СҰЛУ СӨЗДІҢ СҮЛЕЙІ – СӘКЕН СЕРІ

0 734

IMG_9530Ақан серінің көркем бейнесін жасап, сол арқылы Қазақ елінің үлкен трагедиясын­ көрсете білген қаламгер, Халық жазушысы,­ Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісов арамызда­ болғанда, ертең сексен жасқа толар еді. Қазақ даласына­ есімі аңыз болып тараған Ақан серіні әнші, ақын ғана емес, қазақ қамын ойлаған күрескер ретінде танытқан суреткер де көзі тірісінде-ақ «сері» атанды.­ Классик жазушы Ғабит Мүсірепов таңған айдарға Сәкен қай жағынан да лайық еді-ау дейді замандастары.
Мерейтойға орай жазушының қарындасы Роза Жүніспен жүздесіп, әңгіме тиегін ағытқан едік. Ол ағасы жайында біраз сырға қанықтырды…

 

 

CҮБЕЛІ СӨЗ

Мінезіне жеңдірмейтін өнер иесі аз. Сезімнің жетегіне еріп кетпесең – шынайы шығарма да туа қоймайды. Бірақ, сері Сәкеннің мінезінде әлеуметтік астар бар. Ол тар қыспаққа тығылған қақпайлы заманның тұсында да өктем биліктің, аса сақ әрі кіді, секемшіл және сыбырлағыш, сырты сырбаз, іші кекшіл «сұр шекпенділердің» сесінен именбей, еркін жүрді. Ол өзінің пікірін мінбеде қалай арқаланып айтса, өмірде де солай арқаланып жүрді. Бас асаулығынан өнерін де сақтап қалды.

Сырбай МӘУЛЕНОВ

Сәкен творчествосының халықтығы, ұлттық өнерге, салт-дәстүрге, елге, жерге деген махаббаты негізгі үш күрделі туындысы – «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» романдары мен «Аманай мен Заманай» атты повесінде қадари-хал түйінделеді. Осы үш шығарманың үшеуінде де – асты-үсті келіп қақырап қалған дала қасіреті, өнер үшін опық жеген дарын иесінің қайғы-наласы немесе туған жерді аңсаумен өткен сонау қазақ диаспорасының шер-мұңы – баршасында ұлтымыздың бүгінгі бары-жоғымызды есепке ала бастаған үш бірдей күрделі мәселесі тұр.

Рамазан ТОҚТАРОВ

Сәкенмен ұшыраса қалғандардың алғашқы сұрары «Осы ағамызды тентектеу деседі, ұнатпағандарын ұрып жығып жүре береді, сендер қалай шыдап жүрсіңдер» болып келеді. Бұл Сәкеннің жан дүниесіне бойлап бармай, мінезіне қанықпай, беттен қалқи сөйлейтіндердің пікірі болса керек. Өз басым Сәкенмен талай творчестволық сапарларда бірге жүріп, оқшау мінезін көргенім жоқ. Қисая, сыңар езулей тартатындарға можантопай өзіміз де тарс кетеміз. Ендеше Сәкеннің мінезі тасырлы тентек емес, ақылды, текті тентек.

Төлеген ҚАЖЫБАЕВ

Сәкен драматургиясында артистизм элементтері басым болып жатады. Ол оның – жазушының жеке басынан, болмыс бітімінен туындайтын қасиет. Қаламгер табиғаты – тұнған драма іспетті. Туа бітті осындай табиғи қасиеттің күшінен де ол қалам, қағаз «сырқатына» ұшыраған шығармашылық тұлға. Сөз жоқ, ол – қалам ұстамаған жағдайдың өзінде не артист, не режиссер, не әнші болары басы ашық құбылыс.

Әшірбек СЫҒАЙ

«Сәкен Сері – Ел жайында
Ел – Сәкен Сері жайында» кітабынан алынған

 

Сәкенмен сахнада «таныстым»

Сәкен Жүнісов – әдебиетке өткен ғасырдың екінші жартысында келген өте ірі тұлға. Алғашқы ірі шығармасы – «Жапандағы жалғыз үй» жарыққа шыққанда, ауылда жүрген бозбала едік. Ол осы романымен-ақ қазақ әдебиетіне кемел жазушының келгендігін сездірді. Мұнда жазушы сол кездегі ұлттың тағдырын, солтүстік өңірдегі тілдің, дәстүрдің жойыла бастағанын, отарлау саясатының астарын шебер көрсете білген.

«Ақан сері» диологиясы да Абылай мен Кенесарыдан кейінгі үлкен заманды суреттеген. Драматургияда да Сәкен қарымдылығын байқатты. «Ажал мен Ажарын» біздің Шұбартау ауданындағы халық театры қойған. Мектепті жаңа бітірген бозбала едік, қойы­лым­да Ажардың ұлының рөлін сомдап едім. Менің Сәкенмен «таныс­тығым» осылай басталды.

Кейін Алматыға бардық, іні болып соңына еріп жүрдік… Оның Ленин туралы да шығармасы бар еді. Бірақ, ол негізінен өз заманының, туған халқының суреткері бола білді. Көкшедегі қайшылықтар, репрессия тұсындағы елдің қасіреті Сәкеннің қаламының ізінен табылды. Өйткені, ол Біржан сал, Ақан серілерді дүниеге әкелген топырақтың нәрін алған, көргені мол жан. Айтарын бүкпеген, көкірегін ешкімге бастырмаған өткір жазушы еді.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы

Ұшынан қаламыңның от ұшқындап…

Сәкен тың өлкесінің тағдырын, туған халқының құндылығын жете түсінген. Түсініп қана қоймай, «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» шығармаларында терең суреттей білді. Жазушының ізі драматургияда да сайрап жатыр.

Сәкен серімен жақсы сыйласқан, қарымқатынаста болғандардың бірі мен едім. Алпыс, жетпіс жас мерейтойларында халық әндерін шырқағаным есімде. Халық көп жиылған сол тойда мына өлеңімді де оқып едім:

Беу, Сәкен, суреттеген керзаманды,

Шер аққан көрдің талай шырғалаңды.

Ұшынан қаламыңның от ұшқындап,

Тірілттің бер заман мен ар заманды.

Бұлқынып арыстандай шынжыр үзген,

Қайткенде кеңейтем деп тар заманды.

Қайда да туған елдің сөзін сөйлеп,

Аузыңа қарата бер бар ғаламды

 Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, драматург, жазушы

 

Ерек мінез иесі еді

Мен Сәкеннің жанында біраз жүрдім. Іні деп, сөзін, ойын түсінеді деп бағалаған шығар, әйтеуір жанына ертіп жүретін. Азаматтығына, мәрттігіне риза болып, мынадай өлең де шығарып едім:

Мінезі бар ерекше, елден ерек,

Керек пе, аспаныңды тұрар демеп.

Сәкен құсап шарт сына алмаған соң,

Қалтқұлт еткен тірлігің кімге керек?!

Шындығында, ол көкейіндегісін тік айтатын, әділетсіздікке төз­бейтін, сондықтан, оны жұрт сый­лай­тын. Және Сәкеңнің сол­ мі­не­зінен сескенетін талай адам. Жазу­шы­лардың мінезі шығар­ма­шы­лы­ғынан танылып жатады. Сәкеннің де роман-повестерін оқысаңыз, өзі сияқты шиыршық атып тұрады. Тіпті, кейіпкерлерімен бірігіп кеткендей күйге енесіз.

Әрине, қазақта Сәкен Жүнісов сияқты жазушылар аз емес. Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза секілді тұстастарының қайқайсы да қабырғалы, мінезді қаламгерлер. Осылардың әрқай­сы­сының оқырман көңіліне ұялаған бір-бір қасиеті бар. Бірақ осындай қайсар жазушыларды жіпке тізіп айта алмаймыз. Елдің мұңын шегуден, шындықтан тайсалмайтын азаматтар көп емес. Бұлар – бір шоғыр, көш басында – Сәкен ағамыз.

Сәкенді әлі зерттемей жүрміз. Драмасы бір төбе, «Ақан серісі» бір төбе оның. «Жапандағы жалғыз үй» романына да терең бойлағанымыз жоқ. Бұл – қазақ даласында тың игеруге қарсы жазылған алғашқы көлемді проза болатын. Біз осындай үлкен астарлап ой айта алған, халықтың белгілі бір кезеңдегі трагедиясын аша білген жазушыларға қайта оралуымыз керек. Олардың шығармаларын тағы бір зерделеп, толып жатқан қыртысты идеяларын алып, қажетімізге жаратқан жөн. Осы тұрғыдан алғанда, Сәкен – Қашағандағы әлі игерілмей жатқан мұнай көздері сияқты керемет рухани байлығымыз.

 

Алдан Смайыл, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Мені көп еркелетті

Мен Сәкеннен кейін туып, ертерек өмірден озып кеткен Болат пен Маралдан соң дүниеге келіппін. Ананы ұлынан, әйелді жарынан айырған сұм заманның, соғыстың уағы ғой. Әкеміз Нұрмақтың үш бірдей бауыры – Аймағанбет, Әсен Жүнісовтер мен атамыз бауы­ры­на басқан Қабыл Қасенов сол майдан даласынан қайтпапты. Сондықтан, соғыстан зардап шеккен отбасылардың бірі едік біз. Бала­лық шағымызда халықтың тек жыла­ға­нын көрдік, қаралы хаттың қасіретін, тойдан гөрі қайғыны көбірек сезіндік. Мұның бәрі біздің замандастарымызды ерте есейтті. Біздің буын өмірді өз жасынан ерте түсініп қойған.

Әкеміз өмірін білім саласына­ ар­на­ған. Мек­теп директоры, оқу-ағар­ту бө­лі­мінің меңгерушісі қыз­мет­терін атқарды. Анамыз Мағри­па­ның әншілік өнері бар еді. Қоғам­дық жұмыстарға да белсене арала­са­тын.

Ерте қайтқан екі ағамнан соң ту­ған­нан кейін болар, екі үйдің – өз отбасымның және нағашы­ла­рым­ның­ мейірімін қатар көрдім. Сәкен ағама көп еркелеуші едім.

Шешемнің етегіне жармасып, шаруасына жағаласа берсем керек, ағам бірде мені нағашымның үйіне жетектеп апарып тастады. Жылап-еңіреп қайта келем, қайта апарып тастайды… Екінің бірінде бола бермейтін велосипедімен жиі қыдыртатын еді. Бұл – Сәкен екеуміздің балалық шағымыздан санамда қалып қойған көріністер.

  

Ағамның алғашқы есімі Нығмет еді

Анамыз екі қыз туғаннан кейін әкеміз ұлды көбірек аңсайтын көрі­неді. Сәкенге де аяғы ауыр кезде көрші-қолаң, ағайын қыз бала босанар деп жорамалдаған. Алайда, анамыз шекесі торсықтай ұл табады. Ауыл ішінің тұрмысы ол кезде жаман емес, соғыстың алды ғой. Оның үстіне, Нұрмақтың әулетіндегі тұң­ғыш тізгінұстар Сәкен болу керек. Ұланасыр шілдехана болып, халық ағамның есімін қоюға асығады.

…Осы тұста мына әңгімені айта кетейін, Көкше өңірінде Сағы­най­ деген үлкен молда өткен. Көне­көз­дер ол кісіні әлі күнге ауыздарынан тас­та­майды. Аяғы ауыр анамызды әжеміз Сағынайға алып барған екен бірде жетектеп. Аузы дуалы ақсақал салған жерден «Ер бала көрейін деп отыр екенсің. Бұл тегін бала емес, талайды аузына қаратқан азамат немесе ұшқан құс пен жүгірген аңның тілін білетін ғалым болар. Ныспысын Нығмет қой» депті. Алайда, әкем де, шешем де – коммунист. Сағы­най­дан гөрі, шілдеге жиылған халықтың сөзін дұрыс деп тапқан. …Сәкен Сейфуллиннің тұлғасы да, туындысы да дүрілдеп тұр­ған­ кезі. Тойдағы көпшілік түрлі ұсы­ныс­тар­дан соң, ақын болсын, ғалым болсын деген ниетпен Сәкеннің есіміне тоқталады.

  

  

IMG_9670 IMG_9504

Сегізінші сыныпта маған сабақ берген

Әкеміз Нұрмақ өңірдегі Ұялы, Қызылту, Кішкенекөл, Чапай сынды бірнеше ауылда мектеп салдырған, жанынан интернат үйле­рін ашуға ұйтқы болған. Талай жетім­ді сол интернатқа жатқызып, киім-кешегіне, оқу құралдарына қарас­ты. Ол кездегі мектептер жеті жыл­дық қой. Бірақ, соның өзі оңай­лық­пен ашылмайтын.

Сәкен ҚазМУ-ді бітіріп келгенде әкем қатты ауырып жатты. Содан кейін ағам ауылда қалып, мектепте мұғалім болды. Сегізінші сыныпта оқып жүргенімде маған да сабақ берген. Ең қиын сабақтарды менен сұрайтын еді-ау. Бірақ, көбіне төрт деген баға қояды. Бір нәрсе деуге сес­ке­нем, аға болса да. Алайда, мен үшін сыныптастарым «Роза жақсы айт­ты ғой. Неге бес қоймайсыз?» деп шу ете қалатын. Сәкең тұрып, «бұл тақырыпты Роза түгілі мен жақсы білмеймін» дейтін.

 

Өз топырағынан осылай қашты

Осындай күндердің бірінде сай­ын сахарада тың игеру нау­қа­ны­ бас­талды. Сол тұста ағам көп нәр­сеге қарсы болды. Тың деген жақ­­сы­лықты да әкелді, маша­қат­ты да әкелді ғой. Алайда, алғаш­қы­сынан кейінгісі көп болды. Біз де ес біліп қалғанбыз. Тың біз жақтан, Солтүстік Қазақстаннан бастау алды. Тыңмен бірге отаршыл ұлттың өкілдері де келді. Интеллигенциясы емес, қаңғыбастары, әсіреұлтшыл оқымағандары, сотты болғандары ауылымызға ағылып жат­ты. Өкініштісі, жаңа ұйымдасқан совхозға әлгілердің бірі директор, бірі бригадир, бірі тракторист бол­ды. Мұны қойшы, олар келе салып қазақ­тың шұрайлы жерлерін «біздікі» деді. Әрі-беріден соң, «қазақтар – қой сияқты, момын халық» деді. Келімсектер біздің төрімізге оздырғанымызды түсіне қоймады, басымызға шықты. Ұялы, Кішкенекөл секілді қазақы атаудағы жерлерімізге өздерінің аттарын таңа бастады. Озерный, Маленков, Чехов, Херсон сияқты атаулар көбейді. Мұндай бассыздықтар Сәкен сынды намысты азаматтардың ашу-ызасын тудырған. Әсіресе, бетіне ешкімді қаратпайтын, тентектеу Сәкен өз ұлты, жері, елі үшін жанын салды, күресіп бақты. Біразына тілін, біразына қолын тигізді. Бара-бара Сәкеннен жаман адам қалған жоқ.

Жасыратын несі бар, қандас­та­ры­мыз­дың арасында күншілдік, күн­дес­тік дегендер де жүретін. Арғы жағын, астарын ойламайтын азамат­тар аз емес-тін. Солардың айтақ­тауы­мен Сәкенді КГБ-ның жансыздары аңдитын болды. Тіпті, мектептегі әріп­тес­те­рінің өзі теріс айналған.

…Бұл өте қиын күндер еді. Бала бол­сақ та сездік, налыдық. Іс насыр­ға шауып, Сәкенді түрмеге жабатын болды. «Сәкен, бүгінгі түннен қал­май кет. Әйтпесе, арты өте қиын болады» деген жаманат хабар келді жана­шыр­лар­дың бірінен. Наға­шы­мыз­ Мұқан әкеміздің науқастанып жатқанына қарамастан, ағамды «ИЖ» мото­цикл­і­не мінгізіп, бір түнде алып кетті. Сонда әжемнің ақ жаулығын алып­ тастап, құлынымайлап егіле жыла­ға­ны әлі көз алдымда. Ағам осылай өзінің жерінен, топырағынан, елінен түнделетіп қашқан.

Осыдан кейін «Жапандағы жалғыз үй» деген романын жазды. Бұл шығар­ма­ны тың иге­ру­дің алғашқы туын­ды­сы десек, қателеспейміз. Онда ағам қазақ­тың жеріне тыңмен бірге қиын­дық та, жақсылық та келгенін ашық жазады. Иә, тыңмен бірге тек жамандық емес, ақ желең совхоздар ұйымдастырылды, қаншама қазақ жұмысқа орналасты, мектептер, клубтар, кітапханалар ашылды..

.

 «Жәлелді неге өлтірдің?..»

Сәкен жазып жүрген шығар­масын ешкімге оқытпайтын. «Жапандағы жалғыз үйді» жазу үстінде әдет­те­гідей, үйіне қыдырып барып едім.­ Ағам ұйықтап жатқанда үстел­дің астына тығылып, әлгі шығар­маны оқып қойдым. Айдалада қас­қыр­лар­дың ортасында қалған Жәлелдің «аңға жем болғанша, табиғаттың жемі болайын» деп Телжан аға­шы­ның басына өрмелеп шығып, үсіп өлетіні бар ғой, оқып алып ебіл-дебілім шығып жыладым. Ағама «Жә­лел­ді неге өлтіресің» дедім шыдай алмай. Сонда ол «Жәлел заман­ның кейіпкері, солай болу керек» деп еді.

…Жақсы адамның соңынан сөз де көп ереді ғой. Қаншама арысымыз жала мен сөздің құрбаны болғаны тарихтан аян. Сәкен, Ілияс, Мағжан, Тұрар, Мұстафа… Сәкен ағамды да көп әуреледі, жұмысына кедергі жасады.

Тік мінезді, кемшілікті бетке айтатын ол биліктің де қисық істерін сынай­тын. Бұл – біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Содан да көп таяқ жеді, қиналды.

Сәкен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­пен сыйлас болды. Президент ақыл­ды кісі ғой, оның ақылына ақыл қосты. Бұған аяқталмай қалған «Хан мен Президент» деген туындысы куә

.

 Сәкен жайында фильм түсіреміз

«Ол заманның серісі Ақан болса, бұл заманның серісі сенсің» деп клас­сик­ жазушы Ғабит Мүсіреповтің айт­қаны бар екен. Жетпіс жылдық мерей­тойын­да клубқа аншлагпен жиыл­ған көрерменнің «Сәкен сері, Сәкен сері» деп қосыла айқайлағаны әлі есімде. Сондықтан, ол – менің ғана ағам емес, қазақтың Сәкені, халықтың перзенті.

Сәкеннің әні де, болмысы да, түр-тұлғасы да сұлу еді. Таңдап жүріп шаңы­ра­ғы­мызға алғаш рет Күләш жең­ге­міз­ді түсірді. Екеуі бір-бірі үшін жарал­ғандай-тұғын, сондай жара­сым­ды жұп болатын. Бірақ, қызға­ныш араларына түсіп, жарасым­ таппады. Марал, Гүлнар деген қыздары бар… Екінші рет Марина деген жеңгемізбен бас қосты. Жанбота, Гүлмира, Ақбота есімді бір ұл, екі қыз сыйлаған ол жұбайы аяқ астынан өмірден озып кетті. Содан кейін ағамыз «маған жар табылар, балаларға ана табылмайды» деп үй­лен­ген жоқ. Өзі сондай балажан еді…

Жақында ағамыздың өмірінің қал­та­рыс-бұлтарыстарын, жұл­дыз­ды сәт­терін айшықтайтын фильм түсіруді қолға алмақпыз.

 

Қоштаса алмай қалғаныма өкіндім…

Ақмола астана болғанда қатты қуанған ағам алғашқылардың легі­мен келді Арқаға. Алғашында жатақханада тұрды, көп қалам­гер­лермен бірге баспаналы болды. Бараев көшесінен тиген екі бөлмелі пәтеріне ескерткіш тақта орнаттық қой. Содан кейін мені Астанаға жиі шақыратын. Бірақ, аса мән бермейтін едім бұған. Өйткені, зей­нет­ке шығып қойғанмын, бала-шағаның бәрі Алматыда.

Бірде бауырым Орал телефон шалып, қазір Сәкеннің теледидардан сөйлейтінін айтты. Күтіп отырмыз, бір кезде Бибігүл Жексенбай жүргізген «Бетпе-бет» бағ­дар­ла­масы басталды. Ұлтқа қатысты, ел тағдырына қатысты іргелі мәсе­ле­лер­ді, қадау-қадау сөздерін айтты.­ Бірақ, біраздан бері көрмеген ағам­ның жүзі маған ұнаған жоқ. Өңі – жүдеу, даусы – қарлығыңқы, жиі жөтеледі. Осыдан кейін жаным тыныш таппай, Астанаға жетуге асық­тым. Алайда, араға апта салмай, сәуір­дің 29-ы күні ағамыз қайтпас сапарға аттанып кетті. Кенже ініміз Абылай жеткізді қаралы хабарды. Қоштаса алмай қалғаныма өкіндім…

Жазып алған Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 2 =