СУИЦИД ҒАСЫР ДЕРТІ МЕ?

0 214

Соңғы 50 жылда бүкіл әлемде суицид оқиғалары 60 пайызға өсті. Дүние жүзінің 10-24 жас аралығындағылардың мезгілсіз өлімінің негізгі себебінің бірі осы болып отыр. Сарапшылар 2020 жылға дейін бұл қасірет қазіргісінен де 1,5 есеге артады екен деген қауіп айтады. Десе де, арыс­тай азаматын, желкілдеп өсіп келе жатқан баласын қылбұрау­дан шешіп алғандардың беріш болып қатқан жарасын тырнаудан аулақпыз. Мақсатымыз – суицидке жеткізген жайтты талдап, оның да әлеу­меттік кесел, қатерлі құбылыс екеніне көз жеткізу.

Мұның күннен-күнге белең алып бара жатқаны айтпаса да белгілі. Өкініштісі, мұндай жағдай өте жиі қайталанады. Содан да болар, бұған етіміз үйреніп кеткен. Әрі кетсе үш күн шуылдап жылап, жер қойнына беріп тыншығанбыз. Не болды дегенге, қара жамылып отырған жан «өлеріне көрінді ме, соңғы күндері басымен алысып кетіп еді» немесе «соңғы кезде өзінің де, бала-шағасының да берекесін алып кетіп еді» деп еске алады.

Мәселе марқұмның «соңғы кезіндегі» мінез-құлқында жатыр. Мамандардың айтуынша, егер ер адамның басына жаман пиғыл келсе, онда оны орындамай тынбайды екен. Оның қасында әйелдер өзіне көңіл бөлгізіп, елді дүрліктіру мақсатында арқанға жүгіретін көрінеді. Осындай әйелдің ессіз бес әрекетіне бір ер-азаматтың асылып өлгені келетіні де ащы дерек.

Бұрындары көпшіліктің көзіне түсе бермейтін адам өмірінің қалтарысы болатын. Тірі жанның ажалға, қайғыға қарсылығы болатын. Дүние­нің бәрі шоу мен селфиға айналғанда, кісінің көз жасының қадірі, адамда қасиет қалмады. Шіміркенбейтін болдық. Сонда да болар, арқанға асылып өлу супермаркетке барып келетіндей қалыпты нәрсеге айналып келеді. Тіпті кісінің екі өмірі бардай, мәселенің шешімін де осы әрекетпен шешу жеңіл көрінеді. Өмірдің, жарық сәуленің құнсыз қалғаны осы да

Әзәзіл адастырғандардың 60 па­йызы көктем мен күзде көтеріледі. Психиатрлардың бұл «жаңалығы» біз үшін таңсық емес. «Құс келерде, құс қайтарда» деген ұғым ежелден бар. Көктем-күзде кейбір адамдардың күшәла жегендей есеңгіреп не болмаса әдеттегі қалпынан ауытқып, тосын әдет шығара бастайтындары жиі кездеседі. Мұндай шалықтап ауырғандарды дұғасы мықты қожа-молдалар оқып, кеселін қайтарушы еді.

Ал қазіргі медицина бұған жеткізген «депрессия», «күйзеліс» деп анықтап отыр. Қазақстандық психологтардың айтуынша, өзіне-өзі қол көтергендердің 30 пайызының психикалық ауытқушылықтары болса, 70 пайызы қоғамдағы әлеуметтік-­экономикалық қиыншылықтардың кесірінен көрге жүгіреді екен. Міне, 30 пайызға кіретіндердің асыл емі дұғасы мықтылардың, ілімді молдалардың шарапатынан еді. Енді ол жоқ, ондай тәжірибе медицинада қаралмайды.

Қалған 70 пайызының әрекетіне әрқайсымыздың қатысымыз бар деуге болады. Оған алдымен мына қым-қуыт заман себепші болып тұр. Адам баласы өзін-өзі тығырыққа тіреген сияқты. Күнделікті кездесетін қиындықтар, тұрмыстың күрмеуі қинайды. Бір шарттылықты жасап алып, соның шегінен шығуға қорқамыз. Балаларды баудай құлатып жатқан ҰБТ-ға да мән беріп, дүниенің шегіндей көріп, діріл қағамыз.

Жаманы, кісінің қайғысына да немқұрайлы қарай бастадық. БАҚ құралдарында, әлеуметтік желілерде кісісі өлген оқиғаларды ашық көрсетіп, көзімізді үйретті. Бара-бара етіміздің үйренгені соншалық, ештеңеден тартынбайтын болдық. Міне, ақпараттық заманның ықпалы. Бұрындары көпшіліктің көзіне түсе бермейтін адам өмірінің қалтарысы болатын. Тірі жанның ажалға, қайғыға қарсылығы болатын. Дүниенің бәрі шоу мен селфиға айналғанда, кісінің көз жасының қадірі, адамда қасиет қалмады. Шіміркенбейтін болдық. Сонда да болар, арқанға асылып өлу супермаркетке барып келетіндей қалыпты нәрсеге айналып келеді. Тіпті кісінің екі өмірі бардай, мәселенің шешімін де осы әрекетпен шешу жеңіл көрінеді. Өмірдің, жарық сәуленің құнсыз қалғаны осы да.

Кейде асылып өлгендер мен тірі жүргендердің қайсысының кінәсі ауыр деген ой келеді. Бұрындары Алланың аманаты – дүниеден өздігімен баз кешкендерге дін тарапынан тежеу болатын. Бұл тірілерді тәубесіне келтіру үшін керек те еді. Өздеріне қол жұмсағандарды да арулап көміп, әрекетін ақтап алғандай әсер қалдырады.

Михаил ИВАНОВ, психолог:
– Суицид мәселесімен медицина, педагогика салалары, құқық қорғау органдарымен бірге үкіметтік емес ұйымдар, жекелеген психологтар айналысуда. Оның жақсы нәтижелері де жоқ емес. Дегенмен нақты қалалық үйлестіру орталығы қажет сияқты. Адам жаны өте күрделі. Бір жағдайда медицинаның құдіреті жетпеген түйінді психолог шешуі мүмкін. Немесе тәрбиедегі олқылықты педагог толтыруы мүмкін. Мысалы үшін, психикасында ауытқушылық бар баланы психиатр кеңесіне жіберу керек болады. Психолог психиатр емес. Бірлесе жұмыс істеген сәтте нәтижесі оң болады. Суицидтің күрделі құбылыс екенін халыққа жеткізіп, ақпараттандыру қажет-ақ. Сонда ғана тиімді жұмыс жүріп, өзара түсіністік орнап, бар күшіміз бір бағытқа жұмылар еді.

Екі дүниенің аражігін аша алмай, мына дүниеге не үшін келгенін біле алмайтындар барында асылып, суға батып, у ішіп өлгендердің қатары арта берері анық. Адамдардың енжарлығы, жақындарының немкеттілігі де жүйкесі нашар, көңіл күйі құбылмалы, жер бетінде нық тұрмай, тайғанақтап жүргендерді ит өлімге жетелейді.Бір жақсысы, қазір мектептерге дейін бір-бір психолог бекітілген. Одан қалды, үкіметтік емес ұйымдар да осы аурудың алдын алуға жұмылдырылып отыр.

Дүние жүзіндегі психология саласына қатысты әдебиеттердің 80 пайызы Америкада басылып шығады екен.Жалпы, практикалық психология­ның атасын Зигмунд Фрейд деп те айтады. Соған қарап, америкалықтардың бәрі ауру ма дерсің. Алайда олай емес, олар Американы ашпаған, тек жаңа ғасырдың індетіне дер кезінде мән беріп, осы саланың дамуына күшін салған.

Өмір сүруге ең қолайлы дейтін Швейцарияда өзіне-өзі қол жұмсайтындардың саны соңғы 20 жылдың бедерінде күрт төмен түсіпті. Мұнда арнайы мамандар күйзеліске түскендерге тегін қызмет көрсетеді. Жалпы, Еуропада антидепрессанттар қабылдайтындардың саны артқан. Бұл да емнің бір амалы.

Қоғамдағы көптеген құбылыстарды нақты атымен атау қажет. Олай болса, суицидтің де алдында қауқарымыз аз екенін мойындайтын кез келді. Мемлекет тарапынан арнаулы бағдарлама жасалып, қоғам қозғалуы қажет.Дүние есігін ашқаннан адамның алдымен жанын тәрбиелеуге ден қоймай, өмірдің мәнін жетесіне жеткізбей, бұл кеселдің алдында шарасыз қалпымызда қала беретін сияқтымыз.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + twenty =