Суретіне ғашық болған

0 119

Осыдан екі жыл бұрын елордадағы Ұлттық музейде «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» атты көрмесі өтіп, онда орыс көркем бейнелеу өнерінде айшықты қолтаңбасы қалған қылқалам шеберлерінің жұмысы қо­йылды.Осы бояуы қанық көркемдікке толы туындылар арасынан талантты суретші Татьяна Яблонскаяның үмітке, іңкәрлікке, жасампаз күшке толы «Таңертең» атты картинасын көпшілік қызыға қарап жатты. Кейбір егде тартқан апайлар өздерінің балалық шақтағы бейнесі көз алдарына келгендей күлімсіреп қарады. Мұның себебі де бар. Бұл картина кеңес заманында қолдан-қолға түспеді деседі.
Татьяна Яблонская осы суретті 1949-1955 жылдары Киевте тұрғанда дүние­ге әкелген. Оның бұдан басқа да танымал жұмыс­тары жетеді. Бірақ суретші осы туындысымен жұртшылыққа кеңірек танылды. Картинада таңғы күн шапағына шомылып, нұрға бөленіп тұрған қылқалам шеберінің тұңғыш қызы 13 жастағы Лена бейнеленген. Бұл туынды сол жылдары жарық көрген «Родная речь» мектеп оқулығы мен «Огонек» журналының мұқабасында басылды. Сол сәттен картинаның да атағы кең жайылды. Әрбір үйде ілулі тұрды десе болады.
Енді бір қызығы, осы суреттің Қазақ елімен байланысатын ортақ тарихы бар. Ол қандай дейсіз ғой? Мұрты тебіндеп, енді ғана үлкен өмірге апыл-тапыл қадам басқалы тұрған жас бозбалалардың көңілі, сезімі әр нәрсеге еліккіш келеді емес пе. Кейде олар кинодан көріп, көңілі ұнатқан бір актрисаға сыртынан ғашық болып, суретін жинап жүреді. Енді бірде картинадағы бейнесі ұнаған қызды жақсы көріп, тәп-тәтті сезімді бастан кешіреді. Біздің кейіпкеріміз дәл сондай. «Таңертең» картинасы алматылық Арсен Бейсембиновтің бөлмесінде де ілініп тұрған. Арсен оны күн сайын көріп жүреді, бірте-бірте оған басқаша қарап, оны суреттегі қыздың тазалығы мен ибалылығы ынтықтыра бастайды. Сөйтіп оған деген ғашықтық сезімі оянады. Ақыры, сол қызды қалайда тауып алуды армандайды. Сол арманмен мектеп бітіріп, Мәскеудегі жоғары көркемсурет-өнеркәсіптік училищесіне оқуға түседі. Осы оқу орнында оқып жүргенде өзінің бала күнінен арманы болған ғашығы Ленамен танысады. Елена Сергеевна да ата-анасының жолын қуып, суретшілікті таңдап, осы оқу ордасына құжаттарын тапсырған. Тағдыр деген қызық қой, ақыры екеуі бір топқа түседі. Арсен оған бала күнінен суреттегі бейнесі арқылы ғашық болғандығын айтқанда Еленаның жүзі алабұртып, қатты толқыпты. Алғашқы сабақтан бір партада отырады. Сөйтіп араларындағы достық махаббатқа ұласады. Бірінші курстың соңында Арсен Еленаны Алматыға қыдыртып алып келеді, оған Алатаудың етегіндегі әсем шаһардың көркі мен табиғаты қатты ұнайды. Екі жас қызығы мол студенттік жылдардың соңында шаңырақ көтерді. Оқу бітіргеннен кейін оларды жолдамамен Киевке жібереді. Бірақ олар ол жақта бір жыл ғана тұрып, Алматыға қоныс аударады.
Елордада өткен көрмеге осы картинаның басты ке­йіпкері Елена Бейсембинова да қатысып, онымен бір ауыз тілдесудің сәті түсіп еді.– Осы суретті көрген сайын балалық шағым көз алдыма келіп, ғажайып сезімді бастан кешемін. Сонымен де бұл мен үшін қымбат. Анам айтары жоқ суретші болды. Оның баладай періште пейілі, тазалығы еңбегінен көрініп тұр. Кезінде мыңдаған оқушы оқулықтағы осы суретке қарап шығарма жазды. Оны балам да жазды. Қазір немерелерім жазады. Бұл туындының менің тағдырыма әсері болды. Өзім ойлаған мақсатыма жетіп, көңілім қалаған адаммен бас қостым. Сөйтіп бар өмірім қазақ жерінде өтіп жатыр, – деп еді сонда.
Қазір Елена Бейсембинова Алматыда тұрады. Еліміздегі белгілі қылқалам шеберлерінің бірі, Қазақстан көркемөнер академиясының мүшесі. Балаларға арналған көркем-әдеби кітаптарды безендіруге айтарлықтай үлес қосқан. Жұбайы ­Арсен аға да тамаша суретші бол­ған, арамызда жоқ, 2000 жылы дүниеден озған. Биыл оның туғанына 80 жыл толады. Екі талантты тұлғаның баласы Заңғар да әке-шешесінің жолын қуған дарынды суретші.
***
Бүгінде екі қылқалам шебері тағдырының табысуына себепкер болған «Таңертең» атты қартина суретшілер отбасының қимас қазынасына айналған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 4 =