Судың сұрауы, электрдің есебі бар

0 53

Карантин кезінде астанада жұрттың көбі коммуналдық төлемдер қымбаттап кетті деп шулап жүрді. Кейін белгілі болғандай, карантин кезінде коммуналдық төлемдерді жинайтын мекемелер карантин жағдайында әр отбасының істеткен электр, суын отбасы сайын аралап тексеру мүмкін болмағандықтан, карантиннен бұрын істеткен электр, суының мөлшеріне қарап жаза салған болып шықты.Электр мен судың есебін алатын қызметкерлер келгенде үйде адам жоқ болса, мөлшермен жазып кете беретіні бұрыннан белгілі. Ал оның артық-кемін қайталай тексертіп жүруге тұрғындардың көбінің уақыты бола бермейді. Кейбір тұрғын үй кешендерінің тұрғындары ай сайын істеткен электрін, суын фотоға түсіріп өзі мәлімдеп отыруға міндетті. Қазіргідей пандемия асқынып тұрған кезде коммуналдық төлемдер жинайтын мекемелердің қызметкерлері үй са­йын аралап жүруі тіпті қауіпті. Бізше, осы салаға да реформа керек секілді. Мәселен, Қытайда ешкім сенің ­үйіңе келіп, істеткен электр мен суыңды тексеріп жатпайды. Сіз де оларға ай сайын есеп беріп отыруға міндетті емессіз. Себебі бұл елде электр мен суды тұрғындар алдын ала сатып алады. Яғни әр отбасында электр, су сатып алатын арнаулы карточка бар. Тұрғындар өз жағдайына қарай отырып, ток суын сатып алғаннан кейін (онлайн сатып алуға да болады), карточканы ток, су сағатына счетчик салса болғаны, құрылғы автоматты түрде төленген сома бойынша су, ток береді. Карточкадағы ақшаңыз біткен күні су тоқтап, тогыңыз өшеді. Бұл бір жағынан ток, су ақысын жинаудың қиыншылығын жеңілдетсе, екіншіден, тұрғындарға да қолайлы. «Артық алды, кем төледі» деген сөз атымен болмайды. Бізше, елімізге де осы әдіс керек секілді. Өйткені тұрғындар арасында коммуналдық төлем мекемелерінің қызметіне болған наразылық та аз емес. Ал жоғарыдағы әдіс қолданылса, коммуналдық төлем жинайтын мекемелердің қызметкерлері әр үйдің есігін қағып, ток, су ақысын уақытылы төлемегендерді қуалап, жаманатты болмайды. Әр тұрғын өзі сатып алып тұтына береді.
Ток демекші, көптеген тұрғын үй кешендерінде кіреберістердегі, дәліздегі шамдарына сарп болған токты сол тұрғын үй кешенінде тұратын тұрғындар болып төлейді. Ол шамдар күндіз-түні жанып тұрады. Оны өшіріп, электр энергиясын үнемдеп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, бір дәлізге 10 ваттық екі шам орнатылған десек, бір айда 20 ватт (0,02 кВт) ток сарп болады. Осылай есептегенде 10 қабатты ғимараттың бір кіреберісінің өзі бір жылда 1752 кВт/сағ электр энергиясын шығындайды. Ал шетелдерде электрді беталды ысырап қылмау үшін кіреберістерге адам кірсе жанып, адам жоқта автоматты өшіп тұратын шамдар орнатылады. Ал бізде әр үйдің кіреберісінде, дәлізде босқа ысырап болып жатқан электр­ді үнемдеуге ешкім бас қатырып жатқан жоқ.
Жақында көршім мынадай бір әңгіме айтты. «Коммуналдық төлем алатын мекеменің қызметкерлері счетчик орнатқаныңызға 8 жыл толыпты. Техникалық тексерістен өткізіңіз» деген соң, ПИК-ке хабарласып, электрик шақыр­дым. «Келіп счетчикті алып, салып бергенім – 5000 теңге» деп қарап тұр. «Біз ай сайын ПИК-ке ақша төлеп отырған жоқпыз ба? Ал сіз сол ПИК-тің қызметкерісіз ғой, ендеше неге сонша қымбат?» десем, «бізде түзім осындай» дейді. «Ендеше ПИК белгілеген баға өлшемін көрсетіңіз» десем көрсетпейді. «Қытайда да осылай ма?» деп сұрады.
Қытайда тұрғындар ПИК-ке қызмет өтеу ақысын төлегеннен кейін, жоғарыдағы сияқты жұмыстарға тегін қызмет көрсетеді. Тек тұрғындар ток, су құрылғыларының бірдеңесін ауыстырғысы келсе, яғни ол ПИК-тің қызмет көрсету аясына кірмесе ғана азын-аулақ ақшасын төлейді. Оның бағасы да нарықтан арзан. ПИК белгілеген өлшем бойынша ақшасын алады. Ал бізде ПИК қызметкерінің қолы тиіп кетсе ақша сұрайды. «Бір шегені ақысыз бұрамаса, сонда тұрғындар не үшін ПИК-ке ай сайын ақша төлеп отыр?» деген сұрақтың тууы да заңды. Өйткені судың сұрауы болса, электрдің де есебі бар ғой…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + twenty =