«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сұрақты қарша жаудырды

0 175

Жастар театрында Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Ы.Алтынсарин, Г.Потанин, А.Затаевич, М.Тынышбаев және Біржан сал көшелерінің тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. 

Қаңтардың бет қаратпай тұрған сарышұнақ аязына қарамастан жұртшылық кездесуге көбірек жиналды. Бәрі де өздерін мазалаған сұрақтарды қоюға асықты.Жеңіс даңғылы, 75 бойындағы жатақхана тұрғындары әкімге сұрақтарын қарша  жаудырды.
– Біздің төрт қабатты жатақханада 37 бөлме бар. Оның әрқайсысында кем дегенде 5 адамнан тұрады. Бір қабатта – бір дәретхана, бір ас бөлме. Дәлізі өте тар. Екі адам қатарласып жүре алмаймыз. Өткен жылы электр жүйесінің салдарынан өрт болды. Ғимарат  тозған. Бұл туралы біз әкімдікке жаздық, – деп еді бір тұр­ғын, екіншісі орнынан атып тұрып: «Мысалы, мен 18 ш.м. бөлмеде тұрамын. Бала-шағам бар. Коммуналдық қызметке айына 13 мың теңге төлеймін. Бәрібір бөлмеміз салқын. Ауламыз қоқысқа толы, жауған қар күрелмейді. Осында 20-30 жылдан бері тұрып жатқан  отбасылар бар. Бәрінің де пәтер алуға шамалары жоқ. Біздің жағдайымызға құлақ асатын кісі бар ма?» деп ашынып сөйледі.
Аудан басшысы тұрғындардың сөздерін мұқият тыңдап, өз орынбасарына айтылған мәселелерді реттеуді тапсырды. Ұлы ұстаздың атын иеленген көшенің тұрғыны: «Биыл Алтынсарин көшесіне жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Әрине, оған қуандық. Сол кезде көше атауы жазылған белгі мен түнгі мезгілде жанып тұратын шамдар алынып тасталды.  Осыны қайта қалпына келтір­се дейміз. Содан кейін жеке тұр­ғын үйлер маңайында жау­ған қар тау-тау болып үйіліп қалды. Оны қашан тазалайды» десе, 85 жасқа келген қария №5-6 маршруттағы қоғамдық көліктердің уақыт аралығы тым ұзақ екендігін айтты.
Қысқасы, есептік кездесуде тұрғындар өте белсенділік танытып, аудан әкіміне көп сұрақтар қойды. Өз кезегінде Арман Тұрлыбек оның бәрі назарда болатынын жеткізді.

Азамат ҚҰСАЙЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды