СУРДОАУДАРМАШЫЛАР ДАЯРЛАНАДЫ

0 138

information_items_23206

Елордада құлағы естімейтін, мүгедек жандардың жағдайларын ескере отырып, Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы оларға халыққа қызмет көрсету орталықтарында сапалы қызмет көрсету, сондай-ақ, мұражайлармен, басқа да мәдени орындарға еркін барып, демалуларына мүмкіндіктер туғызу мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында сурдоаудармашылар даярлау курс­тарын ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Маман» өндірістік-оқу орталығы базасында халыққа қызмет көрсету орталықтарының он алты жартылай жұмыспен қамтылған қызметкері «сурдоаудармашы» мамандығына оқытылып, оларға екі айлық курста саңыраулармен сөйлесу, араласу үшін арнайы іс-қимылдар мен әліппе үйретілді.

Мұнда болашақ аудармашыларға көп жылғы тәжірибесі бар «дефектолог-сурдопедагог» мамандар сабақ жүргізді. Алғашқы топтың сабағы 20 қазанда аяқталады. Одан кейін курсты тәмамдаған он алты қызметкер мемлекеттік үлгідегі куәлік алып, өздерінің бұрынғы жұмыс орындарына қайтып оралады.

Қалада мұндай ым-ишарамен «сөйлесетін» аудармашыларды оқытатын курс бұрын-соңды болған жоқ. Бұл Елбасының тапсырмасына орай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздерін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуі үшін үкіметтің жағдай жасау қамқорлығынан туып отыр.

Келесі топта 11 қарашада мәдениет саласындағы он екі қызметкер сурдоаудармашы мамандығын алады. Олар да қаланың театрларында, мұражайларында, көрмелерінде аталған санаттағы азаматтарға  қызмет етіп, кәсіби мәліметтер береді.

Сағи ОРАЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 3 =