«Сұхбат деген – ақ сандық, ақ сандықтың ішіндегі көк сандық…»

0 456

Мен «Астана хабары» газетінің редакциясына 2008 жылы маусым айында шолушы болып қызметке қабылдандым. Бас редактор белгілі ғалым, һәм қаламгер Амантай Шәріп. Бас редактордың бірінші орынбасары жаһан жайлаған бар қазақтың жоқшысы Талғат Батырхан, танымал журналист, энциклопедист Мақсот Ізімұлы, қазақы танымның, қазақы болмыс­тың бір білгірі Бекен Қайратұлы жұмыс істеп жүр екен.

Бұл – Жұмагүл Саухат, Жанболат Аупбай, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы қатарлы қазақ баспасөзінің өз заманындағы қатепті қара нарлары газеттің қабырғасын қатайтып, елордалық төл басылымды БАҚ-тың қара шаңырағына айналдырып үлгерген кез. Қоғамның ағымымен өзгерген «Астана ақшамы» деген алғашқы атауы сол тұста қайта оралды. Аты қалалық болғанымен, заты елордада шығып жатқан соң, бір ғана аумақтық-әкімшілік, жаңалық, хабар, репортаждармен шектелмей, мазмұны бойынша елдік, мемлекеттік, тіпті Қазақстан Республикасының жекелеген халықаралық дәрежедегі жоғары деңгейлі іс-шаралар туралы да тиісінше баяндалатын. Сондай халықаралық жиындардың бірі Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп жатқан кез. Алқалы жиынға алыс-жақын шетелдерден сол мемлекетте тұратын қаны қазақ қайраткерлер келіп, елордадағы ағайындарымен арқа-жарқа қауы­шып, таныс-білістік артады. Сол күндердің бірінде ҚР Президенті әкімшілігінің қызметкері, жазушы Рахымжан Отарбаев қоңырау шалды. Қытайдан келген, аты алып елдің ауызында жүрген атақты режиссёр Жанар Сағатқызынан сұхбат алуды тапсырды.
«Жанарды сол арадан табасың» деген жерге іздеп бардым. Бос емес екен. Баспасөз мәслихатының бітуін біраз күтуге тура келді. Жанар десе Жанар-ақ екен. Екі көзі оттай жанып, жамалы жайнап тұр. Сұхбаттастық. Әңгіменің әсерлілігі соншалықты, арқауы автобуста отырғанымда-ақ үйге жетпей түзіліп үлгерді. Компьютер экранында Жанардың жауаптары тізбек-тізбек төгіліп жатты. Таң да атты, айқара бетке сиятын сұхбат та дайын болды. Редакцияға келіп материалды жауапты хатшыға өткіздім де өзім кезекті тапсырмаға кеттім. Есіктен шыға бере естігенім – «Бүгін айқара бет бос емес. Бас редактордың «Қыз Жібек» фильмінің 40 жылдығына арналған мақаласы газеттің екі бетін кернеп тұр». «Ой-й-йй, Құрылтай біткенше сұхбат жарияланып үлгерсе деп едім-м-м-мм…» деп ойлап кете бардым. Өкпелеген де, өкінген де жоқпын, өйткені басылым атаулының табиғаты осындай, кезегіңді күтесің…
Тапсырманы тиянақтап түстен кейін келсем бас редактор айқара беттен өз мақаласын сылып алып, менің сұхбатымды салыпты. Қуанып кеткенімді жасыратын несі бар. Бұл – кісілік, мәрттік қана емес, қазақ баспасөзі басшыларының ықылым заманнан бері келе жатқан төл басылымына деген жанашырлығы, кейіпкерге деген құрметі.
…Сұхбат демекші, публицистиканың бұл саласы менің жаныма жақын жанр. «Ана тілі» газетінен бастап, «КазАқпарат» агенттігінде, одан осы «Астана ақшамында» «Сегіз қызым – бір төбе, кенжекейім – бір төбе» деп санап, өзге ақпарат, хабар, мақалалардың сыртында сұхбат мен үшін бекзат, бекзат қана емес-ау дегдар текті гауһар тұғыр. Кейбіреу сұхбатты тілші мен кейіпкердің екеу ара әңгімесі, журналистиканың ең жеңіл түрі деп санайды. Жо-жоқ, әріптестер! Сұхбат – деген ақ сандық, ақ сандықтың ішіндегі көк сандық. Ерте заманғы ертегілерде «Перінің жаны ақ сандық, ақ сандықтың ішіндегі көк сандық. Көк сандықтың ішінде жатыр» деп келуші еді ғой. Жақсылардың кеудесі алтын сандық, расында «Кілт болмаса, сандықты кім ашады», сол кілт – сұхбат еді-ау. Кілт – сұхбатпен кейіпкеріңнің көкірегіндегі сырды да, шерді де ашып аласың. Шын сұхбаткер тілдің ұшындағы сөзді ғана емес, көкіректің ішінде, жүректің түбінде жатқан әңгімені әріден қозғап, бері тартуға шебер болуы керек. «Аманжол – Рахымжанның Қасымы» айтқандай, «шарлаған жолым жатыр жер бетінде, көрінер көлеңкесі келбетімде» деп, өзге емес, дариға-ай, өзі-ақ айтып берер-дүр өз жайында…
Теңізден маржан сүзгендей, гауһар тасты қашағандай қажетті сөздерді теріп, тізіп сұхбатқа салғанымда Абай айтқандай – «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» дейсің сұхбат деген дегдарға.
Бүгін қайдам, кешегі жас журналистердің кейбірі – «Ана кісі сұхбат бермей қойды, мынау адам дайын сұхбатымды жариялауға рұқсат етпеді» деп ренжиді. Сондайда абайлап, райлап «Сен қандай сауал­мен бардың, нендей сұрақтар қойдың?» деп суыртпақтайсың. Жауабына бір, көңіліне екі қарап «Көкежаным-ау, сен оның көке­йін­­дегі емес, аузындағы сөзін ғана алыпсың ғой» дейсің…
Әлбетте, ешкім ә дегеннен сұхбат алушы болып аспаннан түсе қалған жоқ. Бағыма қарай мен «Ана тілі» газетінде үш бірдей ұстаның, ұстаздың өнегесін алдым. «Ана тілінің» Ақпарт «айнасынан» бастап, сөзбен ойлантуға, сөзді ойнатуға баулыған Бауыржан Омарұлы айтқандай, «Баспасөздің баһадүрі» Жарылқап Бейсенбайұлының үлгісін тұттым. «Журналистен жазушы болуға болады, ал Жарылқап Бейсенбайұлы жазушыдан журналист шығарды», бұл да орақтілді Омарұлының сөзі меңзегені – мен өткен мектептің ұстасы, ұстазым Марат Қабанбайды меңзегені. Бұрын-соңды жалын ұстап көрмеген маған Мерке Құлкенов «Ана тілі» газетіне басшы болып келген алғашқы күндері-ақ сәйгүлік сұхбаттың екі тізгін, бір шылбырын қолыма ұстатып, «Атамұра» корпорация­сының президенті Мұхтар Құлмұхаммедтен сұхбат алып кел деп тосыннан тапсырма берді…. Осылайша, ол алдымдағы екі ұстазымның үйреткен алтын арқаулы жібек жіппен түйіндеп, сұхбаттың сара жолына салып жіберді. Талай тарландар мен марғасқа майталмандармен жүргізген сұхбаттар «Астана ақшамы» газетінің бетінде кестенің бедеріндей белгісін қалдырды деп айта аламын. Сол жылдарғы тігіндіні парақтасаңыз кезігіп қаларсыз. Оның сыртында қаламымыздың ұшында сия қатып қалғандай жазылмаған, жарияланбаған дүниелер де бар еді. Кеше ғана офтальмолог келінім айтып келді: «Кеңес кезінде Қонаевтың ұшқышы болған қарияның көзіне күрделі ота жасадық». Ойыма осы сәт «Ох, шіркін ол кісіні осыдан оншақты жыл бұрын білгенімде «Астана ақшамына» тамаша бір әңгіме айтып берер еді-ау» дедім ішімнен. «Ана тілі» газетінде бірге қызметтес болған ақын Байбота Серікбайұлы айтып еді: «Біздің ауылда бір етікші өткен, сол кісі радиодан Роза Бағланованың әнін тыңдап отырып, әй, мына өлеңшіге бір байпақ тігіп беретін екен» депті сүйсінгеннен. Сол сияқты мен де «Ана жерде жақсы жүр, мына жерде жайсаң жан отыр» деген сөз құлағыма жеткенде «сұхбатқа айтар сыры көп шығар, ә!» деген ой қамайды…
Сұхбаттың бір қасиеті бар, кейде тақырыпты да өзі-ақ тауып береді. Оны мен анау бір жылдары «Ана тілі» газетінде тілші болып жүргенімде Бетпақдаладан алтынның кенін тапқыш атақты геолог Дубек Дүйсенбековпен бірге сол Бетпақдаланы көктей шарлап жүрген сәтімде аңдадым. Алтын тапқыш адамның айтуға сөз таппайтыны қызық екен. Сөз шығара алмай ширыққаннан ол кісіні шамырқандыруды ойладым. Әрі шөлдеп те кеткен едім. «Ақбақайыңызға қашан жетеміз, қайтайықшы мына бір мізбақпас, қылтанағы жоқ бедірейген Бетпақдаладан шығайықшы өзі!» дегенімде 70 жастағы геолог маған қарияға жат шалт қимылмен жалт қарап «Бетпақ емес, бұ дала алтын-н-нн дала!» деп қадап сөйлегенінде «Ох! Сұхбаттың арқауын да, тақырыбын да таптым!» деп қатты қуанғанмын. Бетіне қарап біз Бетпақ дейміз, ал астында 720 шақырым доға тәріздес иіліп жатқан алтын кенінің көзін тапқан адамға бұ дала алтын болмағанда ше! Геолог ағамыз өзі тапқан алтын кен орындарына «Ақбақай», «Япурай», «Қарғаш», «Алқоңыр», «Назқоңыр» секілді қазақ әндерінің атын берген.
«Астана ақшамына» Алматыдан ауысып келген жылдары Амантай Шәріп шақырып алып: – «Алматыда қазақтың талай марғасқасы қалды. Сәті түссе, солардан сөз алып қалу керек, Раушан. Қанша мәрте қажет болса, соншама рет іссапар ұйымдастырып берейін. Сол кісілермен сұхбат жүргізіп кел» деп тапсырды. Роза Бағланова, Гүлфайруз Исмаилова, Сәуле Қабдолова, Ділдә Матайқызы, Әзілхан Нұршайықов, Әбдуали Қайдар, Әмен Хайдар, Әмин Тұяқов сынды алыптармен қатар отырып, тілдесіп, сауалыма жауап алып, Алатаудан алып келген олжаны он – сан оқырманның алдына тартып едік. Амал не, сөйлесе алмай қалған бірлі-жарым ғазиз жандар да болды. Солардың ішінде Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Хәкімжан Наурызбаев болатын. Кейде бір тұлғаның бір ауыз сөзінің өзі нар көтерер сұхбатқа өзек боларын бірден аңдайсың. «Қазақстан» ұлттық арнасының бас редакторы кезімде Алматыдағы бір жиында атақты мүсіншінің: – «Абайдың ескерткішін жасай алмай, оның табиғатын, тұлғасын, болмысын келтіре алмай шарасыздықтан талай мәрте жыладым да. Әбден талықсып ұйықтап қалған бір күні таң ата түс көрдім. Түсімде мен жатқан бөлменің терезесінен… Апырым-ай… Абайдың… Өзі кіріп келе жатыр!!! Басында тақия, иығына шапанын желбегей жамылған, қолтығында кітап. «Міне, менің ескерткішімді дәл осылай жаса» деп мені жанап, жанымнан өтіп бара жатты!.. Оянсам, терезе ашық, жеңіл шілтерлі терезе пердесі таудың самалымен иығымды, қарымды желпіп тұр екен. Күн шықпастан төсегімнен атып тұрып, ұмытып қалмайын деп күндіз күлмей, түнде ұйықтамай, мына өздеріңіз білетін ескерткішті жасап шықтым». «Шіркін-ай, бас редактор емес, осы кезде жәй тілші болсам ғой, газетке тамаша бір сұхбат жасар едім» деп сол жолы теледидардағы қызметіме қатты асығыс болғандықтан Хәкімжан ағаға қайырыла алмадым…
Арада бірнеше ай өткенде «Астана ақшамынан» Алматыға іссапармен келіп, ең алдымен Абай ескерткішінің авторына қоңырау шалдым. Арғы жақтағы дауыс ол кісімен сөйлесуге кешкісін ғана келе алатынымды айтып, мекенжайын берді. Қуана-қуана бардым. Үйі тау­дың етегінде екен. Атшаптырым ауланың арғы түкпірінен Кеңес кезінде салынған қос қабатты қоңыр­қай үй көрінді. Қау басқан есік алдында бірнеше үлкен-үлкен бюст тұрды. Әрі кешқұрым, әрі таудың аңғары, көз байланып қалған шақ. Өтіп бара жатып Ғабит Мүсірепов­тің, Қаныш Сәтбаевтың гипстен жасалған кеуде мүсінін аңғарып қалдым. Үйге кірдім. Бірінші қабатта күтіп отырдым. Шамалы уақыттан кейін жоғарыдан баспалдақты сықырлатып, кемдеу аяғын сылтып басып Хәкімжан аға түсіп келеді. Анау жолы аңдамағанмын ба, алып мүсіннің авторы шөкімдей болып шөгіп қалған екен. Күлімсірегені де күлгіндеу. Әңгімені бастап кеттік. Жадынан көп нәрсе шығып қалған ба, әр жерден бір терген сөзі жуыспай қойды. Сөздің арасында өзіне жұмыс істеуіне Қонаевтың көп жағдай жасағанын, ауқымды жерді бөліп беріп, осы үйді салдыртып бергенін айтты. Дегенмен соңына дейін суыртпақтап болса да сыр тартуға бекіндім. Амал қайсы ақыры сұхбат ала алмадым. Оның ба, менің бе, көңілімде бір алаң көлденеңдей берді. Қаланың шетінде екенімді, қараңғы түсіп кеткені, жаяу екенім есіме алып енді ғана қорқасоқтай бастадым.
…Өзі, кейде, өмір ғана емес өзің тізгінін ұстаған жұмыстың барысында осындай-осындай қызықтар болып тұрады. Қазақтан шыққан виртуоз гитарист Қорабай Есеновпен жүргізген «Гитараның жеті атасы – жетіген» деген сұхбаттың мерзімі белгіленген кезде маған аяқ астынан суық тиіп қалды. Бірақ сәті түсіп тұрған сұхбатты сусытып алмауым керек, қарашаның қар ұшқындатқан қара суығына қарамастан Жаңаарқаға жол тарттым. Температурам 39,7-ні көрсетіп тұрса-дағы, сыр бермей, сыр тарттым… Қорабай ағаның сол жолғы сөздерін диктофон жерге түсірмей, аязға қарытпай қағып алып жатты. «Мына қолдар анадан ерте айырылған кішкентай қарындасым аш қалмасын деп бала күнімде қамыр илеп әбден жаттыққан қолдар…», «…тәтем, әкемді тәте деуші едім, кезінде мені үлкен сахнаға жібермей ауылда алып қалғанына кейінірек талай мәрте радиодан әншілерді тыңдаған кезінде көзінен жас парлап, басын шайқап қатты өкінуші еді. Ал өзім ше… Өзім… Өзім де радиодан гитараға қосылып ән шырқағандардың дауысын естіген сәтте қорада қамау­лы тұрған арғымақтың сырттағы тұлпарлардың тұяғының дүбірі құлағына жеткенде шылбырын үзе алмай шыңғыра кісінегеніндей күй кешемін…» деп дауысы дірілдеп көзіне толған жасты көрсетпейін деп, сиректеу кірпіктерін төменге түсірген күйі көз алдымда…
Әлқисса деп әңгімені әрі тарта беруге болар еді, дүние деген ұлы толқынның басын көрген, аяғын көрген кім бар?! Адамзат өз ғұмырында, бүгінгіше айтқанда «сеанстың ортасынан келіп, ортасынан кетеді ғой», қызмет те солай. Бастауын отыз жыл бұрын алған бұлақтың аяғы өзенге, көлге, теңізге, мұхиттарға құя бергей. «Астана ақшамы» деген ұлы мұхиттың төсінде сұхбат деген крейсерлер көкшулан толқынды көктей жарып, жүздеген жылдар бойы жүзе бергей!

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ,
ҚР Президенті
грантының иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + fifteen =