©2020 Астана Ақшамы
СУПЕР АНАЛАР САЙЫСЫ
№30 «Қайнар» балабақшасының жанындағы шағын орталықта «Супер ана» байқауы өз мәресіне жетті.
Жеті топтың атынан сайысқа түскен аналар тек жұмыста емес, шаңырағында да шаруаға епті, бала тәрбиесіне баса мән беретіндіктерін, өнерден де құралақан еместігін көрсете білді.
Аналар алдымен өзін, отбасы мүшелерін таныстырды. Таныстыруды бірі қара өлеңмен, бірі әуенмен келтірді. Техниканың соңғы жетістігін пайдаланып, слайд көрсетілімін ұсынғандар да болды.
Ас үй шаруасына ептілігін көрсететін «Дастархан» сайысында «Достық» тобының тәрбиеленушісі Данияр Жақанұлының анасы Жанар Супбекова ерекше көзге түсті. Оның қазылар алқасының алдына жайған қазақы бай дастарханы көпшілікті тәнті етті.
Сұрақ-жауап тартысында да аналар сүрінген жоқ. Бойындағы әртістік шеберліктері арқылы күнделікті өмірдің түрлі ситуациялық жағдайына кезіккенде өзін қалай ұстайтынын көрсетіп берді.
Сән үлгісі сайысында «Ақбота» тобының атынан қатысқан ана – Жансұлу Сатыбалдықызы кәдімгі целлофан қапшықтан тіккен көйлегі жиналғандарды таң қалдырды. Ал, өнерлілер байқауында «Астана ақшамы» газетінің қызметкері Айнұр Қарамендиеваның қазақ эстрада әншілері Мақпал Жүнісова, Жанар Айжанова, Меруерт Түсіпбаеваға жасаған пародиясы төрешілер тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Сайыс қорытындысы бойынша, ең жоғары ұпай жинаған «Шаттық» тобының тәрбиеленушісі Әсемай Аманғұлдың анасы Айнұр Қарамендиева «Супер ана» номинациясын жеңіп алды.
Қызғалдақ ҚЫДЫРБЕК,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенті