СУДЫҢ ҚАТЕРІН ҚАПЕРДЕН ШЫҒАРМАҢЫЗ

0 162

құтқарушылар

Жаз болса Есілдің өн бойында сейіл құрып, суға қармақ салып балық аулап, көк майсаға жайғасып тыныстап, өзеннің суына шомылып жатқандардың саны бір толастаған емес. Шомылу маусымымен бірге қауіп-қатердің де еселене түсетіні белгілі. Біз осы орайда Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Ермек Әлібековтен жаңа маусымға дайындық барысы жөнінде білген едік.

– Ресми түрде шомылу маусымы ашылса да, судың әлі болса да салқындығы бар. Оның адам өміріне қаншалықты қаупі бар?

– Салқын суға шомылудың, әсіресе сүңгігенде адамның қан тамырлары жиырылып, бұлшық еттері күрт тартылады. Сондай жағдайда адам есінен танып, тынысы бітеліп, жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Дені сау, шыныққан адамдардың қауіпсіз шомылуы үшін судың температурасы +18°С, ауа температурасы +22°С болу керек. Биылғы жаз салқындау болып тұрған себепті Есілге шомылуға әлі ертерек дер едім.

– «Суға кеткен тал қармайды» деген сөз болса да, техниканың күші мен мамандардың біліктігі адам құтқаруда басты орын алады ғой. Қызметтің техникалық базасы қалай жабдықталған?

– Елордада жағажайда демалу қауіпсіздігін бақылаумен Астана қаласының ТЖД Суда құтқару қызметі айналысады. Биылғы жаз маусымына 13 моторлы қайық сақадай сай тұр. Сонымен қатар, төрт жедел автокөлік пен штаттағы он сүңгуір күндіз-түні Есілдің бойын қадағалайды.

– Сайманыңыз сай болса да қатер қайдан келеді деп ойлайсыз?

– Демалушылар көп жағдай­да шомы­латын жерге көңіл аудар­майды. Ең бастысы, арнайы жабдықталған, суға түсуге рұқсат етілген орынды таңдау керек. Яғни, құтқару­шылар патрульдік жасайтын жағажайлар мен арнайы белгі­лен­ген орындарда ғана шомылу қажеттігін қаперден шығарады. Оның салдары қайғылы оқиғаларға алып келді. Өткен жылы қала аумағында 25 адам судан құтқарылды. Оның үшеуі – балалар. Сегіз адам судан ажал тапты. Статистикаға сүйенсек, зардап шеккендердің жалпы санының 70-75 пайызы 30 жасқа дейінгі жастар болса, 20 пайызы – балалар мен жасөспірімдер.

– Жаңа шомылу маусымында төтенше жағдайлар болды ма?

– Екі жігітті құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ал, мамырдың орта шенінде тыйым салынған жерде шомылған бір адам суға батып кетті. Айта кетейік, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі мас күйде шомылып, суда шомылудың ережелерін білмеудің немесе сақтамаудың салдарынан орын алады.

– Онда оқырмандарды бас­ты ережелермен таныстыра кетсеңіз.

– Суға түскенде жағажайдағы шектелген белгіден асып кетуге болмайды. Шомылуға жабдық­талмаған және тыйым салынған орындарда шомылудың қатерлі екенін есте сақтаңыздар. Жүргінші және көлік көпірінен суға секіру қауіпті.

Қала аумағында қалалық жаға­жайда суға түсуге рұқсат етілген. Осында кішкентай балаларға арналған арнайы қоршалған, суы таяз жер барын естеріңізге салайын. Өмірлеріңізді қатерге тікпей, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =