СҰЛУ ӨНЕРДІҢ СҰҢҒЫЛАСЫ

0 284

Scan0033

Халқымыздың көне мәдениетін әр сабақ жіпке сыйғызып, бүгінгі заманға жеткізуде гобелен­ өнерінің үлесі зор. Қазақ гобеленінің негізін қалаған марқұм суретші Құрасбек Тыныбеков­ десек, қаракөз қыздарымыздың ішінен осы салаға тұңғыш сара жол салған – Бәтима Зәуірбекова. Бәтима апайдың сырлы сезімге толы кез келген еңбегін жай қарау мүмкін емес. Оның қай туындысына зер салсаңыз, дархан даламыздың кеңдігін, шынайы сұлулықты сезінесіз.

Жастайынан ұлағатты ұс­тазы Құрас­бек Тыныбековтен тәлім алған ол бұл саланы тез меңгеріп, алтын қолды хас шебер атанды. Төл туын­ды­ла­ры­ның негізгі арқауы – табиғилық, шынайы­лық және тазалық. Барлық бұйым­дарында осы үш таған әдемі үйлесіп, керемет көрініс тауып жатады.

Гобеленнің арғы атасы еуропа­лық­тар десек те, ол боялған жіптен алуан түрлі ою-өрнектер құрап, тықыр кілем, алаша тоқуды білген қазақ үшін жат өнер емес.

Бәтима апай туындыларын, тіл жетпес сұлулықты қыз-ару, әйел-ана кейпінде өрнектеп жүр. Және бір қызығы, оларды еш жерден көшір­мей, өз қиялынан салады. Бұл турасында өнер иесі: «Үнемі ізденісте жүр­ген адам әйтеуір бір сәтте өз ізде­ге­нін табады. Мүмкін, ол бір минут бола ма, санаулы секундта сырғып өте ме, біз – суретшілер соны көңіл көзіне сырт еткізіп басып ала қоямыз. Мысалы, кейбір қыздардың бойындағы инабаттылығы, ізеттілігі, қара­пайым­дылығы, пәктігі, іңкәрлігі бетінде тұрады. Оған қарама-қарсы сырт кейпі сұлу көрінгенімен, ішінен бір суық есіп тұратын әйелдер де бар. Мен өзім солардың ішінен мейірімділік пен жылылықты, имандылықты тауып алам да, туындыма арқау етіп алуға тырысамын» дейді.

Ол кісі осы өнерінің арқасында әлемнің біраз елдерін аралады. Небір мәдени орындарда шығармашылық көрмесін ұйымдастырды. Сондықтан, өзіміз бен өзге елдердегі өнерге деген көзқарас туралы сұрағанымызда: «Рас, мен шетелде көп болдым. Бәлкім, гобелен өнерінің өте сирек кездесетіндігінен болар, әлде өздері осы өнердің отаны болғандықтан ба, әйтеуір Францияда маған деген ілтипат ерекше болды. Шыны керек, ондай ыстық ықыласты өз елімнен көп кездестіре бермегендіктен, біршама уақыт сол жерде қалып едім, қолда бар туындыларымның барлығы дерлік өз иесін тауып, тіпті жетпей қалған соң, арнайы тапсырыстар бойынша жұмыс істеуге тура келді. Содан кейін Түркияда үш жыл тұрдым. Олар аса түсіне бермейді. Кейін көргеннен кейін аса ризашылықпен менің туындыларыма «Бәтима ханымның қызлары» деген ат қойып алды. Елге оралғанымда өнерге деген көзқарастың көп өзгеріске ұшырағанын байқадым. Қарапайым адамдардың суретті қабылдауынан бастап, суретшілердің жағдайына дейін біршама жақсарып қалыпты. Ол жақта жүргенде талай коллекционерлерді көріп, «бізде неге осындай адамдар жоқ?» деп ойлаушы ем, келсем, ондай жәдігер жинаушылар бізде де бар екен. Нарық қалыптасыпты. Осыдан үш жыл бұрын ғана картиналарды тек шетелдіктер ғана алатын болса, енді өзіміздің қазақтар да өнер туындысына қызығып, сатып алатын болыпты» дейді.

Қазір елімізде гобелен жақсы баға­ла­нады. Себебі, қалталы азаматтар бұл өнерге ден қойып, үйлерін сонымен сәндейтін болып жүр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары, мұражайлар, мейрам­ха­наларға дейін тапсырыс береді. Бағасы картинаның көлеміне, орындалу күрделілігіне байланысты келісімді түрде шешіледі екен. Бәтима апайдың айтуынша, бір туындыға 100-150 жіп қолданылуы мүмкін. Сол кезде бағасы қымбаттау болады. 5-6 ғана жіппен тоқылатын гобелендер, сәйкесінше арзандау. Ал, жіпті өзіміздің Қостанайдан және Белоруссиядан алдырады екен.

Гобелен – өте күрделі өнер. Дегенмен, істiң адамы үшiн ерiншектiк жат. Жасыратыны жоқ, көненiң көзiндей қария әжелер бiр күнде бiрнеше сырмақ сырса да, ешкiм таңғалмайтын. Икемдiлiкпен үндесетiн бұл өнер қолөнершінің шыдамдылығын шыңдайды. Әсіресе, өз жаныңнан, қиялыңнан туған дүниелер жіп, бояу таңдаудан бастап, көп еңбекті талап етеді. Сондықтан болар, гобеленшінің қызы суретші Елдана Шалабаева бұл өнерден бірден бас тартыпты. Бүгінде апайдың осы саланы жетік меңгерген басқа да білікті шәкірттері жетерлік.

P.S. Гобеленнің отаны – Франция. Сонау орта ғасырларда өмір сүрген ағайынды Гобелендер негізін салғандықтан, солардың есімімен аталатын осы бір өнер түрінің қазақ жерінде жылы қабылданып, тез таралуы – бізде негіздің барлығынан. Гобелен мен қазақтың тақыр кілемінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тек француздар ерте қимылдап, оны өздерінің төл өнері, бренд ретінде қалыптастырып үлгерген. Егер оны өзімізге сіңіріп алғымыз келсе, гобеленді «алашаның заманауи түрі» деп санауымыз қажет.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − two =