«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сұранысқа ие маман жұмыссыз қалмайды

0 296

Бүгінгі уақыт білім саласына жаңа міндеттер жүктеді. Бұрынғы үрдіспен жүрсеңіз көш соңында қаласыз. Білікті маманға деген сұраныс та күшейді. Бәсекелестіктің де бәсі қызды. Осы ретте қаладағы Қазтұтыну одағы сауда-экономикалық колледжінің маман даярлаудағы жаңашыл қадамдары қуантады. Біз аталған оқу орнының директоры Мырзабек КҮЖІМОВ
мырзамен осы тақырыпта сөз өрбіткен едік.

ДУАЛЬДІ ОҚЫТУДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ

– Мырзабек Төребек­ұлы, өзіңіз басқарып отырған оқу ордасында білім саласындағы жобалар игілікті жемісін бере бастапты. Осыны таратып айтсаңыз…
– Рақмет! Соңғы жылдары еліміздегі білім саласы соны серпін алды. Әсіресе, дуальді оқыту жүйесі тың өрістерге жол ашты. Бұл әдістеме осыдан он жыл бұрын Елбасының қолдауымен басталды. Президенттің өзі отандық компанияларды жаңа білім беру жүйесіне атсалысуға шақырды. Бұл жоба Германия, Ұлыбритания, АҚШ және Оңтүстік Кореяда табысты жүзеге асқан. Дуальді оқытудың артықшылықтары мол. Біріншіден, түлектер жұмыс берушінің талаптарына толық жауап береді. Қызметке тез орналасады. Оқыту өндіріспен жымдасып өрілген.
Бірақ бұл жоба бірден іске аса қойған жоқ. Әуел­де ептеп жатырқадық. Оқытушылардың кәсіп­орын иелерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайындығы болмады. Мұғалімдер теорияны жетік білгенімен, іс жүзінде оны көрсете алмады. Сондықтан ескі ұғымды өзгерту қажеттілігі туды. Теория мен тәжірибені жақсы білетін маманды жұмысқа алдық. Өйткені өтірік оқытып, балалардың обалына қалғымыз келмеді. Қазір оқу бағдарламасын елу пайызға дейін жұмыс берушілермен бірігіп жасаймыз.
– Қанша жұмыс беруші компаниямен байланыс­тарыңыз бар?
– Нақтырақ айтқанда, он беске жуық кәсіпорынмен қоян-қолтық жұмыс істейміз.
– Қазір колледждерде екі деңгейлі оқыту бағ­дарламасы енген. Бұл қа­лай жүргізілуде?
– Біз бұл бағдарламаны былтыр енгіздік. «Маркетинг», «Есеп және аудит», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығында оқып жатқан студенттер алдымен жұмысшы біліктілігін игереді.
– Қызық екен. Сонда қа­лай? Мен түсінбей тұр­мын.
– Мысалы, «Маркетинг» мамандығында оқитын жас алдымен «Бақылау­шы кассир», «Азық-түлік тауарларының сатушысы» деген жұмысшы бі­ліктілігін меңгеру қажет. Сосын барып үшінші деңгейге өтеді. Бұл – өте дұрыс әдіс. Оқу бітіргенде жас маман өз кәсібін толық біліп шығады. Биыл Білім және ғылым министрлігі эксперимент ретінде «Маркетинг» пен «Есеп және аудит» мамандығына бакалавр жобасын енгізді. Бұған елордадан бізбен бірге тағы бір колледж ие болды.

БІЛІКТІ БУХГАЛТЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

– Жұмыс берушілер сіздерге білім жағынан ғана емес, материалдық та қолдау көрсете ме?
– Биыл «Маркетинг» пен «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы толықтай дуальді оқытуға көшті. «Тамақтандыруды ұйымдастыру» маманды­ғына бұл жүйе енгізілген. Мұнда оқу бағдарламасы жұмыс берушімен бірлесіп жүргізіледі. Алдымен мынаған тоқталайық. Мемлекет жұмысшы мамандықты игерем деушілерге тегін оқыту үшін қаржы бөледі. Ал ол бағдарламаға қатысуға оқу орнының материалдық базасы болу керек деген талап бар. Қысқасы, оқыту зертханасы қажет. Аталған бағдарламаға бағымызды сынап көргіміз келді. Сондықтан зертхана ашуды қолға алдық. Осы жобаны бизнестегі әріптестеріме айттым. Олар мені бірауыздан қолдады. Сөйтіп, Парламент Сенатының депутаты Рәшит Әкімов, «Родина» агрофирмасы ЖШС бас директоры Иван Сауэр, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақов, «Беркат» консорциумы басқарма төрағасының орынбасары Салман Хамхоев, «Mon Amie» парфюмерлі-косметикалық дүкендер желісінің басшысы Ербол Боранбаев бастаған азаматтар «Тамақтандыруды ұйымдас­тыру» мамандығына тамаша зертхана ашып берді. Қазір толықтай оқу үдерісі осы жерде өтеді.
– Нәтижесі қалай болды?
– Өте жақсы. Қазір бұл мамандыққа сұраныс өсті. Былтыр осыған қалалық әкімдіктен мемлекеттік тапсырыс алдық. «Беркат» компаниясы түлектерді қолды аяққа тигізбей жұмысқа қабылдап жатыр.
Сонымен қатар, маркетинг біліктілігі бойынша «Мерчендайзинг» деген жаңа мамандық ашылды. Бұл мамандықты қалада бізден басқа ешкім дайындамайды. Оны ашуға «КеңМарт» компаниясы ықыластық танытты. Олар осы салада білім алып жатқан студенттерге заман талабына лайықталған зертхана ашты. Кәдімгі шағын сауда маркетінің макетін жасады. Кассалық аппарат қойды. Сауда желісінде қандай процесс жүреді, соның бәрі көрсетіледі. Осының нәтижесінде қалалық комиссия бізге мемлекеттік тапсырыс бойынша 275 орын берді. Мұның бәрі жұмыс берушілердің материалдық қолдауының арқасында іске асты.
– Кейде көпшілік «қазір таяқ лақтырсаңыз, экономист пен бухгалтерге тиеді» деп әзілдейді. Бірақ осы бағыттағы мамандарды қалай дайындап жатырсыздар?
– Бұл – қоғамда қалып­тасқан теріс түсінік. Қазір бас шаһарда білікті бухгалтер жетіспейді. Өйт­кені қашанда сауатты маман қат. Біз бұл салада студенттерді тағы да жұмыс берушілермен бірге әзірлейміз. Үшінші курста осы мамандықта оқып жатқан студенттер өз атынан «ЖК» ашады. Оны ашудан бастап жабуға дейінгі процесті көздерімен көреді. Өзде­рінің дүкені бар. Содан тауар сатып алады. Оның бағасын қояды. Салық құрылымымен танысады. Қызметкерлерге айлығын төлейді. Қысқасы, оқу тео­риясы тәжірибе жүзінде іске асады. Түлектер «1С: сауда» бағдарламасында жұмыс істейді. Былтыр бір студентіміз осы бағдарлама бойынша республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Биыл осы бағдарламаны шығарған ресейлік компания бізден кафедра ашты. Оқу үрдісі одан әрі жандана түсті. Бізді бітірген түлектердің бәрі экономист болады деп айта алмаймыз. Ол ертең жеке кәсіпкерлікпен айналысуы мүмкін. Сондықтан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қарымды қызметкерлері студенттерге бизнес-жоспар құруды үйретіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруді оқыта бастады. Бір сөзбен айтқанда, басты талап – сұранысқа ие маман да­йындау.

ОҚЫТУШЫЛАРЫМА КӨҢІЛІМ ТОЛАДЫ

– Көп дүние оқытушылардың білім сапасына да байланысты. Бұл жағынан қандай мәселелер бар?
– Шындығында, жоспарымыз тастай болғаны­мен, мұғалімдердің біліктілігі кем болса, онда жетістікке жету қиын. Қазір оқытушыларыма көңілім то­­лады. Олар жұмыс беру­шілермен тығыз байланыс жасайды. Жаңашыл идея­мен жарақтанған жас магис­транттар еңбек етеді. Бізде оқу жүйесі толық автоматтандырылған. Қа­ғазбастылық мәселесі азайды. Реті келгенде, бір проблеманы айтсам деймін. Мысалы, мемлекеттік колледждердің оқытушылары кәсіптік біліктілік курстарын тегін пайдаланады. Жекеменшік оқу орындарына ол ақылы. Біз ұстаздардың біліктілігін арттыруға ақша төлейміз. Бірақ мақсатымыз бір. Сондықтан жекеменшік оқу орындарындағы ұстаздарға да біліктілік көтеруді ақысыз қылса деймін. Сондай-ақ, біздің түлектер жүз пайыз жатақханамен қамтылған. Тәрбиелік шараларға көп көңіл бөлеміз. Колледж жанынан «Мирас» студент­тік театры құрылған. Оқу ордасында халыққа танымал азаматтардан жастар тағылымды сабақ алсын деп жиі кездесулер ұйымдастырамыз.
– Биыл қанша мамандыққа талапкер қабылдайсыздар?
– Біз қазір талапкерлерді сегіз мамандық бойынша қабылдаймыз. Бұлардың бәрі де жоғары сұранысқа ие. Мысалы, бізде «Аударма ісі» деген мамандық бар. Мұнда білім алған жас үш тілді біліп шығады. «Маркетинг» мамандығына ағылшын тілін енгіздік. Мұны бітірген түлектер болашақта сауда саласында жұмыс істейді. Сондықтан шет тілді білген дұрыс. Негізі, біз жекеменшік оқу орнымыз. Бірақ мемлекеттік грантты екі бағдарламамен пайдаланамыз. Біріншісі – республикалық, екіншісі – жергілікті бюджеттен. Бұ жағынан артық проблема жоқ. Қабылдау комиссиясы 28 тамызға дейін жұмыс істейді. Кейбір мамандықтар бойынша конкурс болуы да мүмкін. Жалпы, колледжде 750 студент оқиды. Сабақ қазақ және орыс тілінде өтеді. Бізді бітіргендердің 80 пайызы жұмысқа орналасады.
– Егер коммерциялық құпия болмаса, студент ақылы оқуға қанша тө­лейді?
– Бір жылға – 195 мың теңге.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды