СУДЫ ҮНЕМДЕСЕК, ҰТАМЫЗ

0 151

«Астана су арнасы» мекемесі елорда тұрғындары үшін «Келісімшарт жаса!» акциясын қолға алды. 28 қарашадан 31 желтоқсанға дейін болатын акция орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз қызметтерін келісімшартсыз пайдаланып келген тұтынушыларға тікелей қатысты. «Судың да сұрауы бар» дейді халқымыз. Мамандардың пікірінше, елорданың әрбір тұрғыны тәулігіне шамамен 250 литр су пайдаланады екен.

1

Ауыз суды оңды-солды пайдаланудың зиянын бүгінде әлем халықтары мойындауда. Таза суды үнемдеудің ең тиімді жолын қарастыру мақсатында «Астана су арнасы» мекемесі тұрғындарға қолайлы мүмкіндік туғызбақшы. Шынын айту керек, кейбір қала тұрғындары суды тұтыну кезінде құжат рәсімдеу керектігін білмейді. Сондықтан атал­ған акция кезінде сумен жабдықтау және кәріз қызметтерін заңсыз тұты­нып отырған барлық тұрғындар келісім­шарт жасай алады. Бұл үшін қосымша шығын шығарудың қажеті жоқ немесе қолданыстағы заңнамада қарас­тырылғандай, қандай да бір айыппұл төлемей, қызмет көрсетуді тоқ­татусыз жасауға болады.
Айта кеткен жөн, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үйлерде ауқымды тексеру жүргізіледі. Түгендеу шарасы барысында анықталған барлық мекенжайлар бойынша қосымша есептеу сомалары қойылып, сумен жабдықтау және су ағызу қызметтері тоқтатылады. Қосымша ақпарат алу үшін 27-03-70, 37-50-07 телефондарына немесе call-орталықтың «1302» нөміріне қоңырау шалуға болады. Табиғат байлығының бір күні сарқылатынын білсек, қолдағы барымызды байыппен бағалайық.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + ten =