«СҮЙГЕНІМ МЕНІҢ ҚАЛАДА…»

0 1  449

зеберше

Астанадан, Ақордадан ән төгілді. 8 наурыз күні бір топ әйелдерді қабылдап құттықтаған Елбасы гүл, сый-сияпат жасап болған соң, олармен бірге өзі бастап ән шырқады. «Сүйгенім менің қалада» деген ән.

Жайнаған гүлдер далада,
Сүйгенім менің қалада.
Сенсің менің сүйгенім,
Басқаны қалама.
Көңілімде бар түйгенім,
Сенсің, сенсің сүйгенім.
Көп күттірген жарым менің,
Қарагөз сүйгенім, – деп жастық шағымыздан құлағымызға сіңісті болып, жүрегімізге орнығып қалған, көңілге таныс, жүрекке ыстық әнді естігенде және оны өз Президентіміз шырқағанда, ол кісінің әншілік талантына таңырқап және мақтаныш сезімі кеудені кернеп, естелік толқынына сүңгіп кеттім…

«Шіркін-ай!» деп ойладым мен. Ақордадан жиі-жиі қазақша ән естіліп тұрса ғой. Кең байтақ Қазақстаным тыныштықтағы еңбек пен бейбітшіліктегі мейрам құшағында гүлдене берсе екен.

Естелік дедім-ау. Ол былай еді. Жол сапарда жүріп пойызда Мүтәлханов Қажымұқан Түменұлы деген азаматпен таныстым. Заңгер екен. Қытайдағы қазақ фильмі «Хасен мен Жамиләда» ойнаған әртіс жігітке ұқсайды. Өнерге қатысы бар, оны кейін білдік. Мен Ақордадан шырқалған ән туралы, жалпы еліміз, Президентіміз туралы сүйкімді әңгімелер бастағанда ол «Осы уақытқа дейін мен Зеберше Оспанова деген жеңгемнің әнінің жылдар бойы ұмытылмай жүргеніне таңғаламын» деді.
Әннің туу тарихы жөнінде айтпас бұрын автордың – кейіпкеріміздің ғашық болған адамы да оңай адам емес екенін байқаймыз. Кейін жары болған бұл кісі үлкен өнер жарыстарының жүлдегері екен. Аты – Есімхан. Сейітбектен Мүтәлхан, Қысабек деген екі бала туған. Мүтәлханнан Түмен, Түменнен Қажымұқан. Қысабектен Есімхан. Негізі Қысабектің алты баласы бар. Осы Есімхан Қысабеков елуінші жылдары Қазақтың заң институтына келіп оқуға түседі. Сол оқудың үшінші курсында жүргенде өнерпаздар жарысына қатысып, студенттік спектакльдерде ойнап, лауреат атанады. Кейін қалалық, республикалық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, көзге түсе бастайды. Тіпті, Алматыдағы жаңа ашылған театрға да шақырылады. Сонда алғаш рет үлкен сахнада Есімхан бірінші рет Бекежанның рөлін, Зеберше Оспанова Қыз Жібек рөлін ойнайды. Мәскеуде өткен Одақтық фестивальда 1950-1956 жылдар аралығында Қазақстанның алғашқы лауреаты болып екеуі бірге қайтады. Интернеттен, мұражайдан осы көріністерді табуға болады екен.

Есімхан батыр тұлғалы, аса көркем, өте сұлу жігіт болған. Жоғарыда айтылған заң факультетінде оқып жүргенде Төлеген рөлін ойнау да ұсынылған. Бірақ Бекежан рөлінің бұйырғанын айттық. Зеберше екеуінің арасында тұтанған махаббатқа «Қыз Жібек» фильмі куәгер сияқты көрінеді. Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбековтермен қатар кинобайқауға қатысқан. Фильмді көрген кезде олардың ойнағанына қарап отырып, Есімхан ойнағанда қалай болар еді деп таңданып, ойланып қоямыз. Бірақ өмір жолы бұралаң, тағдырдың жазғаны болады ғой. Аға-жеңге махаббатының мықты болғандығының куәсі ретінде Зеберше Оспанованың «Сүйгенім менің қалада» әнін айтамыз. Себебі, махаббаттың үлкен шыңына шыққан бақытты hәм сағынышқа толы қыз жүрегінің ғашықтық гимні десе де болғандай ән әлі ұмытылмай жаңа толқын ұрпақтың жүрегін толқытып келеді. Қыз күнінде жазылған ыстық сезімнен туған ән әлі айтылып келеді.

Жан жүрегін жаралаған Есімхан бейнесі – көркемдік деңгейге жеткен шығармаға айналды. Халық біледі, ол кезде Есімхан отбасын құрған, үйленген, бір қызы болатын. Сол отбасынан ажырасып, Зеберше Оспановаға үйленіп, махаббатты қадірлеп, театрға ауысып, біраз рөльдерді бірге сомдаған. Уақыт – құдірет қой. Кімдер келеді, кімдер кетеді, кімдер қалады, оны бір Алла біледі. Тағдыр толқыны ойнатқан, бәлкім қақпақыл қылған екі жүрек қосылып, Зеберше Оңтүс­тік Қазақстан облысы Асықата ауданы Ынтымақ ауылы Алғи отбасына келін болып түсіп, өнермен қоштасты. Есімхан өмірі қайта басталғандай болып, заң факультетін бітіріп, әке ескертуін алып, өмір жолы өзгеріп, театрмен, өнермен ол да қоштасып, заңдылықты қорғау саласына түсті. Зеберше Жетісай, Киров аудандарындағы даңқы дүркіреп тұрған мәдениет ошақтарында жұмыс істеді. Ол кезде филармониялар, халықтық театрлар жұмысы жақсы жолға қойылған еді. Ел аралаған өнерпаздарды, оның ішінде ғажайып әнші, актриса Зебершені де Оңтүстік халқы жақсы танып алды. Болса да барған жерде «Сүйгенім менің қалада» шырқалмай қалмайды. Ол ән – Зебершенің төлқұжатына айналды. Махаббат әнінен енді алыс жастыққа, Астанадаға ірі өнер ордаларында өткен өмірге, Қазақстанға танымал болып театрларда, кинода ойнап жүрген замандастарына, достарына деген сағыныш әніне айналды.

Облысқа мәлім атақты, абыройлы азаматшаның басқа ән, өлеңдері де көп еді. Бірақ халық арпа ішінде бір бидай асылындай осы әнді «Сүйгенім менің қаладаны» есінде сақтап қалды. Көп өлең – әндері талай тыңдалғанымен, баспасөзде жарияланбай, өкінішке қарай, сүйіп айтушыларымен бірге ұмытылып та кетті… «Қаншама әндерін біз тыңдағанбыз» дегендердің өз аузынан, іздесе, халық арасынан бәлкім сол әндерді жазып алуға да болар ма еді?! Әрине, алтын шыққан жерді белден қаз дегендей анандай әсерлі ән шыққан жүректен соған жетеқабыл басқа әндер тумауы мүмкін емес қой. Әнді де, сөзін де өзі жазатын Зебершенің ағамызды махаббат сезіміне бөлеп, отбасы бақытын сыйлап және мәңгілік өмір әнінің кейіпкеріне айналдыра алған талант екенін мойындауымыз керек.

Есімханның қайтыс боларынан сәл ғана бұрын «Зеберше, мен саған мәңгілік ырзамын» дегенін ағайындары естіген. Заң оқуын бітірген соң Шардара аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеді. Зебершеден Бағлан, Аян, Гүлжан, Тоғжан, Бота деген екі ұл, үш қызы бар. Бәрі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар.

Енді әннің тууына сәл тоқта­лайық. Темірланнан барған Зебер­ше Алматыда оқып жүріп кинобай­қауға қатысқан Есімхан екеуі де қазылар сынынан өтіп, бірі Қыз Жібек, бірі Бекежан рөліне бекіген соң, еліне қайтқан. Бой­жет­кен оқуда қалған, жүрегіне шоқ түсір­ген Есімханға «Сүйгенім менің қалада» әнін арнаған ғой және осы әнімен Есімхан түгіл Қазақстан хал­қының жүрегін жаулайды. Ән ша­рықтап, бүкіл әлемді аралап, көгер­шіндей қалықтады. Зеберше 90-жылдардың ортасында қайтыс болды. Есімхан көңілін жаулаған әсем ән ұзақ та баянды шын махаббатқа алып барды. Темірлан деп қалдық, Зеберше Оспанова – әйгілі Қажымұқан оң тізесіне отырғызып, тамақ жегізген немересі.

Есімхан әділетсіздікке шыдамайтын батыр еді. Таңертең қырық шақты милиционерді сапқа тұрғы­зып, бас­тықтар тапсырма беріп жат­қанда, көшенің ана басынан мас жүр­гізуші бұлталақтатып айдап келе жат­қан алып «К-700» тракторы кө­рінеді. Көшенің екі бетіне ауыт­қып, мас жүргізуші әзер айдап келе жатқан үлкен көлікті көрген Есім­хан өзінен кішілердің бірін де жұм­са­май, атыла ұмтылып көлікке жетіп барады. Батырлығы сол – жас-тарды бәлеге ұрындырмайын деп өзі ұмтылған.

«К-700»-дің есігі оң жағында, екі метрге жуық биік, соған қарғып шығып, есігін ашып рульдегі адамды жұлып жерге түсіріп жіберіп, рульге ие бола берген кезде, ар жағында отырған әлгі антұрғанның серігі балғамен басына салып қалған. Иесіз «К-700» ауыр көлік бағанаға қатты соғысып барып тоқтағанда, Есімхан құлап түседі. Бір рота милиционер тұра жүгірсе, жердегі тасқа басы соғылып, қансырап жатыр екен. Көтере-мөтере ауруханаға ала жөнеледі. Тас қала береді.

Ауруханада балға тиіп, жарылған жерді ашып, операция жасап, қанды тазалап, жауып қоя салады. Милиция да, дәрігер де сауатсыздық жасаған. Операциядан соң Есімхан үш күн сайрап жатады. «Басымнан балғамен ұрды, тасқа да оңбай құладым» депті. Аудан милициясының тергеушілері басына балғамен ұрған жүргізушінің серігін ұстамайды. Олардан ақша алып, «өзі құлап, басын тасқа ұрып алды» деп жазады. Салғырттық, немқұрайлылық танытудың арқасында хаттамаға балғамен ұрғаны жазылмай, «көрдік, оқиға былай болған, құлап қалды» деген сөздер жазыла береді. Үш күннен соң Есімхан қайтыс болады. Өлер адам өліп кетті, артында сұраушысы жоқ деген оймен сот екі жүргізушінің парасын алып, азғантай жылға соттап жібереді. Қысабектен Есімханнан бөлек Керімхан, Бұрхан, Махметхан, Уәлхан, Смахан деген алты ұл туған. Мүтәлханнан Ақшагүл, Жәудір, Мәуегүл туған.

Ұлдан жалғыз Өмен бар. Бәрі жылай-жылай жөнеледі. Сот шешіміне Мүтәлхан әкей ғана қарсы шығады. Бәрі ағайынға қарсыласып жүріп, жоғарғы сотқа арыз жазады. Есімханды қайта қаздырып алып, бас сүйегіне балға тигенін дәлелдейді. Құлаған жерінде баяғы тас әлі жатқан болып шығады. Қайта экспертиза өткізілгенде Алматыдан барған комиссия мүшелері ауданның милиция бөліміндегі тергеушілер қандай сауатсыз еді деп таңданыпты. Балға тиген жер өте үлкен де, тастан болған жарақат көлемі кішкентай. Сөйтіп Мүтәлхан әкей тастан емес, балғамен ұрғаннан құлағанын дәлелдеп берді. Басты денеден бөлек алып, Алматыға экспертизаға әкеліп, қайғыдан қан жұтып жүріп, қайта сот болғанда екі жүргізушіге ату жазасы берілді.

Әділетсіздік демекші, Зеберше Оспанованың әнінің таралуы, елдің білуі, ол кісінің жазғаны, оның жер-жерде айтылуы айдай анық болса да, «оныкі емес» деп орындау, әдейі атын айтпау белең алып кетті. Зебершені бүкіл аудан халқы керемет жақсы көретін. Себебі ауданда той-томалақ, өнер жарыстарында, отырыстарда тек Зеберше Оспанованың әндері шырқалатын. Қарапайым қазақ нотаға түсіру, авторлық қорғау, мәтінін тапсыру дегенмен ол кезде жұмысы болмайтын. Қазір де өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Қос-қос автор мінгескен әндер, таласты өлеңдер әлі де көп ұшырасады. Теле-радиодан берілгенде байқап қаламыз.

Әнін айтып, сайрап жүрген халық Зебершені әлі еске алады. Музыкалық аспаптың талайында ойнайтын, бәлсінбей шырқап кететін қарапайым Зебершені ел өте-мөте жақсы көретін еді. Кейде көңілденіп отырып «Ей, сенің көкеңді бір көргенде ғашық болдым. Шыдай алмай ауылға барып осы әнді шығарып едім» деп, «Сүйгенім менің қаладаны» бастап кететін. Жүзі ерекше нұрланып, қуанып, кемпір болған кезінің өзінде, баяғыда қайтыс болып кеткен Есімханын сағынып, баянын баппен, аккордионын аялай тартып шырқап жөнелетін. Беу, Зеберше-ай! Алтындай асыл, жөні бөлек қазақ әйелдері-ай, жібектей жеңешелер-ай. «Әнді шығарғаннан кейін тыңдағаннан соң, көкең де ғашық болды ғой» деп жылы жымиятын.

Жол серігім Қажымұқанның атын да Қажымұқандай болсын деп аталарына айтып, Палуан атасы тізесіне отырғызып, ойнатып өсір­ген соң қойған екен. Кішкентай Қажымұқан­ның анасы Зылиха да қуана келіскен. Бар жақсы адамнан бата алып, ағайын­ды да, нағашыларды да риза қы­лып, Зебер­ше әндетіп, Есімхан әндетіп, мән­ді етіп шілдехана өткен екен.

Жол серігім Қажымұқан әңгімесін әрі қарай сабақтап:
– Зебершенің балалары өнегелі, өнерлі,- деді.Қалдыбек Құрманәлі деген композитор тележәшіктен бір ән кешінде: «Зеберше Оспанова менің әпкем» деп айтып салғалы, сол азаматпен кездесуге құмар болдым. Қалдыбектің түбі қыпшаққа (Зеберше руына) қатысты болды-ау деп, жеңгемнің өнерлі балаларына демеуші-көмекші болайық деп айтқым келген.Үміт оянып, айтып ем, «бұл азаматтар үлкен өнер шеберлігін көрсетсе ғана, мен жәрдемдесуге дайынмын» деп Қалдыбек маған пәлсапа айтты. «Ай, туысқандығың қайда? Әпкеңнің аруағы үшін, бір бұлақтың көзін ашайық та! Жөн сілтейтін азаматтығың қайда?» деп ем қолын бір-ақ сілтеді. Дегенмен оған өкпе жоқ, бұл өмір ғой. Аз атақпен көп бедел жинауға кіріскен пысықтар заманында біреуге артыла берген де дұрыс емес-ау деп пәпігімді бастым.

«Әке-көке!» деп өмір сүретін, заманың түлкі болғанда тазы болуға қам жа­сайтын уақытта үлкен басын кі­ші­рей­тіп, таза өнерге басын иіп Ел Президенті айдай әлемге, 8-наурыз күні, «Сүйгенім менің қалада» деп ән шырқатып қоя берді. Зебер­ше жеңгем баянын арқалап кеп қалған­­дай, Есімхан көкем Бекежан болып кі­ріп кел­гендей, көзіме жас үйіріліп қос ға­шық­тың суретіне қарай беріп­пін…

…«Тағдыр тәлкегі» («Ирония судьбы») деген фильмдегі сияқты өмірдің әрі тарихи, әрі тағлымды hәм күлкілі тұстары да бар. Фильм-ге сенбейік десем, өз өмірімде бір жағдай қайталанып, мен қатты таң қалдым. Мен 1980 жылы оқуға түскен ем, 1983 жылы үшінші курста оқып жүрген кезімде «Қазақфильм» кино байқауға түсуге шақырды. Спортшымын, сымбаттымын. Тарс етіп Есімхан көкем есіме түсті. «Әй, сендер неге мені 1-2 курста шақыр­дыңдар, неге 4 курста шақыр­май­сыңдар» деп сұрап ем, олар түсін­бейді. «Курста тұрған не бар?» деп мен Есімхан көкемнің 3 курста шақы­рыл­ғаны, Зебершемен кездескені, асқақ махаббаты, қиын тағдыры, өнер­мен қоштасуы мен аянышты өлімі есіме түсіп кеткенін айтқанда барып «е…» десті де қойды. Заң факуль­те­тін тастап, өнерге кеткен көкем­нің тағ­дырына мені шақырған қыр­ғыздың актері Бейшенәлиевтің өзі таңғалды. «Қазақфильмде» киноға түсіп жүргенімде достасып кетіп ек. Жасы­ратыны жоқ, денемді, көр­кімді көріп әрі каратэмен айналысатынымды естіп, ойланып жүрген екен. Іздегенге сұраған боп, сол маңайдағы сыраханада жанжал шығып, арты төбелеске ұласып, біраз «өнер» көрсеткен едім. Сондай шалт қозғалыстағы, ерекше жылдам қи­мыл­дағы актерді соңғы фильміне іздеп жүр­ген қырғыз актері сыраханада де­малып отыр­ған болып шықты.

…Мен Есімхан көкем сияқты «тағдыр тәлкегімен» өнерге бұры­лып кеткенде өмірім қысқа болып қалар ма еді деп кәдімгідей зәндем ойға келіп зәрем ұшты. Неге үшінші курста ұсыныс қайталанды? Бір Аллаға мәлім жұмбақ!

…Талдықорғанда қалалық прокуратурада тергеуші болып істеп жүр­генде, асыл жеңгем Зебершенің қай­тыс болғанын естідім. Әне, өмір солай! Ән болса, тірлігіңде мән болады екен-ау.

Осындай заман өтті. Осындай адам өтті. Адамның өмірі, өлімі кей жұм­бақ­тарымен туысқандық, қан­дастық өмірде қайталанады деген рас екен.

…Сондықтан да мен әділетсіздікке қарсы шыққан әкемнің уайымын көріп өскендіктен, әрі Есімхан ағам­ның прокурор боламын деген мақсат жолын қуып ҚазМҰУ-нің заң факуль­тетін бітіріп, шамамша, заңсыз­дыққа қарсы күресіп келемін. Бірақ қыс­тағы қардай әділетсіздіктің арғы беті көрінер емес.

Зеберше, ән тағдыры туралы әңгімемізді немен қорытсам екен деп жүргенімде, арада айлар өтіп, жолсерік болған жігітпен сырлас досқа айналып кете жаздап және Зеберше балаларымен танысып, оның басқа да әндерін іздейміз деп ниеттеніп жүргенімде тағы да бір жақсы адамнан мынандай хабар естідім. Эпилогымызға «ән үстінде үзілген өмір» деп ат қойсақ та болады. Дәрігер Ағман Сабырханұлы мынадай естелік айтады:

– Мақтарал ауданы Асықата елді мекенінің «Ақ алтын» мақта зауыты жағында Сейілбек ағамыз бен Нағима жеңгеміз келін түсіріп, той жасады. Сол тойға мені асаба етіп тағайындап өтініш жасаған соң, тойды өткізіп жатқанмын. Сол тойға Зеберше Оспанова қатысып отырғанын той иесі маған хабарлады. Бір кезде ән айтуға өтініш жасап жатыр деген соң ән кезегін Зебершеге бердім. Ол тойға ән айтуға дайындалып келген екен, қолында гармоны бар. Әнді асқақтата, айқайлап енді бастағаны сол еді, бірден үзіліп қалды. Адамдар апыр-топыр үймелеп, басын сүйеп, аяғын уқалап жатыр екен. Мен не болғанын түсінбей қалдым да, дәрігер болғаннан соң, дереу көмек көрсете бастадым. Жедел жәрдем шақырылды. Жүрегіне сырттай массаж жасап, жасанды дем бердім, бірақ Зебершенің жүрегі сол мезетте тоқ­тап қалғанын анықтадым. Жедел жәрдем дәрі­гер­лерінің ешқандай пайдасы болмады.

Осылайша «Сүйгенім менің қала­да» әнінің авторы, осы жалғыз әнімен атағы бүкіл Қазақстанға тараған асыл жанның өмірі Ән үстінде үзіліп, мәңгілік сапарға аттанып кете барды.

Бұл оқиға 1989 жылы 2-нші желтоқ­сан күні болған еді.

Мылтықбай Ерімбетов,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 5 =