Сұлтан САРТАЕВ, заңгер-ғалым, академик: «194 МЕМЛЕКЕТТІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖАРИЯЛАҒАН 194-ШІ АДАМ МЕН БОЛДЫМ»

0 408

Тамыздың 30-ында республика ҚР Конституциясының қабылданғанына 17 жыл толуын атап өтеді. Осы орайда біздің қойған сауалымызға еліміздің негізгі Заңын жасаудағы үлесі және оның Қазақстан азаматтары үшін рөлі туралы ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев қысқа қайырып жауап берді.

«БІЗ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Еліміздегі конституциялық реформаның басықасында жүрген заңгерғалым ретінде Ата Заңымыздың өткен тарихы ту­ралы есіңізге ала тағы бір айтып берсеңіз.

– Біздің Конституциямыз бос жатқан жерде, ен далада қабылданған жоқ. Ол – өмір талабына сай келетін бағдаршам құжат. Сондықтан да біз Конституцияны жасаған кезде азаматтардың ой-өрісіне, елдің алға қойған мақсат-міндеттеріне сүйендік. Әр азамат Конституцияда көрсетілген істерді жүзеге асыруға міндетті. Конституцияға жай қағаз деген қасаң түсінікпен қарайтын болсақ, іс алға баспайды. Ендеше, оған жан беру – әр азаматтың міндеті. Бұл ретте біз Конституцияның әр тарауын жақсы білуге міндеттіміз.

Мен 1978 жылғы Қазақ КСР Кон­ституциясы мен 1993 жылғы ҚР Конституциясын жасауға қатыстым. Ал 1995 жылғы Конституцияны жасауда комиссия құрамына тікелей қатысқан жоқпын. Дегенмен, осы Конституцияның жобасын талқылауға белсене араластым. Бұдан басқа, мен негізгі заңнамалық актілерді жасауға араластым, олардың тұжырымдары 1995 жылғы Конститу­цияда әртүрлі формада көрініс тапты.

Сондай-ақ, осы әңгіме үстінде өзімнің көптеген іргелі заңнамалық актілердің жобасын жасағанымды айтуға тиіспін. Олардың арасында мысалға, 1990 жылғы 24 сәуірдегі ҚР Президенті лауазымын белгілеу туралы Заң бар. Бұл Заңда біз Президенттің құқықтары мен міндеттерін саралауға тырыстық. Алайда, біз оның құқықтарын толық көрсете алмаған сияқтымыз. Өйткені, кейін байқағанымда онда республика дамуының өтпелі кезеңіндегі міндеттері жеткілікті дәрежеде жіті көрсетілмеген болып шықты. Мұндай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы ел алдында тұрған проблемаларды жедел шешу үшін жеткілікті өкілдіктері бар күшті көшбасшы болуға тиіс еді. Бұл жағынан біздің ойлағанымыз болды десек, еш қателеспеймін.

Ал 1993 жылғы Конституцияға қатысты айтар болсақ, ол сол күннің талаптарына толықтай жауап бере алмады. Сондықтан да 1995 жылы бүкілхалықтық талқылау негізінде егемен тәуелсіз Қазақстан Республикасының екінші Конститу­циясы қабылданды. Бұл Конституцияда біз мемлекеттік өкімет билігін үш тармаққа жіті бөлдік: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Онда Президентіміздің ауқымды өкілеттігі нақты белгіленді. Өтпелі кезеңде Президент ең көкейкесті мәселелерді тез және дер кезінде шешуі тиіс. Осы құжатқа сәйкес біздің Президент мемлекеттің барлық маңызды проблемаларын шешетін адам ғана емес, сонымен қатар республикамыздың Конституциясының кепілі болды.

Конституцияға әртүрлі жағдайда енгізілген басқа негізгі заңдар – ҚР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация мен Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң болды. Бұл құжаттарда біз бүкіл әлемге, ең ал­дымен демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құру талабымызды көрсеттік.

«КОНСТИТУЦИЯСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖОҚ»

Жалпы, қазақ тарихында бірнеше Ата Заң болғаны белгілі

– Иә, біздің ел болып қалыптасуымызда, жалпы, бес Конституциямыз болған. Бұның біріншісі – 1924 жылы Орынборда қабылданды. Бұл Автономды Республиканың конституциясы еді. Одан кейінгі 1937 жылы қабылданды. Бұл сол кезде одақтық деңгейде жасалған «Сталиндік конституция», «Жеңген социализм конституция­сы» деп аталған Конституцияның көшірмесі еді. 1937-1977 жылдар аралығында 40 жыл өмір сүрген осы Конституциямызға 500-ден астам өзгеріс енгізілді. Бұл бірде-бір елдің тарихында болмаған. Ол өзгерістер мынандай жайттарға байланысты енгізілді. Мысалы: онда аудандар, министрліктер, облыстар тізімі енгізілген. Кейін осылардың атауы өзгерген кезде Конституцияға да өзгеріс енгізуге мәжбүр болдық. Бұл тоталитарлық жүйедегі 2-ші Конституция еді. Ал осы тәртіптегі 3-ші Конституция 1978 жылы қабылданды. Бұл Конституция КСРО-ның 1977 жылы қабылданған Конституциясы негізінде қабылданды. Содан кейінгісі тәуелсіз ел ретіндегі екі Конституция.

– Біздің қазақ ерте заманнан бастап тәуелсіздікті арман еткен халықтардың бірі. Бірінші рет Тәуелсіздігімізді біз 1456 жылы Жәнібек пен Керей Алтын Ордадан бөлініп, Қазақ хандығын жариялағанда алдық. Содан кейін жоғалтып алған тәуелсіздігімізді 1991 жылы 16 желтоқсанда өзімізге қайтадан оралттық. Сол оқиғаларды көз алдыма елестетсем, көңіліме қуанышым сыймай, жүрегім жары­лып кете жаздап тұрады. Себебі, бостандықты, тәуелсіздікті жариялау әркімнің үлесіне тие бермейді. Оны жариялайтын бір-ақ адам болады. Маған біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Сіз осындай баяндамамен мінберге көтеріліп, Тәуелсіздігімізді жариялайсыз» дегенді айтты. Дүниежүзінде 7 млрд халық өмір сүреді. Және 194 мем­лекет бар. Сол 194-ші мемлекеттің Тәуелсіздігін жариялаған 194 адамның бірі мен болдым. Мұны мен тағдырдың үлкен сыйы деп қабылдаймын. Ел аузында «Ризамын осы өмірді бергеніңе, азды-көпті қызықты көргеніме» деген сөз бар. Осы сөзді жиі айтамын.

Сұлтан аға, Конституциясы жоқ елдер бар дегенді естиміз. Бұл сөз қаншалықты шындыққа жа­насады?

– Жоқ, қызым, бұл қате айтылған пікір. Бүгінде Конституциясы жоқ ел жоқ. Дәлірек айтар бол­сам, дүниежүзінде жазылған және жазылмаған заңдар деген болады. Жазылмаған заңдар дегеніміз – мемлекеттің негізгі құрылымы бір ғана заңда көрсетілмеген дегенді білдіреді. Керісінше, көптеген заңдардан тұрады. Мысалы, Англия сондай елдердің қатарына кіреді. Демек, бұл елде неше ғасырлар бойы қабылданған заңдар бар. Міне, сол заңдардың жиынтығы елдің Ата Заңы болып есептеледі. Яғни, бұл елдердегі заң бір құжатқа топтастырылып жазылмаған. Және бұл барлық англо-саксондық елдерге тән.

– Біздің елдің Конституциясы қай елдің Ата Заңына ұқсас?

– Естуімше, кейбір саясаткерлер еліміздің Ата Заңы Франция елінің Конституциясына ұқсас деп жатады. Меніңше, біздің елдің Конституциясы еш елдікіне ұқсамайды. Біздің Ата Заңымыз өзіміздің ой өрісіміздің, өз өркендеуіміз бен өмірлік талаптар негізінде жасалған дүние. Сондықтан, мемлекетіміздің Бас заңы біреудікіне ұқсас, я болмаса бір елден кем не­месе артықшылықтары көп деп ай­тудан бас тартамын. Өйткені, бүгінгі Ата Заңымыз еліміздің әлеуметтік жағдайына негізделген заңдар жиынтығы.

«КОНСТИТУЦИЯДА ЕЛДІҢ ТУЫ «ЖАЛАУ» ДЕП КӨРСЕТІЛГЕН»

– Тәуелсіздік алғаннан бері Конституцияға екі рет өзгеріс енгізілгендігі мәлім. Кейінгі өзгертілген Конституция көңілге қонымды ма?

– Егер өмірде бір нәрсені өзгерту керек десе, Конституцияға да өзгерту міндетті түрде енеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, Конституция жасалған кезде азаматтардың ой-өрісі, елдің алға қойған мақсат-міндеттері ескеріледі. Мәселен, біздің кейінгі Конституцияда елдің туы «Жалау» деп жазылған. Міне, соны өзгерту керектігін әлі күнге дейін айтып жүрмін. Жалау емес, ту деп жазылу керек. Орыстарда «флаг» немесе «знамя» деп көрсетілген. Жалау мен тудың арасында үлкен айырмашылық бар. Пәленше елдің жалауы деп айт­паймыз, пәленше елдің туы деп айтқан әлдеқайда дұрыс. Сосын «жалау» дегеніміз – кішкентай балалардың қолында күнделікті ұстап, желбіретіп жүретін жалауды айтамыз. Осы ескерілсе деген ой бар.

– Сұлтан аға, Ата Заңның жа­салуына үлкен үлес қосқандардың қатарында бүгінде дүниеден өткен Салық Зиманов, Қайрат Сапарғалиев сынды қайраткерлер бар. Осы ғалымдарға лайықты құрмет көрсетіліп жүр ме?

– Марқұм болған Салық Зиманұлы, Қайрат Сапарғалиев еліміздің көрнекті қоғам қайраткерлері. Біздер, ғалымдар, шамамыз келгенше өз ара­мызда көптеген іс-шаралар атқарып жатырмыз. Соларға арналған кон­ференциялар, дөңгелек үстелдер өткізуге тырысамыз. Ұйымдастырып жүрміз де. Бірақ, мемлекет тарапынан арнайы шаралар ұйымдастырыла қойған жоқ. Бұл кісілердің арамыз­дан кеткеніне көп уақыт болған жоқ. Десек те, алдағы уақытта халықаралық деңгейде үлкен конференциялар ұйымдастырылады деп сенемін. Жал­пы, біздің мемлекетіміздің заңының құрастырылуына көптеген адамдар атсалысты. Солардың барлығының аты тарихта қалатындай іс-әрекеттер, түрлі мәдени-шаралар жасалса игі. Өйткені, мемлекет өз-өзінен құрыла қалған жоқ.

– Қазір жазып жатқан жаңа дүниелеріңіз бар шығар? – Көп елде болдым. Соның бәрінде көргенімді арнайы қойын дәптерге жазып отыр­дым. Нәтижесінде «Әлем құрлықтарына сапар» атты кітап жазылды. Сондай-ақ, 500-ге жуық ғылыми еңбек жазып, елуден астам монографиям жарық көрді. Негізінен, жазып үйреніп қалған көңіл тоқтамайды екен. Қазір де бірталай еңбектерді жазу үстіндемін.

– Конституция күнінде халыққа қандай тілек жолдайсыз?

– Бүкіл республика халқын тәуелсіз елдің тәуелсіз Конституциясы күнімен құттықтаймын. Біз Конституциялық кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Ал, Конституцияны ешкімнің бұзуға қақысы жоқ. Сондықтан да болар, біз өзіміздің Конституциямызды өте құрметтейміз, оны бағалаймыз. Әрине, бұл жерде Елбасы рөлінің маңыздылығын атап өткім келеді.

Конституцияны оқыған уақытта қолға қарындаш алып, керек деп көңілге түйген тұстарын сы­зып отыруды ұсынар едім. Ол ой туғызады. Ой нақты іске жетелейді. Конституцияның өмірлік қолданысқа енуі деген мәселе осыдан келіп шығады. Конституцияның нұсқауын, өкілетін жүзеге асырушы – азаматтар. Сондықтан да, әр азаматты Конститу­цияны араға белгілі бір уақыт салып оқып отыруға шақырамын. Конституцияны білмеу – құқықтық ой-өрістің тарылуы деген сөз. Мәселен, америкалықтар Конституциясын жақсы біледі. Бір жағдай бола қалса олар «сіз менің конституциялық құқығыма қол сұғып тұрсыз» деп, өздерін жақсы қорғай алады. Мен мұны неге айтып отырмын? Адам құқығының сақталуы, демократиялық баланстың орнауы – бәрі-бәрі құқықтық сауаттылыққа, яғни, өзімізге байланысты.

Сұхбаттасқан, Мәншүк БЕКБОСЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 3 =