Сұранысқа ие маманның мерейі үстем

0 18

Қазтұтынуодағының жоғарғы сауда-экономикалық колледжінде «Кәсіби құзыреттілік – заманауи маманның жүйелі қалыптасқан сапасы» атты тақырыпта дөңгелек үстел мәжілісі өтті.Жиынға Парламент Сенатының депутаттары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Кәсіпқор холдингі» ҚЕАҚ-тың жауапты мамандары мен колледждің әлеуметтік серіктестіктері: «Беркат» консорциумы, «КеңМарт» ЖШС, «Центр­софт» компаниясы, «1С-Батыр» ЖШС және т. б. кәсіп­орын өкілдері қатысты. Мәжілісте дуальды оқытуда колледж әлеуметтік серіктес­тіктерімен бірлесе отырып, студенттерді қазіргі заман талабына лайықталған маман ретінде даярлау мәселесі сөз болды.
Алдымен қонақтарға оқу ордасындағы жаңаша өзгерістер жайында бейнебаян көрсетілді. Одан кейін «Маркетинг», «Есеп және аудит» мамандығының 3-курс студенттері Юлия Сергеева мен Вероника Помосова өндірістік оқыту үрдісіндегі тәжірибелерін таныстырды. Былтыр колледждің «Есеп және аудит» мамандығын тәмамдаған Диас Сағым­баев сапалы білім берген оқу ордасы мен оның әлеуметтік серіктестігі – «1С-Батыр» ЖШС басшылығына алғысын білдірді.
Жоғарғы сауда-экономикалық колледжінде ­дуальды оқыту жақсы жолға қо­йылған. Мәселен, «Маркетинг», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары толықтай дуальды оқытуға көшкен. Мұнда оқу бағдарламасы жұмыс берушімен бірлесіп жүргізіледі. Соған лайықты құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген оқыту лабораториясы жұмыс істейді. Студенттер оқу үрдісінің көп бөлігін осында өткізеді. Қазақша айтқанда, төрт құбыласы түгел бұл лабораторияны жасауға Парламент Сенатының депутаты Рашит Әкімов, «Родина», «Агрофирма» ЖШС бас директоры Иван Сауэр, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақов бастаған азаматтар қолдау көрсеткен.
Жиын барысында Сенат депутаттары Рашит Әкімов пен Нұртөре Жүсіп бүгінгі уақыт бедеріндегі білікті маманның рөлі мен орны жа­йында ұлағатты сөз өрбітті.
Іс-шараны жүргізіп отыр­ған колледж директоры Мыр­забек Күжімов өз сөзінде білікті маман даярлау тек білім мекемесіне ғана қатыс­ты еместігін жеткізді.
– Шынында да, ондай біліктілікті оқу ордасы жал­ғыз бере алмайды. Сондық­тан кәсіби маманды жұмыс берушімен бірге даярлауды уақыт талап етіп отыр. Біз қазір әлеуметтік серіктестіктермен жүйелі жұмыс істеп отырмыз. Бұған келгенде ­дуальды оқытудың берері мол екендігін түсіндік. Біздің 70 пайызға жуық студенттер өз мамандықтарының қыр-
сырын жұмыс берушілерге барып үйренеді. Онда оларды тәжірибелі тәлімгерлер үйретеді. Бұл – үлгілі үрдіс. Соңғы екі-үш жылда жақсы нәтижесін берді. Бір жағынан жұмыс берушілер де білім ордасына көңіл бөле бастады. Сонымен бірге өз түлектерімізге жеке кәсіпкерлікті үйретуді қолға алдық. Мәселен, ол ертең оқу бітіргеннен кейін жеке кәсіп ашқысы келеді, ол үшін не істеу керек? Кәсіпкер болам дегенге бір мамандықты игеру аз. Ол алдымен есеп-қисапты жақсы білгені жөн. Сол үшін шәкірттерімізге «1С» бағдарламасын оқытып жатырмыз. Қазір бізді бітірген балалардың кейбіреуі жеке кәсіп ашып, шаруаларын ұршықтай дөңгелетіп әкетті. Сондықтан оқу ордасы мен жұмыс беруші бірлесіп жұмыс істесе, біраз шаруа алға басады, – деді Мырзабек Төребекұлы.
Сонымен қатар оқу ордасының әлеуметтік серіктес­тіктерінен келген өкілдер де сөз алып, жастарға іс барысындағы тәжірибе мен біліктілік жайында пайымды пікірлерін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды