Сүгірдің күйін жинаған

0 39

«Ұлы даланың ұлы күйшісі» атты кездесуде күйші-­композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған «Теріскей толғаулары» кітабы таныстырылды.«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі­нің қолдауымен жарық көрген «Теріскей толғаулары» кітабының авторы – Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.
Кітап Қорқыт баба мұрасының жалғасы Ықыластың шәкірті, Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, күйші-композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған.
Кітапта Сүгірдің 60 күйі және оның ұстаздары мен оның өнегесін көрген шәкірттерінің сирек орындалатын туындылары жинақталған.
– «Теріскей толғаулары» кітабы антологиялық сипаттағы әдебиет болады деп ойлаймын. Кітап арнайы кәсіби музыкалық білім беретін оқу орындарына оқу құралы ретінде, мәдени өнер ошақтарына музыкалық-танымдық әдебиет ретінде ұсынылады. Аталмыш еңбек Сүгір күйшінің мұрасын құрмет тұтатын барша оқырман аудиториясының қажетіне жарайтын әдебиет. Кітаптың ішінде жаңалық өте көп. Басым бөлігі бұрын жарияланбаған күйлер. Кітапқа заманында өзі өнеге көрген және батасын алған ұстаздары – Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы сары Тоқа, Бапыш Қожамжарұлы, Сатыбалды Бегайдарұлы сынды халық күйшілерінің туындылары мен Сүгір мектебінің өкілдері, оның ішінде Асқар Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Көбдік Кәрбозов, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды көптеген композиторлардың күйлері кірді. Сүгір Әліұлының орындалмаған күйлері өте көп. Революцияға дейінгі, совет кезеңіндегі, Созақ көтерілісі, дала аңызы сияқты күйлері бірнеше тарауға бөлінеді. Кітапқа енген күйлерді зерттеп, іздеп, нотаға түсіру, оларға музыкалық анализ жасау сияқты мәселелерге 15 жылдай уақытымды арнадым, – деді кітаптың авторы, белгілі күйші Жанғали Жүзбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 18 =