СУИЦИД – ҚАСІРЕТТІ СЫРҚАТ

0 210

ERA_7328

Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен суицидтің алдын алу шараларын жүзеге асыру жөнінде арнайы жиын өтті.

Жиынды ашқан қала әкі­мінің орынбасары еліміздегі әр азаматтың денсаулығы мем­лекетіміз үшін бас­ты құндылық екенін айта келіп, адамдардың өмірін, қауіпсіздігін сақтау ма­ңызды міндеттердің бірі екен­дігін еске салды.

– Өз-өзіне қол жұмсау – дүниежүзін алаңдатып отырған өзекті мәселе. Біз үшін адам өмірі бәрінен қымбат. Сондықтан суицидтің алдын алу,  оған әрекет жасаған адамдарға тығырықтан шығар жол ол еместігін жан-жақты түсіндіру, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту – күн тәрті­бінен түспеуге тиіс. Әсіресе, өрімдей ұл-қыздарымызды осы кеселдің шең­гелінен сақтай білуіміз керек. Ол үшін бірлесе қам жасап, суицидті азайтуға тиімді шараларды жасай білуіміз қажет, – деді Аида Ғалымқызы.

Жергілікті билік өкіл­де­рінің дабыл қағатындай жөні бар. Соңғы жылдары Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлем елдерінің алғашқы легіне еніп отыр. Елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық адам өз-өзіне қол салып, өмірімен қоштасады екен.

Ал Астана қаласында 2014 жыл­дың алғашқы тоқсанындағы көр­сеткіш бойынша өз-өзін өлтіруге ниет еткен 86 оқиға тіркеліпті. Бала­лардың арасында суицидтік әрекет жасаған 7 оқиға болған. Былтыр 124 адам өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеттенген.

Күллі ғаламды толғандырып  отыр­ған суицидтің себебін әркім әрқалай түсіндіріп жүр. Кейіреулер мұны психикалық сырқат десе, енді бірі жалғыздықтан, ішкі күйзелістен, тығырыққа тірелгендіктен болатын құбылыс дейді. Не десек те, бұл – үлкен қасірет.

Аида Балаеваның айтуынша, кейбір ата-аналар жұмыс­басты­лық­пен балаларына жете көңіл бөле алмай жатады. Әке-шешесінен өзіне деген жылылық көре алмай, жал­ғыз­сыраған жасөспірім қиын­дық­тан
шығу жолды бас­қа­­дан іздеуі мүмкін. Сон­­­дық­тан баласының не­мен айналысып, қандай жағдайда жүр­­­генін ата-ана қалт жібермеуге тиіс.

Жиын соңында басқарма басшыларына суицид оқиғаларын азайту мақсатындағы нақты ұсыныстар мен бірлескен жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма жүктелді. Бұл мәселе келесі жиында жан-жақты талқыланатын болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =