Сұранысқа сай маман болу оңай ма?

0 109

Еліміздегі еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлап беруде оқу орындарының қызметі әлсіз. Жұмыс берушінің талабын ескермей, қатып қалған қалыптан шыға алмау – жоғары білім берудегі басты қателік. Бұл дипломын сандық түбінде сақтап, өзі басқа жерде маңдай терін төгетін шалажансар мамандардың көбеюіне әкеледі. Мектепте кәсіптік бағдардың берілмеуі, ата-ананың не баланың мамандықтар туралы білімі мен еңбек нарығын жете білмеуі де мамандық таңдауда қателікке ұрынуға басты себептер. Ал 28 жастағы кәсіпкер, Daryn.online платформасын құрушылардың бірі Айбек Қуатбайдың айтуынша, ғарыштық жылдамдықпен дамыған бүгінгі дәуірде заманға сай бейімделе білсең, бір дипломмен ғана шектелмей, бойдағы бірнеше қабілетті дамыту арқылы сұранысқа ие маманға айнала аласың.– Айбек, сен орта білім беру саласында 2017 жылдан бастап-ақ онлайн-сабақ беру қызметін бастаған елдегі алғашқы жас кәсіпкерлердің бірісің. Былтыр пандемия басталып, қашықтан оқуға көшкелі бері Қазақстандағы Білім және ғылым министрлігіне көмек ретінде Daryn.online платформасын оқушыларға тегін ұсындың. Өзіңе «Пандемия­ның нәтижесінде миллионер болды» деген жылы сөздер де айтылды. Тың салаларға нар тәуекел деп кірісіп кету және осындай табысқа жету үшін адамға қандай қасиет керек және қандай жолдардан өту қажет?
– Менің бұл істі бастауыма ауылда білікті педагогтардың жетіспеушілігі әсер етті. Жалпы мықты мұғалім ауылда да, қалада да аз. Бірақ ауылға көбірек керек. Өзім 6-сыныпты бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы «Дарын» мектебіне түспеген болсам, бәлкім, болашағыма оң әсер ететін жақсы қабілеттерім ашылмай ауылда қалып қойған болар едім. Daryn.online платформасын жасаудағы мақсатым – ауыл мен қаланың білімін теңестіру, сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Ал былтыр карантин басталған соң мемлекет мектеп оқушыларына қашықтан білім берудің түрлі жолын қарастыра бастады. Сол кезде біз Білім және ғылым министрлігіне платформадағы бүкіл ақылы сабақты тегін береміз деген ұсыныс айттық. Олар Daryn.online-ның мемлекеттік стандарттарға сай келетін-келмейтінін тексеріп көрді де, оң шешім шығарды, бірден оқушыларға ұсынылатын ресурстардың қатарына қосты. Халыққа осылай танылдық, бізге бір жылдың ішінде 2,5 мил­лион адам тіркелді, бұл күтпеген жетістік еді. Осындай табысқа жетудегі басты ерекшелігім, жан-жақты зерделей келе, жылдам шешім қабылдайтыным, сөзден іске тез көшетінім деп ойлаймын. Өзім бала кезден математика пәнін жақсы оқып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың математика және компьютерлік модельдеу факультетін бітірдім. Атақты академик Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті болдым. Ал математикаға жақын болу деген – ол логиканың мықтылығы. Сондықтан бізге шешім қабылдауда сол логикалық ойлау өте көп көмектеседі. Тез ойланып, есептей аламыз. Сонымен қатар адам жетістікке жетуде бір істі қорықпай бастау үшін мида «рамка» болмау керек. Еркін шешім қабылдай алу қажет, ол деген – жауапкершілікті өз мойныңа алу деген сөз.
– Елімізде осындай тағы қандай платформалар бар? Олардан айырмашылығы қандай? Daryn.online – бұл барлық пәннен қосымша білім беру платформасы ма, әлде толықтай мектеп бағдарламасын қамти ма?
– Карантинге дейін олардың саны үшеу болса, қазір жиырма шақты. Негізі, бүгінде нарықты қамтып отырған басты үш жоба бар. Олар – Kundelik.kz, Bilimland.kz, үшіншісі – біз. Біздің ерекшелігіміз – бейімдейтін білім беру, оқыту барысында жарыс­тар, ойындар өткізу арқылы қызықтыру. Сондай-ақ қосымша білім беріп, шетелге оқуға түсуге арналған курстар өткіземіз, музыка, робототехника саласы және мектеп бағдарламасы бо­йынша білімді толық қамтимыз. Шетелде мұндай тәжірибе көп. Платформада 400-ге жуық адам жұмыс істесе, соның ішінде 90 адам бас кеңседе, қалғандары өңірлерде еңбек етеді. Платформа карантинге дейін жасалған, карантин біткеннен кейін де тоқтамайды. Онлайн-білім пайдалы екенін біліп алғандар әрі қарай жалғыстыра берері анық. Жалпы болашақта онлайн-білім мен қызмет түрлері қарқынды дамиды. Өйткені бұл – уақыт пен қаржыны үнемдей отыра сапалы білім алу жолы. Ал бұл тиімділіктер қазіргі на­рық заманының адамына қатты ұнайды.
– Енді басты тақырыпқа көшсек, өткенде бір телеарнадағы сұхбатта «қазір көп компаниялар дипломыңа емес, әрекеттеріңе қарайды» депсің. Бұл біздің елде қаншалықты мүмкін нәрсе?
– Иә, солай дегенім рас. Себебі қазір еліміздегі көптеген жоғары оқу орындарының дипломы мен білім сапасына қатысты күмән көп. Екеуі де атына заты сай болмаған соң дипломға қараудың қажеттілігі аз. Мәселен, шетелдің Кембридж оқу орнының дипломы болса әңгіме басқа. Осыдан келіп бүгінгі жұмыс беруші дипломын ысырып қойып, болашақ қызметкердің ниетіне, құндылықтарына, дағдыларына назар аударуға көшті. Әрекет деген – дағды, бойындағы жақсы дағдыларын дамытып жүрген адам өзінің еңбегін жақсы пұлдай алады. Адам әртүрлі бағытта даму үшін қосымша кітаптар, курстар оқып та жетіле береді. Міне, біз өзіміз де сондай адамдармен жұмыс істейміз, тәрбиелейміз, олардың табысты жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз.
– Алдағы 5-10 жылда жоғары білім беру саласында көп өзгеріс болады депсің. Не өзгеруі мүмкін?
– Тіпті алдағы 2-3 жылдың өзінде көп нәрсе өзгерейін деп тұр. Себебі қазір жұмыс нарығында жұмыс берушілер тарапынан сұраныс көп, бірақ олардың талабына сай келетін жұмысшы аз. Өйткені университеттер нарыққа керек нақты мамандарды дайындаумен айналыспай, өзінің бұрынғы қатып қалған позициясын ұстанып келе жатыр. 4 жыл оқу керек, кеңес өкіметінде сондай болған деп қақиып отыр. Дегенмен де қазір 2-3 жылдық университеттер де көбейе бастады. Колледждердегі оқу мерзімінің өзі ұзақтау. Соның бәрін қысқартқанда ғана пайдалы және тез арада мамандар дайындап шығаруға болады. Болашақта дәрігер мен мұғалімді ғана университетте ұзақ оқитын етіп қалдырып, қалған мамандықтарды аз уақытта дайындау керек. Біз ғана емес, қазір бүкіл әлем соған келе жатыр. Googlе, Microsoft сияқты ірі компаниялар өз ішінде шағын университеттер ашып, адамдарды тек 3-6 ай оқытып, сертификат беріп жұмысқа ала беретін болған.
– Білім жүйесі мен еңбек нарығын құраушылар туралы да ойларыңды естідік. Олар кімдер?
– Білім саласы мен еңбек нарығын құрушылардың саны – төртеу, олар – жұмыс берушілер, ата-аналар мен балалар, оқу орындары және министрліктер. Өкінішке қарай, соның ішінде тек жұмыс берушілер ғана нарыққа сай бейімделіп отыр. Себебі олар жұмысқа мықты маман алғысы келеді, жоғарыда айтқандай, дипломына қарамай, адамның өз құндылықтарына қарай қызметке қабылдауға әзір. Қалған үшеуі өзгеріске дайын емес. Университеттер дрондарды басқару деген болашақтың мамандығын үйретпек түгіл, нарыққа бірнеше жыл бұрын кірген ақпараттық технологиялар саласына мамандар даярлау ісін алып кете алмай тұр. Ал Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері оқу орындарының өзгеруіне іс-әрекет жасап отырған жоқ. Ата-аналар да балаларын нарықты зерттеп немесе баланың икеміне қарай емес, жағдайына, тұратын жеріне қарай мамандық таңдауға мәжбүрлейді.
– Көп оқушылар 11-сынып­қа келгенше кім болатынын таңдай алмай басы қатады. Бұған не себеп? Сонда бала кезден арман-мақсаты болмағаны ма? Әлде мектептегі білім мен тәрбие сапасы нашарлығынан ба?
– Мен оқыған қай мектепте де психолог кабинетінің бір ашық тұрғанын көрмеппін. Үнемі есігі тарс жабық тұрады. Негізі, солардың жұмысын жандандыру керек. Балалардың жеке қабілеттеріне қарай бағыт-бағдар беретін бір адам керек. Ауылда мамандықтар туралы ақпарат беру жетіспейді. Жалпы баланың мамандық таңдауына 50 пайыз ортасы, достары, ата-анасы ықпал етеді. Қалған 50 пайызын мектебі, баланың ізденісі және психолог, кәсіби бағдарлаушылардың ықпалы құрайды. Бірақ бізде осы екі елудің бастапқысы басым түсіп отыр, негізі, мектебі мен өзі және кәсіби бағдар беру жағы көбірек болса, бала мамандық таңдаудан жаңылыспайтын еді.
– Өзің айтпақшы, икемді болу дегеніміз бірнеше мамандықты игеру ме? Бұл әр нәрсенің басын бір шалып, бірақ біреуін де терең білмейтін шалалыққа әкелмей ме?
– Икемді деген сөз – өзіңе ұнаған жолыңды табуға бейім болу. Мәселен, біреулер ұнамаса да бір жұмыста 40 жыл бойы істеп жүре береді. Бірақ оны қаншалықты жақсы атқара алады, күмәнді. Егер жаныңызға жақпаса қосымша дағдыларыңды дамытып, ұнайтын, қолыңнан жақсы келетін салаға ауысу, өзіңді табу керек. Ол үшін әр істі бір шалып көру міндетті емес, істеп көрмей-ақ сезіне білуге болады. Қазір 2-3 мамандықты игеру таңсық болмай барады. Мұны менің өмірлік жолымдағы керекті дағдылар деп түсіну қажет.
– Кәсіптік бағдар беру үшін мектепте арнайы пән ашу керек деп санайсың ба?
– Жоқ, оның қажеті жоқ. Мектепке мықты психолог немесе кәсіптік бағдар беруші маман керек. Болмаса сол екеуін де меңгерген бір адам болса жарайды. Ол қызметкердің кабинеті үнемі ашық, әдемі болу керек. Ішінде үлкен теледидар, әр мамандықты түсіндіретін бейнежазбалар, кітаптар болғаны жөн. Ол орын оқушылардың жақсы көретін жеріне айналу керек. Есігін қаққан әр оқушы көкейдегі кез келген сұрағына жауап алатындай болуы тиіс. Қазақстанда 7 мыңдай мектеп болса, соның 10 пайызында ғана психологтар бар шығар. Қалғандарында аты бар да, заты жоқ.
– Бір сөзіңде мектептегі екі пән – ағылшын және информатика пәндерін оқыту пайдасын бермей отыр депсің. Керісінше, қазір ең керектісі осы пәндер емес пе?
– Негізі, екеуі де өте керек пәндер ғой. Бірақ бізде мектептердегі информатика мен ағылшын тілі тиісті стандарттарға сай оқытылмайды. Себебі 4-сынып оқушылары код жазып, компьютерлік бағдарлама жасап жатса, мектепте осы жаста оларға информатикадан тышқан мен пернетақтаның не екенін түсіндіріп, босқа уақытты алады. IT сағат сайын дамып, өзгеріп жатқанына қарамастан, біздегі информатика бағдарламасы 3-4 жылда бір-ақ рет жаңарады. Ана жақта Илон Маск Марсқа ұшуды ойлап жатса, қазақтар 15 жыл бұрын қолданылған Turbo Pascal-ді қызық па, қызық емес пе деп әлемдегі дамуға қарамай оқыта береді. Қазақтар – дүние жүзінде ағылшын тілін ең көп оқитын ұлттардың бірі. 1-сыныптан бастап 4 курсты бітіргенше оқиды, бірақ бәрібір ағылшынша білмей кетеді. Себебі стандарт дұрыс емес. Сол себепті осы екі сабақты және оқушыға қызық болсын деп әрі олардың дүниетанымын кеңейту үшін астрономияны өз бетімізше дайындап, онлайн-сабақтарымызда ұсындық.
– Қазір жастар 10 шақты мамандықты ғана біледі, түрлі кәсіптер туралы ақпарат жетіспейді дейді. Осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?
– Біріншіден, өздеріңіз секілді газет-журналдар, телеарналар, сайттар әнші, актерлерден басқа бұл өмірде нақты салалар мамандықтары бар екенін жеткізе білуі керек. Сан алуан кәсіптер туралы арнайы айдар ашып, солардың жетістіктерін, еңбек озаттарын насихаттасаңыздар. БҒМ тапсырысымен мамандықтарды көрсететін бағдарламаларды көбейту қажет. Мысалы, кадастр деген қандай мамандық? Сол туралы күніне жарты немесе бір сағат хабар таратса, газеттер мен журналдар жазса, әлеуметтік желілерде соны бөліссек, біртіндеп жастардың көзі ашылады. Сосын барлық мектептерге «Қазіргі заман мамандықтары» деген каталог-журнал таратылса, әрбір мектепке теледидар қойылып, сол жерде мамандықтар туралы бейнероликтер көрсетілсе, көп көмегі тиер еді. Психологтар кеңінен түсіндірсе, жастардың таңдауы дұрысталып, мамандық табудағы кемшіліктер біртіндеп жойылары анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − eleven =