Суретшілер үйіндегі сырласу

0 401

Абай даңғылының бойымен келе жатып көзім бір бұрышта елеусіз тұрған «Суретшілер одағының арт галереясы» деген маңдайшаға түсе кетті. Төменгі қабатында фуд-бар орналасқан ескі ғимараттың қай есігінен кірерімді білмей біраз ойланып, баспалдақпен жоғары көтерілдім. Темір есіктің қасындағы мемлекеттік мекеме деген көк жазулы тақтаны байқамасам, бұл жерде Суретшілер одағының орналасқанын да білмей қалады екенмін. Галереяда елордалық суретшілердің қылқаламынан шыққан небір ғажап туындыларды тамашалап, авторлардың өзімен тілдескім келді. Сол сәтте алыстан шыққан жарқын күлкіге қарай жақындап барсам, елімізге белгілі суретші, көк түтіні сейілмейтін осы одақтың басшысы Өмірәлі Исмайлов тұр екен. Сәті түскен кездесу болды деп, суретшіні әңгімеге тарттық.

Қадірі кеміген кәсіп пе?

Кешегі Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында 1961 жылы Суретшілер одағы құрылды. Оның негізін сол замандағы өнер ошағы Ленинград, Львов қалаларының жоғары оқу орындарын бітірген түлектер қалады. Содан бері сынаптай сырғып арада тұп-тура 60 жыл өте шығыпты. Талай тарланды қанаттандырып, талай талантқа жол ашса да, Суретшілер одағы сол бұрынғы бәз-баяғы қалпында.
– Биыл – біздің одағымызға 60 жыл, – деп бастады сөзін ағамыз. – Ал Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы болып сайланғаныма екі жылдай болды. Бүгінге дейін төрт ауданның әкіміне кіріп, қаламыздың сәулеті мен жоспардағы шаралар туралы ойымды айтып жүрмін. Бұрын Кеңес өкіметінің кезінде мекемелер Суретшілер одағын іздеп келіп тапсырыс беретін еді. Қазір бәрі керісінше. Біз өнер адамымыз. Қазір қалалық Суретшілер одағында 150-ге жуық суретші бар. Одағымыздың жанынан жас суретшілер қауымдастығы да құрылған. Суретшілер сөзге келгенде жоқ халық қой. Ақындар мен жазушылар сияқты жарияға жар салып көп ештеңе айта бермейміз. Қасиетті өнер ордасының қара шаңырағындағы 60 жылдық мерейтойымыз елеусіз қалмаса екен, – деді Өмірәлі Исмайлов.
Суретшіні толғандырған мәселе жалғыз бұл ғана емес. Қазір елімізде суретшілердің ақ қағазға түсірген суретін көпшілікке насихаттайтын өнертанушылардың да қатары сиреп кеткен. Суретші мен өнертанушының арасында байланыс жоқ. Өнертанушы автордың шеберханасынан шықпай, оны тұлға ретінде тануға ұмтылса ғана суретші туралы жаза алады. Байланыс болмаған соң лайықты сын да, баға да берілмей жүр. Тіпті кейбір өнертанушылар нарықтық жағдайға бейімделіп тек тапсырыспен ғана жазады екен. Онда да суретші туралы көп ізденбейді. Шамалы өмірбаяны мен салып жатқан жұмыстарын білсе болды, әдемі сөзбен әспеттеп бере салады. Өйткені оған да табыс табу, жан бағу керек. «Суретші мен мүсінші мамандығын таңдайтын жастар аз. Шоқан Уәлиханов ғалым екеніне қарамай қаншама керемет сурет салды. Лермонтовты алып қарасақ, ол да суреттен хабардар болған. Соғыс кезінде Англия басшысы Черчилль үкіметті жинағанда, ол жерде Мәдениет министрі болмапты. Сонда ол «Мәдениет министрі қайда?» деп сұрапты. Басқалар соғыс жағдайында мәдениеттің қажеті қанша депті. Сонда Черчилль «Мәдениетіміз болмаса, бізге соғысудың да қажеті жоқ. Өнерсіз халық құрып кетеді. Мәдениет болмаса, мемлекет те, ұлт та болмайды» деген екен. Мектептерден бейнелеу, музыка пәндерін алып тастады. Сонда балаларды робот қылып өсірмекпіз бе? Мейлі математика, гуманитарлық жағынан мықты-мықты мамандар шықсын, бірақ мәдениеттің ішіне барлық өнердің түрі кіреді. Өнерге жақын бала өскенде де еш қиянатқа бармайтын тұлға болып ержетеді» деді өнер деп шырылдап жүрген белгілі суретші.
Пандемия суретшілер шаңырағына да үлкен соққы әкеліпті. Өткен жылы карантин жағдайында одақтың жоспарлаған шаралары мен көрмелері күрт азайған. «Бұрын көрмелерді жиі өткізіп тұратынбыз. Тосыннан келген пандемия біраз әуреге салды. Шығармашылық жандар үшін тоқырау кезеңі болды десем де артық емес. Ал қазір алдағы мереке күндеріне орай біраз көрмелерді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 8 наурыз мерекесіне Назарбаев орталығымен бірлесе отырып «Барлық мәдениеттер мен әлем халқының әйелдер бейнесі» атты көрмеге дайындық үстіндеміз. Суретшілер туындыларын қа­лауынша ұсына алады. Байқасаңыз, әр ұлттың тек әйелдерге ғана тән ұлттық киімдері бар. Біз соны көрсете отырып, әйел затының болмысын, сұлулығын ашпақпыз» деп жоспарларымен бөлісті Өмірәлі Дәуренбекұлы.

Қылқалам шеберлерін жұртшылық біле бермейді

Бейнелеу – ерте кезден ата-бабамыздың қолөнерінен тамыр алған, тарихымызбен біте қайнасқан өнер. Кезінде талантты суретші Әбілхан Қастеевтен «сурет салуды қайдан үйрендің?» дегенде, ол кісі «ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, таудың жотасынан үйрендім» деген екен. Қазір суретшілер қауымы тек ірі мемлекеттік тапсырыстар келгенде ғана ойға алынады. Басқа кезде мемлекет тарапынан суретшілерге қолдау жоқ. Сондықтан да шығар біздің қоғам Қастеевтен басқа суретшіні танымайды. Одан кейін де, оған дейін де тарихымызда дарынды қылқалам шеберлері болған. Бірақ тағы да насихаттың жоқтығынан талай суретшінің есімі көлеңкеде қалып келе жатқаны шындық.
Сурет өнері – қоғамның айнасы. «Ендеше қоғамдағы өзекті мәселелерді қаншалықты бейнелеп жүрсіздер?» деп сұрадық одақ төрағасынан.
– Біз халықты кітап оқымайды, театрға, балетке бармайды, көрме тамашаламайды деп кінәлаймыз. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан әрі тәрбие, талғам ұмыт қалғандықтан ешқайда бармайды. Тапқанын тамағына жеткізе алмай отырған ел көрмеге бара ма? Өркениетті, мәдениетті ұлт боламыз десек, ең бірінші әлеуметтік жағда­йымызды жақсартуымыз керек. Қастеевтен басқа суретшіні халық танымайды. Білсе де 3-4 адамды білер. Қазақстанда мықты суретшілер көп. Тіпті шетелдік суретшілерді жатқа біліп, отандық суретшілерді танымайтындар да бар. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде суретшілерді насихаттауды мықтап қолға алғанда бүгінгі проблемалар болмас еді. Қастеевтен бұрын да патша өкіметі кезінде қазақтан шыққан суретшілер болған. Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің шөбересі Сердалы Бекшорин деген суретші бар. Қазіргі нарық заманында суретші де ақша тауып, отбасын асырауы керек. Амал жоқтан «коммерциялық өнер» деген ұғым пайда болды. Суретшілер шығармашылықпен айналысып, барын салса да, қоғамның ащы шындығын бейнелеген туындыны ешкім қажетсінбей отыр. Сондықтан халыққа ұнайтын суретті салады. Мемлекет тарапынан суретшілерге нақтылы көмек болған емес. Өнер туындыларымен біз қоғамның айнасына айнала аламыз. Ұлттық мұражай қорлары мен музейлерді толықтыру үшін Үкімет суретшілердің туындыларын сатып алса дұрыс болар еді. Бұрын 2008 жылдары бірінші дағдарысқа дейін музейлер одақтан картиналар сатып алатын еді. Қазір бұл үрдіс тоқтаған. Өзім де экологиялық мәселелерді, Арал, Байқоңыр тақырыптарын қозғадым. Бірақ қолдау болмаған соң жалғасын таппады. Соғыстың кезінде де халық суретшілердің туындыларына қарап өмір сүруге ұмтылды емес пе? Суицид, наркомания, аборт, жемқорлық сынды тақырыптар да бейнеленіп жүр. Бұл проблемаларды халық сурет арқылы да көруі керек, – деді Өмірәлі Исмайлов.

Сұрқай тартқан суретшілер үйі

Суретші өмірінің мәнін түсіну үшін оның тілін ұғып, ол бейнелеген, жырлаған әсемдікті сезіну керек шығар. Сана түбіндегі асыл бейнеге, сағым дүниеге қылқалам қуатымен жан бітірген шеберлердің ішінде болмысы бөлек, бәсі биік маман иелері жетерлік. Бірақ олардың әсемдік пен нәзіктіктен тұратын ерекше әлемі мына қоғамнан тысқары жатыр. Қаншама жыл үнсіз жатқан жанартаудың бір сәтте атқылағаны тәрізді Суретшілер одағының төрағасы да шемен боп жатқан шерін ақтарды. «Ғимаратымыздың сыртын көргенде жылайтындай. Іші де оңып тұрған жоқ. Адам қызығарлықтай заманауи дүние таба алмайсыз. Өнер ордасы еңселі болу керек қой. Біздің өзіміздің мүмкіндігіміз жөндеу жүргізуге жетпейді. Суретшілердің ешқайсысы айлық алмайды. Әйтеуір картинасын сатып күн көріп жүр. Қазір қарапайым халық күнкөрісін ойлай ма, сурет алуды ойлай ма? Ешкім өнер туындысын сатып алмайды. Алғысы келсе де, көптің қалтасы көтермейді. Ал төмен бағаға суретші еңбегін сата алмайды. Өйткені оның шеткі багеті, кенебі, тіпті ағашы да қымбат. Ал оларды жасайтын ұстаның еңбегі тағы бар. Қалталы азаматтар мен коллекционерлер қашанғы сурет ала береді?! Кеңес Одағы кезінде суретшілер жақсы, ауқатты тұрды. Сурет өнерін дамыту үшін суретшіге жағдай жасау керек. Шығармашылығына кедергі жасамай, қолдан келгенше көмек көрсетсе ғой. Соңғы кездері карикатура, шарж күрт азайып кетті. Тек Сағи Ахтанов сынды саусақпен санарлық суретшілер ғана айналысып жүр» деп ағынан жарылды Өмірәлі Дәуренбекұлы.
Суретшілер одағы төрағасының айтуынша, Леонардо да Винчидің 500 жыл бұрын салған суреттері әлі сақталып келеді. Әлем бойынша ең қымбатқа 400 млн долларға сатылған туынды да даңқты суретшінікі. Пикассо мен Ван Гогтың да насихаты мықты жүргізілгендіктен туындылары қымбатқа сатылады. Еуропа елдері әлемге әйгілі суретші бізде ғана бар деп жарияға жар салып жүр. Дәл сондай дарынды суретшілер бізде де бар. Бірақ бізде насихат жоқ. Мемлекет өнер адамдарын жоғары көтермесе, отандық суретшілердің салған туындылары шетелдіктерге де керек емес.
«Жақсы суретшіні бірнеше адам ғана түсінеді. Ал ұлы суретшіні түсінетіндер одан аз» депті Пикассо. Суретшілер үйіндегі ұзақ әңгімені оқырман қауымға жеткізетін болып, одақ төрағасымен қоштастым…

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 20 =