СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

0 669

9325

Су – тіршілік көзі. Өмір сүру үшін оның маңызды екенін әркім біледі. Бірақ, елімізде су тапшылығымен қатар, оны ысырап қылу жайы да аз сөз болып жүрген жоқ. Міне, «Астана су арнасы» АҚ сумен жабдықтау бөлімінің басшысы Дүйсенбай Шайкенов нақ осы жөнінде әңгімелейді.

– Елордада суды тұтынудың жай-күйі қалай?

– Баршаға белгілі, қаланы сумен жабдық­тау­дың негізгі көзі – Астаналық су қоймасы. Оның жобалық көлемі – 410,9 миллион текше метр. Қазір онда 301 миллион текше метр немесе жалпы көлемнің жетпіс үш пайызындай су бар деп есептеледі.

Өтпелі жылдың он айында шаһар тұрғын­дары мен ұйымдары 49,5 миллион текше метр ауызсу тұтынған. Бұл көрсеткіш жылдың соңына дейін 60 миллион текше метрге жетеді деп болжануда. Өйткені, жыл сайын су тұтыну көлемі айтарлықтай өсуде. Мәселен, үш жыл бұрын қала халқы төрт миллион текше метр су тұтынса, қазір ол жеті миллион текше метрге жеткен.

– Су құбырлары уақытында жаңартыла ма?

– 2010-2013 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 69 км су құбыры жаңартылды. Жыл сайын апатты жағдайларды болдырмау мақсатында тозған кәріздерді ауыстыру жұмыстары жоспарлы жүргізіледі.

Биыл су құбыры желілеріндегі қысымды реттеу және бақылау мақсатында арнаулы мәліметтерді онлайн тәртібінде диспет­чер­лік басқару орталығына берудің авто­мат­тан­дырылған жүйесі енгізілді. Сонымен қоса, екінші көтергіш сорғы стансасындағы жиілікті түрлендіргіш арқылы сорғы агрегаттарының жұмысын автоматты реттеу іске қосылды. Нәтижесінде 2012 жылы желілердегі апаттар саны 2011 жылға қарағанда 30 пайызға азайды. Ал, биылғы он бір айда да ол жиырма пайызға төмендеп отыр.

– Суды үнемдеу мәселесі қалай?

– Жоғарыда айтып өткен жүйелі жұмыстар су шығынын 2010 жылы 21,02%-дан 2012 жылы 19,94 %-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Су шығынын азайту өндірістік-тех­но­логиялық үрдістің ажырамас бөлігі екені белгілі. Сондықтан, сүзгілер мен сүзгі стан­са­сы­ның резервуарлары уақытында шайылады.

Кейінгі кезде тұтынушыларды суды есепке алудың жалпы үйлік құралдарымен қамту бойынша іс-шаралар жүргізілді. Баға саясатын түсіндіру мақсатында кәсіпорын қызметкерлері қала тұрғындарымен жиындар өткізеді.

Суды үнемдеудің тиімді жолы – тұрғын үйлер мен пәтерлерде есепке алу құралдарын жаппай орнату және тұтынушылардың ауызсуды ұтымды (су құбыры шүмегін уақтылы жабу, ескірген құбырларды дер кезінде алмастыру) пайдалануы. Әрбір тұрғын осы айтылғандарды бұлжытпай орындап отырса, қалада ауызсуды үнемдеуге болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =