СУДЬЯЛАР САНЫ КӨБЕЙДІ

0 157

судья2

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Судьялар одағының төрағасы Серік Байбатыров Қазақстан соттарының VI съезінің қорытындылары туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта сот бақылауы күшейтілмек. Өйткені, бақылаудың болмауынан істердің көбі кемшіліктермен келіп түседі. Бұған жол бермес үшін келешекте сот бақылауын тергеу судьясы жүргізетін болады.

Бүгінде  елiмiздегi судьялар ауыр жүктемемен жұмыс істейді. Серік Байбатыров өз сөзінде  судьялардың штаттық санын көбейту туралы айтты. «Халық көп шоғырланған Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы соттарда қаралатын iстер өте көп. Әрбiр судья айына кемiнде 100-150-дей iс қарайды. Ал жұмыс жүктемесi үлкен кезде iстiң әдiл қаралуы да қиындай түседi. Осыдан үш жарым жыл бұрын республикада қызметкерлердi қысқарту кезiнде бiздiң салада 400-ге жуық судья қысқартылған.  Бүгiнгi күнi Мемлекет басшысы бұл мәселенi шешудiң жолын ұсынды. Осы мақсатта 450 судья, 450 сот хатшысы, 60 сот приставы iске қосылады» дейді ол.

Сот шешіміне қарсылық білдірушілердің мәселесі де кеңінен қозғалды.  Соңғы кездері Қазақстанның кейбір қалаларында сот шешіміне наразылық танытып, өрескел әрекеттерге баратындар немесе аштық жариялайтындар жиілеп кетті. Судьялар одағының төрағасы мұның соңы жақсылыққа алып келмейтінін айтты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − three =