СҰЛУ ӘЛЕМНІҢ СОҚПАҒЫ

0 149

«Сөз өнерінің» сиқыры

Зейнолла Қабдоловтың өзінен бұрын әдебиет теориясына кіріспе оқулығы – «Сөз өнерімен» таныстым.

Ол былай болды…

Мектеп бітірген соң, Қазақ химия-технология институтына «құрылыс бұйымдары мен жа­самаларының өндірісі» маман­дығы бойынша оқуға түстім. Түгес­сем, инженер-технолог болып шы­ғуға тиіс едім. Бірақ, өлеңге әуестігім бойымды билей берді. Сол кездегі өзім құралпы қиялкеш жастар секілді кітап дүкендерін аралауға құмармын. Бүгінгідей «Эльдорадо», «Экономик-С» іспетті жарқыл-жұрқыл атаулы кітап дүкендері де, көзің мен кө­ңіліңді сан саққа жүгіртіп адас­тыратын алуан түрлі кітап та жоқ. Әрі кетсе, маңдайшасында «Насихат» деген советтік жазу тұрады. Бірақ әдеби кітаптың қадірі зор. Әлде әркімге өз заманының мүлкі құнды көріне ме, қайдам… Киімнен сауыры ақжем «Техас» джинсиі, оқитын дүниеден Мұқа­ғалидың, Төлегеннің, Жұме­кеннің, Қадырдың жыр жинақтары іздесең таптырмайды. Тіпті «Букинистке» де ешкім өткізбейді. Ол­жастың атышулы «АЗиЯ»-сын тәтемнің (әкемді солай атаймын) қоңыр шамаданының ішіне жасырып қойған жерінен «ұрлап» оқығанмын (сонда түсініп жарытқаным шамалы, әйтеуір талап бар). Білімге байып жатқан шаһарым Шымкентте де үйреншікті әдетпен қорығаным – кітап дүкені. Сөйтіп, қыркүйек айының бастапқы күндерінде «Зейнолла Қабдолов. Сөз өнері» деген жазуы бар көкшіл мұқабалы кітапқа кезіктім. Сол, 1982 жылы «Мектеп» баспасынан шығыпты. Толықтырылған, өңделген үшінші қайтара басылымы көрінеді. Сатып алдым. Вишневский көшесіндегі өзім тұрып жатқан ескі жатақхана бөлмесінің тар сөресіне орыс әдебиетшісі Вадим Кожиновтың «Статьи о современной литературе» деген қызыл түсті кітабымен бірге «Жоғары математика», «Органикалық химия», «Теориялық механика», тағы сол сияқты қаздай ті­зілген оқулықтардың арасына сығылыса жайғасты. Бара-бара сығылысқанын қойып, әлгілерді ығыстырып шығара бастады. Күнделікті миға құйылып жатқан техникалық терминдер де менің санамда әдеби ұғымдармен шатысуға, шарпысуға қарады. Бәріне кінәлі – күн сайын үстелімнің үстінде жататын «Сөз өнері». Құшырлана, құштарлана оқимын. Оқулық бола тұра, қалай әдемі, әсерлі жазылған деп таң қаламын. Зерттеуші деуден гөрі, нағыз жазушының қаламынан өріліп шыққанға лайық өңшең бір інжу-маржан сөйлемдер. Ма­ғынасы да мыңсайрам. Қатты ұна­ған жерлерін әдейі арнаған қалың дәптеріме сөзбе-сөз көшіріп аламын.

Соның бірі мынау: «Владимир Маяковский сөздің кен рудасы секілді екенін айтқан-ды. Тек, сол руданың нағыз асылын аршып ала білу керек. Әр сөйлем емес-ау, әр сөз үшін құдды зергерше еңбектену қажет. Кейде ауыр еңбекпен табылған «бір ғана сөз бүкіл бір парағыңды өзің қалаған табиғи түске бояп бере алады, – дейді Леонид Леонов, – тек ол үшін жазушы сөз химиясын игеруге тиіс». Сөз химиясын игеру!.. Образға тек қана осы жолмен баруға болады».

Бұл жолдарға неге соншалықты мән беремін?

Өйткені, Абдураимов деген ақ шашты қартаң өзбек оқытатын «Геология негіздері» пәнінің дәрісінде жырақтағы Альпі мен жақындағы Алатаудың тас қатпарлары туралы әңгіме қозғалып жатқанда, «Маяковскийдің кен рудасы» жайында ойланып отырам;

Білімпаз татар мұғалима Касимова мен талапшыл еврей апай Мясникова жүргізетін бейорганикалық химияның лабораториялық сабақ­тарында танау ашытатын ию-қию күңірсік иістен басым айналып, Леонид Леоновтың «сөз химия-сын игеру» мәселесі жөнінде бұлдыр қиялға батам…

Сөйтіп әуейіленіп жүргенде, қыркүйектің аяғына қарай бізді, яғни, студенттерді әй-шәйға қа­рат­пастан бірнеше автобусқа тиеп, Мақтарал ауданы «Коммунизм» кеңшарының Жантақсай деген учаскесіне азапты жұмыс­қа – мақта теріміне әкетті. «Көр­пе-жастықтарыңды, кесе-қасықтарыңды өздеріңмен ала жүресіңдер» деген тапсырмаға сәйкес түйіншегіміз қат-қат. Жол қапшығымның бір бұрышына «Сөз өнерін» де сүңгіттім. Екі айға жуық бел шойырылып, тырнақ желінген, мен үшін сұмдық сойқан науқанның кезінде жаныма серік болды. Өзіміз жайғасқан барактың өлімсіреген шамының жарығымен түн ортасы ауғанша көз майымды тауыса, қайта-қайта шұқшиятыным – сол кітап…
Қарашаға таман мақтадан аман-есен оралып, оқуға қайта кіріскен кезде әдебиетке бүйрегім әбден бұрылып біткен еді.

Оның үстіне «Сызба геометриядан» сабақ беретін Дина Жандарбекова деген оқытушым Олжастың, дәлірек айтқанда, оның поэзиясының «поклонни­цасы» болып шықты. Ал «Құ­ры­лыс материалдарының» дәріс­кері Комарова: «Менің оқу бағ­дарламасы бойынша аудитория­да түсіндіретін нәрселерімді міндетті түрде білуге тиіссіңдер. Ал кейін емтиханның үстінде не Евтушенкодан, не Вознесенскийден өлең оқып бермесеңдер, тәуір баға дәметпеңдер», – деп темір-терсекке жүйрік, бірақ әдебиетке шорқақ курстастарымның зәре­лерін ұшырды. Сөзі жәй сөз емес, өзі орыс поэзиясына жетік адам. Лекциясының соңын ұдайы рухани пікірталасқа арнайды. Ал, институттың оқу ісі жөніндегі проректоры Василий Кириллин әрі өлең шығаратын, әрі музыка жазатын, «За инженерные кадры» газетінде туындылары жарияланып тұратын өнерлі кісі екен. Сөйтіп, мені «құдай жарылқады». «Сөз өнері» арқылы жүйелеп алған аз-мәз әдеби сауатым кәдеге жарап, поэзияға ынтық «технарьлардың» тілін табуыма септігін тигізді. Көп ұзамай, талантты тележурна­лист Әтипа Ысқақова апайым арқылы беріп жіберген балауса жырларыма қатысты Фариза Оңғарсынова басқаратын «Пионер» журналының редакциясынан: «Топтама өлеңдерің алдағы жылғы 5-санда жарық көреді. Суретіңді салуды ұмытпа», – деген хат келді. Артынан институттың құрылғанының 40 жылдығына арналған салтанатты кеште өлең оқу мүмкіндігіне «қол жеткіздім».

Ол заманда «лириктер» мен «физиктердің» жарастығы жайында жиі сөз етілер-ді. Мен болашақ ұстазымыз, «Сөз өнерінің» авто­­ры – академик Зейнолла Қабдоловтың да «лириктердің» – әдебиетшілердің сапына «физик­тердің» – кеншілердің қатарынан Әуезовке деген шексіз іңкәрлігінің арқасында ауысып барғанын әлі білмейтін едім…
Сонымен, академиктер Сұл­тан Сүлейменовтің, Өмірбек Жол­дасбековтің, Нәдір Нәдіровтің еңбектегі іздері қалған, танымал қайраткерлер Марс Үркімбаев, Мұрат Жұрынов, Оразалы Сәбден, Зауытбек Тұрысбеков, Уәлихан Бішімбаев, Болат Жылқышиев тамамдаған шын мәнінде ғажайып оқу ордасы – ҚазХТИ-де бірінші курстан әрі қарай оқымадым. Жаз шығысымен Алматыға тарттым. ҚазМУ-дің филфагына талап­керлердің саны орасан көп болғандықтан, мүлде «далада» қалуға тәуекелім бармай, журфакқа құжат тапсырдым.
Шығармашылық конкурстан кейінгі бірінші емтихан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша еді. «Сөз өнерін» бүге-шігесіне дейін тәптіштеген үміткерге не тосқауыл болсын? Мынадай билет келді: «1-сұрақ. Абай өлең мен өнер туралы; 2-сұрақ. Ғабит Мүсіреповтің отызыншы жылдардағы әңгімелері; 3-сұрақ. Үстеу және оның түрлері; 4-сұрақ. Сөйлемді морфологиялық талдау: «Ақан мен Ыбан киінгенде, су бетіндегі шүпірлеген құстар қобалжи бастады (Т.Әлімқұлов)». Емтиханшы екі мұғалім – бірі ер азамат, бірі әйел білімімді «беске» бағалады. Бұл ұйғарымдары пән комиссиясы төрағасының алдында бекиді екен. Ал, ол төраға кім боп шықты дейсіз ғой… Иә, анық… өзім сөзіне қанық… сенейін бе, сенбейін бе – Зейнолла Қабдолов! Бетпе-бет бірінші көруім. Абыржып тұр­мын. Қос мұғалімнің тақ-тұқ пікірінен соң: «Әкеле қойыңдар қағаздарыңды. Қолымды қойып жіберейін. Білетін баланың ілетін бағасы «үздік» қой… Айноо-ла-йын, сүрінбей өт басқалардан» – деп, мен жаққа өңінен нұр шаша емірене бір қарап қойды. Қуаныштан ба, қобалжудан ба, өкпем аузыма тығылып қалды – тіл жоқ…

Тіл соңыра шықты. Алғашқы сессияның аяғында «Әдебиет теориясынан» емтихан болды. Қабдолов біздің курсқа дәріс оқы­мады, бірақ негізгі оқулығымыз – «Сөз өнері». Қалпақпен ұрып аламын деген «білгіштігім» зия­нын тигізді ме, әйтеуір емтихан­нан «төрт» алдым. Масқара қинал­дым. Ызаға булығып, бойымды намыс буды. Енді қайттім?! Көз алдыма Зейнолла ағаның жылы күлімсіреген жүзі елестеді. Содан бір батылдығым ұстап, кафедрасының есігін аштым. Ғажап болғанда, Қабдолов оңаша отыр екен. Кіріп, амандасқан бойда… өй, бір – «назым» мен «наламды» аңыраттым дейсің… «Сөз өнерін» қалай кезіктіргенімнен бастап, бер жағындағы әсерлерімді түк қалдырмай айтып жатырмын, айтып жатырмын… Қолымда – баяғы кітаптың өзі… «Айноо-лайын… дұрыс екен… апырмай,ә…» деген сөздері құлаққа шалынған сайын төгіле түсем… Әзер тоқтадым.

«Ал енді, сен былай істе, – деді ұстаз. – Дереу ана деканатқа жүгір. Қайта тапсыруға направление жаздырып ал. Сосын таңертең маған кел. Өзім қойып берем «бестік» бағаңды».
«Рахмет!» дедім бар болғаны.

Алматы бұлттанып тұр еді; аға­ның ашық аспанын көріп, көңілім батпан кірден тазарғандай күй кештім. Деканатқа да бас сұққам жоқ. Ертеңіне пойызға билетім бар. Каникул ғой. Ауылға, үйге деген сағыныш жеңіп кетті. Әрі, «бағада тұрған не бар?!.». Ең бастысы, Зейнолла ағама мұңымды шақтым, ол тыңдады. Ауызша «бес» қойды…
Осылайша «Сөз өнерінен» алған «төрттігім» менің дипломымдағы кілең «бестіктің» ортасында жалғыз-дара оқшырайып, сонау бір самала сәттерімді еске салып қояды.
Бой жетпейтін биік

Естелік – өткен өміріңмен көңіл кеңсесіндегі кездесу. Оның сағынышымен жабырқататын да, сабылысымен жатырқататын да сәттері бар. «Филфак, журфак – бір туған…» дейді ғой. Филфактағы Зейнолла ағаны ойла­сам, жадыма журфактағы қос ұстазым қосарласа оралады. Бірі – Тауман Салықбайұлы Амандосов, екіншісі – Темірбек Қожакеев. Қазбалап қайтейік, екеуінің «жұлдыздары жараспай» өткенін жұрттың бәрі біледі. Ал, Зейнолла аға олардың қай-қайсысымен де сыйлас-тұғын.

Задында, Тауман аға – зиялы­лықтың заңғары, адамшылықтың асқары. Ұстаздардың ұстазы. Дип­ломдық жұмысымның жетекшісі болды. Оқу бітірген бетімде меңгеріп отырған кафедрасына оқытушы етіп алып қалды да, өзі жүргізіп келген «Журналисткаға кіріспе» пәнінің дәрісін ма­ған жүктеді. Кандидаттық диссер­тациямның тақырыбын бекіттіріп берді. Өкінішке қарай, жетпіске қараған шағында жүрек сырқатына шалдықты. Кафедраның 1991 жылғы жазғы демалыс алдындағы ақырғы отырысынан соң, менен: «Қарағым, сен менің досым – Зейнолла Қабдолов деген ағаңды білесің бе?», – деп сұрады. «Әрине, білем», – дедім. «Білсең жақсы. Амандығын берсе, күзде келген соң мен сені сол кісіге ертіп апарам… Тапсырам…» деді де, әрі бұрылып, соңғы уақытта ұдайы жанына ертіп жүретін жас жігітпен бірге дәліз бойлап кете барды. Дерті меңдегені қаперге кірмепті; соңғы жүздесуіміз екен. Ізінше суық хабар жетті. Сөйтіп, қайран қамқор ағаның жоспары жүзеге аспады. Асыл рухына, дарқан ниетіне ризашылықпен тағзым етіп, дұғамнан тастамауға тырысам…

Тауман ағадан айырылып, тая­­­ныш таппай жүргенде, бес-алты жыл қуғын-сүргінде бол­ған профессор Темірбек Қожа­кеев факультетке қайта келді. Осы мезгілдің ішінде Алаш ардагерлерінің беймәлім мұрасын қопара зерттепті. «Көк сеңгірлер» кітабы жарық көріп, «Жыл құс­тары» жинағы баспадан шығуға әзір тұр екен. «Сол аруақтардың желеп-жебеуінің арқасында тірі қалдым» деді әңгімелескен сәті­мізде, – Жетекшің қайтты, Одақ құлады, тақырыбың маңызын жойды. Енді не істемексің? Сөзді қой да, сен осы арыстардың бірінің әдеби мұрасын зертте. Өзім жөн-жоба көрсетем» деді. Сөйтіп, ұлтқа жанашырлығы ұнайтын қайраткер Сұлтанбек Қожановты қаладым. «Болды, бітті, – деді Темірбек аға, – Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, менің досым – Зейнолла Қабдолов дейтін ағаңды білесің ғой?». «Иә» дедім. «Білсең тамаша. Ол кісінің қорғататын советі бар.

Тақырыпты соның кафедрасында бекітеміз». Айтты – істелді. Зейнолла Қабдолов ғылыми ортадан шеттеп қалған жерінен бірінші болып өзі жұмысқа қабылдаған «мықшеге» досының ұсынысын риясыз қолдады. «Жетекшілік жасайтын профессор Қожакеев, зерттеудің обьектісі Сұлтанбек Қожановтың әдеби мұрасы болса, кәне, кімнің қандай қарсылығы бар?!» деп төтесінен кесті.

Сол сәтте Зейнолла ағаны Сұл­танбек Қожанов жөнінде бірдеңе біледі деп ойламаппын. Қатты жаңылысқан екем. Мұны «Менің Әуезовім» роман-эссесінің аяқ­­­­тал­маған екінші кітабының қолжазбасын оқып отырғанда тү­сіндім. 1958 жылы Азия-Африка жазушыларының дүниежүзілік бірінші құрылтайы өткен Ташкентте ұстазымен бірге уақыт тауып, оның отызыншы жылдары тұрған үйіне барады. Сөйтсе, Әуезовтің оң жағында Жүсіпбек Аймауытовпен, сол жағында Сұлтанбек Қожановпен есіктес көрші бол­ғанын көреді. Ұлы жазушының аузынан: «Үшеуміз пиғылдас, пікірлес, арамыздан қыл өтпейтін дос едік қой, не айтатыны бар» – деген сөздерді естиді. Бұл туралы Зейнолла аға ешқашан, тіпті диссертация қорғауымның үстінде де тіс жарған емес, тек жазғанынан деректеніп отырмыз.

Қазақтың арасында дүниеден қайтқан адам туралы «тірісінде қадірін білмеппіз» деген әңгіме жиі айтылады. Бәлкім, бұл көңілді жұбатудың, жанды алдарқатудың, олқыны толтырудың, тағдырды жазғырудың немесе қимасты іздеудің дағдылы рәсімі де шығар. Бірақ біздер – Зейнолла ағамның ғылымға баулыған шәкірттері ол кісінің, өз сөзімен айтқанда, бүтін бітім екендігін ізіне еріп жүрген кезімізде-ақ білдік десек, өтірікші болмаспыз. Өзінің уақытын ая­маған, өзгенің бақытын аялаған (тағы да өз сөзі) нұрлы жүректі ұстазды сырттай таласа иемденіп, іштей жеке-дара меншіктеуге ұмтылмағанымыз кемде-кем. Жолын қуғанды, тәлімін көргенді мақтан тұтпайтынымыз жоқ. Бір ғажабы, оның ұстаздық мейірімі мен махаббаты, шуағы мен шарапаты айналасындағы бәрімізге түгел жететін. Өзі – зор, ызғар жуытпайтын ығы да зор еді. Күндіз сәулесі себелеп, түнде жұлдызы жамыраған ашық аспанының астына баршамыз сыйып кететінбіз. Тұңғиығына тартылатынбыз.

Әрбірімізді тек Зейнолла Қаб­доловқа тән жылы, жұмсақ сөздерімен көтермелей бастағанда, тап қазір қолтығымыздың астынан қанат өсіп шығып, көкке сам­ғап ұшып кететіндей әсерде болатынбыз. Астарлы да аңдатпа лебізімен өзімізде жоқ қайсыбір тәуір қасиетті бойымызға әкеп таңып қойғанда да, ішімізден қысылып-қымтырылып отырып, ілгері ұмтылсын, білмегенін үйренсін, кемтігін сезінсін деп алдын-ала адамшылық «аванс» беріп тұратынын түсінетінбіз. Ол кісі кішік болған сайын, қайталанбас ұлықтығын мойындаған үстіне мойындай түсетінбіз.

…1995 жылдың ақпанында Қазақ ұлттық университетінің сол кездегі ректоры Көпжасар Нәрібаев ағамыз әжептәуір сенім артып, әлі қолыма кандидаттық дипломымды да алып үлгермеген мені ойда-жоқта журфактың бір кафедрасының мең­герушісі етіп тағайындап қойды. Сөйтіп, аяқ астынан филфакта кафед­ра басқаратын ұстазыммен «тең лауазымды» болып шыға кел­дім. Үйренісу оңайға тимеді. Шикілігіміз, шалалығымыз көзге бадырайып тұрады. Ол – кім, мен кіммін дегендей… Кей-кей­де Зейнолла ағам түске таман ка­­федраға қоңырау шалады. Сөзін әдетте мынадай тұспалды әзілмен бастайды: «Әбеке, сен де кафедра меңгерушісің, мен де кафедра меңгерушісімін. Кафедра меңгерушісінің кафедра меңгерушісіне билігі жүрмейді. Бірақ мынаны ескерші, мен сенен бір қабат жоғары отырамын ғой…». Әрі қарай шаруасына көшеді: «Ауладан көлігіңді көрген секілдімін. Мына Әуездің машинасы бұзылып қалып… Сәуле апаң үйде ағаңды сағынып отыр…». Сөзінің аяғын күтпестен, «бастықтығым» әдіра қалып, екінші қабаттан үшінші қабатқа сатыдан сатыға секіре заулап бара жатқанымды бір-ақ білемін. Өйткені Қабдоловтың шопыры болып, бір көліктің ішінде сұхбаттасып жүргеннің өзі – бұйыра бермейтін бақыт.

…Абайдың 150 жылдық тойы. Семей өңірі. Жидебай қыстауы. Ығы-жығы халық. Ақынның ес­керт­кішінің жанына келгеніміз сол еді, күтпеген жерден Зейнол­ла ағам кездесе кетті. Бірге суретке түскім келді. Өтінішім қабыл алынды. Тек фотограф жігіт оң­тай­лана берген сәтте ол кісі маған қалжыңдап: «Әбеке, түһ, бойыңыз ұзын екен ғой, суретте менің қасымда сырықтай сорайып тұрғаныңыз ыңғайсыз көрінер. Бір саты төмен түсесіз бе?» деді. Ескерткіштің жанында баспалдақ бар еді. Бір саты төмендедім. Иы­ғымыз теңесе қалды.

«Міне, енді жөн болды» деген ұстаздың сөзімен қабаттаса, фотоаппарат та шырт етті. Қазір ол сурет – менің қымбат қазынамның бірі.

Ұстаз өзіңнен әрқашан бір қабат жоғары, бір саты биік тұратынын әлгідей сәттерде биязы сөздерімен, мағыналы қас-қабағымен жұқалап қана аңғартатын.

Асыл жары, шығармашылығының шырақшысы Сәуле апайдың қо­­­лы­­нан талай рет дәм таттық. Еркін отырсын дей ме, көбіне ас-суымызды жаңалағанда ғана елеусіз бас сұғып, ұстазымызбен оңаша әңгіме-дүкен құруымызға жағдай жасайтын. Зейнолла аға жетпіс жылдығы Қызылорда қаласында аталып өткенде, сонда тұратын әке-шешемнің үйіне барып, ша­ңыраққа ақ батасын берді. Сол жолы анамыздың немерелеріне өзінің үйретуімен «Жайық қызы» әнін орындатқызғаны есімде.

Қазір ол күндер көрген түс секіл­ді. Ұстазсыз шәкірттің де тұл екенін түсіндік.

Бір замандасы Ескендір Зұлқа­рнайын патшадан: «Осы сіз әке­ңіз Филипп ағзамға қарағанда ұста­зыңыз Аристотельге көбірек ілтипат танытатын сияқтысыз. Соның сыры неде?» деп сұрапты. Сонда әлемді аузына қаратқан даңқ­ты қолбасшы: «Әкем менің тәнімді тәрбиелеп, жерге түсірді; ал ұстазым, жанымды тәрбиелеп, көк­ке көтерді емес пе?» деген екен.

Сөз өнерінің барын барлаған, арын арлаған академик Зейнолла Қабдолов та – арасында әкімі бар, ақыны бар – іні-дос шәкірттерінің қиялын қияға қондырып, сұлу әлемнің соқпағына салды.

Сондықтан ұлық ұстаздың дана дидары – әрқашан жүрегіміздің төрінде.

Амантай ШӘРІП,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =