезов мұражайында сақтаулы. Негізгі қор кітабында 461\542 ин­вен­тарға тіркеулі. Көлемі – 13-23 см. Ұлы ақынның бұл тарихи екі фото­бей­несі ұзақ жылдардан бері мұражай экспозициясына қойы­лып,­ көрсетіліп келеді. Абайға байланысты көптеген басылымдарға шығып, танымал болды.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, Қазақстан-Ресей университеті «Абайтану» орталығының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =