Сүйіндік ЖҰМАҒҰЛОВ, Астана қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары: АТА ЗАҢ – БАРЛЫҚ ҚҰЖАТТЫҢ ҚАЙНАРЫ

0 90

Ел тірегі – Ата заң. Ағымдағы айда Қазақстан Республикасының Конституциясына 17 жыл толады. Конституция күні қарсаңында басты құжаттың басымдығы туралы Астана қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары Сүйіндік Жұмағұловпен тілдескен едік.

–Еліміздің әрбір азаматы Ата заңымызды сыйлауға, құрметтеуге міндетті. Дегенмен, ел азаматтары үшін Ата заңның атқарар рөлі қандай? Басты құжаттың басымдығы неде?

–Ата заң – Тәуелсіздігіміздің негізі десек, қателеспейміз. Егемен елдің демократиялық дамуына, өркендеуіне Конституцияның тигізер ықпалы зор. Сондықтан да елдегі барлық құжаттың қайнар көзі – осы Конституция. Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев: «Егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден-бір құжат бұл – Конституция. Ата Заңымыздың алдында ала-құласы жоқ, бәріміз де бірдей жауапты, бәріміз де бірдей міндеттіміз!»,- деген еді. Сондықтан біздің Ата заң отандастарымыздың құқын қорғауды мақсат етіп қана қоймай, азаматтардың қоғам, ел алдындағы жауапкершілігін айқындап берген басты құжат.

– Ұлт пен ұлысқа бөлмейтін, жалпыға ортақ Конституция негіздерін халық қалай түсінеді деп ойлайсыз?

–Ата Заң қабылданғаннан бері қоғамдық келiсiм мен сая­си тұрақтылық, экономикалық даму ұстанымдары белгіленді. Конституцияның бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі айтылған. Адамды алдыңғы орынға қойған елімізде халыққа қамқорлық көптеп жасалынуда. Жалпыға ортақ Конституция негіздерін ел түсінеді деп ойлаймын. Олар өз өмірлерін, бас бостандықтарын Конститу­ция арқылы қорғалып, қамтамасыз етілетінін жақсы біледі.

–Былтыр Конституция күні жасампаздыққа толы ел Тәуелсіздігінің жиыр­ма жылдығымен сәйкес келді. Конституция күніне орай ұйымдастырылған шарадан не түйдіңіз?

–Былтыр Елбасының Жарлығымен ресми түрде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы болып жарияланғаны белгілі. Сол сияқты Ата заңымыз қабылданған тамыз айында ерек­ше шеру ұйымдастырылды. Кон­ституция күні, яғни 30 тамыз күні Астананың бас алаңында салта­натты әскери шеру өтті. Елордаға республиканың барлық аймағынан келген қайсар рухты сарбаздар шара барысында өздерінің шеберліктерін паш етті. Қазақ елі алаңында 250-ден астам соғыс құралы көрсетіліп, ел назарына әуе шабуылына қарсы техникалар ұсынылды. Конституция күні құрметіне Қазақстан әскерінің айбыны асқақтап, демократиялық жолдың даму жолына түскенімізді аңғартты.

Астана қаласының Әділет департаменті де ел Конституциясын басшылыққа ала отырып, заңдылықтың сақталуын қадағалау арқылы құқықтық тәртіпті нығайту, адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді жүзеге асырып келеді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға барынша басымдық береді.

–Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − nine =