СУ ЖЫЛАНЫ ШАҚПАЙДЫ

0 375

«Түсіңде жылан көрсең, жақсылыққа жоры, ырыс­ты боласың» дейтін апам. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегенді де жиі естиміз. Асан Қайғы жарықтық «Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер…» депті. Ал, есік қағып, табалдырықтан аттаған жылдың иесі – жылан…

Тайпаларды табындырған мақұлық

Жылан туралы әфсана көп-ақ. Австралия, Орталық Африка аборигендері, ежелгі грекиялық фессалийцтер, солтүстік америкалық үндістер «ата-тегіміз – жылан» дейді. Сондықтан, әлгі тайпалар бұл улы мақұлықатқа аса құрметпен қарайтын көрінеді.

ХVII ғасырда бауырымен жорғалаушылардың бұл тобына табыну белең алған. Жыландар зәулім храмдарда қаптап жүрді. Африкалық тайпалардың абыздары он-он екі жасар қыздарына жыланға табынуды үйреткен.

Жылан уының емдік қасиеті де осы жүз жылдықта белгілі болды. Мұны Франческо Реди деген кісі алғаш ашқан деген мәлімет бар. Италиялық ғалым Фелисе Фонтане араға ғасыр салып удың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, адам ағзасына әсер ету жайын түсіндірген. Бүгінгі медицинаның басты белгісі – тілін сумаңдатқан жіңішке жылан сол жылдардан бастап қолданысқа енсе керек. Мұны кеңес елі де 1924 жылы түпкілікті мақұлдапты.

Сорпасы – дертке шипа

Апаларымыз басына ақ құйып, шығарып салатын түсі суық мақұлықтың бүгінде дұшпаны көбейіпті. Қандай да бір қастықтан немесе қызығушылықтан емес, ел ішінен естуімізше, жылан етінің емдік қасиеті мол екен. Жылан болғанда, жай жыланның емес, «Қызыл кітапқа» енген, табиғатта сирек кездесетін көлбар жылан. Оның қара нарықтағы бағасы екі мың теңгеден басталып, жиырма мың теңгеге дейін шарықтайтын көрінеді. Түсі суықтың бұл түрі талай дертке шипа десек те, пайдаланып, ауруына ауру жамап жатқандар да бар.

Халық емшілері жылан етін екі түрлі әдіспен қолдануға кеңес береді. Бірі – сорпа қып ішу, екіншісі – кептіріп, талқан етіп жеу. Сорпасы ағзаны түгел тазалайды, қан алмасуын реттейді-міс. Тіпті, қанды сұйылтатын да қасиетке ие көрінеді. Ал, бүгінгі ғалымдар жылан уының химиялық құрамын зерттеп, таңғаларлық жаңалықтар ашуда. Удан жасалған дәрімен ракты, белсіздікті, қант диабетін (сусақ)емдеуге болады екен. Бұл ғылымда дәлелденіп, қолданысқа енгізілсе де, жылан етінің пайдасы туралы медицина кесімді сөз айтқан жоқ әзірге.

Тарихта қан жосалы ізі қалған

Тарихты парақтасақ, қанды, қасіретті уақиғалар жылан жылының еншісіне тиіпті. Қазаққа қатыстыларын тізбелеп көрелік. 1929 жылғы Голощекиннің «Кіші Қазаны» қандастарымызды бірнеше көтеріліске мәжбүрледі. Қазір Қарақалпақстанның үлесінде кеткен «Тақтакөпір» деген қалашыққа қазақ кедейлері шабуыл жасап, большевиктер бекіткен белсенділерге оңдырмай соққы береді. Дәл осы жылы біздің өлкеде отыз бір көтеріліс болып, мыңдаған адам қамауға алынған, атылған. 1941 жылы фашистер КСРО-ға соғыс ашты. Оған бір жарым миллиондай азаматымыз қатысып, алты жүз мыңы қаза тапты. Бұл – жиырмасыншы ғасырда. Арғы тарихымызда да жылан жылғы сойқандар аз емес. 453 жылы ғұндар көсемі Еділ көз жұмады. Осыдан кейін тұтас Еуропаны тізерлеткен империя әлсірей бастайды… Шыңғысханның Отырарды жаулап алуы да 1221 – жылан жылы.

Ағымдағы мың жылдық басталғалы жыланды екінші мәрте қарсы алудамыз. 2001 жыл… бәріміздің есімізде… АҚШ-тың қос ғимараты талқандалды демесек, ештеңеге ішіміз аши қойған жоқ. 2013… Құдай бәле-жаласынан сақтасын! Көңілге зор медет болары, кірер жылдың иесі су жылан көрінеді. «Су жыланы шақпайды» дейтін үлкендер…

Асхат РАЙҚҰЛ,
a.raiqul@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =