Сұлтан СРАЙЫЛОВ: ЕУРОПА ТЕАТРЛАРЫН АРАЛАП ҚАЙТТЫҚ…

0 165

Жақында Қаллекей атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының өкілдері Астана қаласы әкімдігінң қолдауымен Еуропадағы аты дардай әйгілі театрларды аралап келді. Бұл туралы және өнер ордасының қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Сұлтан Срайыловпен әңгімелескен едік.

– Сұлтан Оңғарұлы, Еуропа елдеріне арнайы іс-сапармен барып келдіңіздер. Қандай ой түйдіңіз, нендей әсер алдыңыз?

– Еуропадағы сапарымыздан алған әсеріміз керемет. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бізге осындай тамаша мүмкіндікті жасаған Астана қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз. Қазақ театрларына мұндай жағдай жасала бермейді. Ал, біздің елордалық театр қала басшыарының арқасында қол жеткізіп отыр. «Көп естігеннен бір көрген артық» дейді. Бұрын еуропалық театрлардың атына қанығып, бір көру арман болып жүрген еді. Әлемді мойындатқан Италиядағы Ла-Скала, Пикколо және Берлин, Франция театрларына барып, шығармашылығымен етене танысып қайттық. Еуропалық әріптесеріміз бізді құшақ жая қарсы алды. Қазақстан туралы естіген-білгендерімен бөлісіп, жас мемлекетіміздің қадамына сүйсінетіндерін жеткізді. Жалпы Еуропа театрларының бәрі ғасырлық тарихы бар ұжымдар. Талант тірестіретін дүниелері де, пьесалары да жеткілікті. Бізде жетіспейтін жарық режиссері, театр суретшілері секілді мамандықтар оларда мықты дамыған екен. Театр басшылары қаласаңыздар, мұндай мамандарды үйретіп беруге дайынбыз деп отыр. Осыған байланысты идеяны өзім де көптен ойлап жүр едім. Биыл  – Шекспирдің 400 жылдығы. Қазақ театрының репертуарындағы Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын ағылшын тілінде сахналамақ ниетіміз бар. Қалалық әкімдік бұл бастамамызды қолдап отыр. Тым болмаса, бір спектакльді ағылшын тілінде алып шығып, Еуропа елдерін аралау жос­парда бар. Бұл театр актерлерінің шығармашылық деңгейін көтеріп қана қоймай, қазақ өнерін әлемге танытатын дүние болары анық.

– Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысына барып қайттыңыздар. Бұл елорда театрының Шымкенттегі алғашқы гастрольдік сапары болар?

– Иә, сәуір айында Шымкент қаласына гастрольдік сапармен барып, 10 шақты спектакль көрсетіп қайттық.  Атап айтқанда,М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы, С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасы, Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасы, И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» музыкалық комедиясы,  Дж.Патриктің «Қымбатты Памелла» комедиясы, тағы басқалар сахналанды. Қойылымдар Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры мен Опера және балет театры сахналарында қойылды.

– Гастролдік сапарға байланыс­ты алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Мамыр айында қазақ театр өнерін өзге елдерге таныту мақсатында бұрынғы қазақ жері, қазіргі Ресейдің Орынбор облысына гастрольдік сапармен бармақшымыз. Онда қандастарымыз көп тұрады екен. Тіпті, қазақша шығатын басылымдар да бар көрінеді. Өткенде келісімшарт жасасуға барғанда көз жеткіздік. Ал, келесі жылы Қытайдағы қандастарымызға барсақ деген жоспарымыз бар. Одан кейін Ташкентке сапарламақпыз. Онда да қазақтар көп.

– Сұлтан Оңғарұлы, енді театрдың тыныс-тіршілігіне қарай ойыссақ. Осында басшылық тізгінін алғалы бес айдай уақыт болыпты. Өзіңіз келгелі қандай өзгерістер болып жатыр?

– Мен өзім бұрын да осында жұмыс істегенмін. Театр ұжымы маған жақсы таныс. Біз баяғыда-ақ бір-бірімізге бауыр басып кеткенбіз. Өнер тарланы Жақып Омаров негізін қалаған Қаллеки театры – бет-бейнесі әбден қалыптасқан ұжым. Мұнда әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің қолтаңбасы жатыр. Ендігі біздің мақсатымыз – талай таланттардың ізі қалған театрдың мәртебесін одан әрі көтеру. Ол үшін көптеген жұмыс жоспарын жасап қойдық. Оның нәтижесін кейін көре жатарсыздар. Мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ театрының тарихын түгендеп, өсу-өркендеу шежіресінен сыр шертетін қомақты дүние жазып жатырмыз. Бұл кітаптың басы-қасында белгілі өнер зерттеушісі Әшірбек аға Сығай жүр. Ол рухани қазынамызға қосылар танымдық еңбек болатынына сенім зор.

– Театрдың сахнасы да, ғимараты да кішігірім. Алдағы уақытта жаңа қонысқа көшу жоспарда бар ма? 

– Театрдың ғимараты да, сахнасы да талай мәрте сөз болды. Еңселі ғимаратымыздың болғанын біз де қалаймыз. Бірақ, бұл театр деңгейінде шешілетін мәселе емес. Театрымыздың жаңа қонысқа көшетін уақыт алыс емес.

Өнер адамдарының жаны нәзік. Көпшілігі мінезді келеді. Олармен ортақ тіл табысу оңай емес шығар?

– Мінезі жоқ адамнан өнер майталманы  тумайды. Егер ол тез сынғыш, иілгіш болса, өзінің суреткерлік позициясын ұстауы да қиын болады. Біз қазақ жылқы мінездес халықпыз ғой. Бұл қанымызда бар. Сондықтан маған ұжымымдағы адамдардың мінезінен гөрі кәсіби деңгейі бәрінен артық. Шығармашылығы мықты, жауапкершілігі жоғары болса, мінезіне қарамай жақсы көреміз. Мінезің жаман екен деп, мықты маманға қиянат жасау – жақсы басшының тірлігі емес. Сондықтан қандай мінез болғанда да, біріншіден, ол халыққа мінезімен емес, сахнадағы өнерімен ұнайды. Мысалы, күллі әлемге танымал Чарли Чаплин нағыз ит  мінезді болған. Бүкіл әлем мойындаған Шекспир де жібектей сызылып тұрмаған. Сондықтан шығармашылық ортада мінез маңызды емес. Ең бастысы, кәсіби өнерпаз болса, болды. Біздің театрда барлығы 180-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ соның 50-і ғана көпшілік алдында жүр. Қалған адамдардың еңбегі театр үшін өте маңызды. Олар – сахна сыртындағы майталмандар. Оны халық біле бермейді. Барлық ұжымымыздың арқасында театрымыздың босағасы берік болып тұр. Осы өнер ошағын сыйлайтын, жақсы көретін адам ретінде қол астымдағы қызметкерлердің мінезін көтеруге міндеттімін, керек кезде көтермелеуге де тиіспін.

 

Айгүл ӨЗЕКОВА,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 2 =