«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Су жетпейді, жол кеппейді

0 160

Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Көктал-1 тұрғын алабының тұрғындары алдында есеп беру жиынын өткізді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, сала мамандары қатысты.

Аудан әкімінің бір жыл бойы атқарылған жұмыстар жайлы баяндамасынан соң тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Алғашқы болып микрофон алған «ЛПУ» деп аталатын, яғни ағаш отырғызатын учаске кентіндегі Құмсуат орамының тұрғыны Наталья Хаклова өзі мекендеп жатқан аумақтың қордаланған мәселелерін сөз етті. Оның айтуынша, қаладан 5 шақырым қашықтықта, Астрахань тас жолының бойында орналасқан бұл аумақта 50-ге жуық отбасы түтін түтетіп отырған көрінеді. Бірақ осы уақытқа дейін ауызсу мәселесі шешілмеген аумақта кәріз жүйесі мен су құбырлары мүлде қарастырылмапты. Коммуникация аталмыш аумаққа 2 шақырым жетпей, Көкшетауға шығатын көпірдің алдыңғы жағынан аяқталады екен. Тұрғындар жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып, арыз-шағым түсіргенімен, әзірге еш нәтиже болмағанын айтады.


– Бізде мәселе жетіп артылады. Суды бөшкемен тасып ішеміз. Ал көліктері жоқтар қаладан автобуспен немесе жол-жөнекей таксимен апарады. Жалпы, бізде үш қана көше жарықтандырылған. Жолдары нашар. Қыстың күндері қалың қар әбігерге салса, көктем кезінде батпақтан жүре алмаймыз. Мектеп автобусы ішкі көшелерге кіре алмайтындықтан, балалары­мызды 200 метр қашықтықтағы жолға әрең жеткіземіз. Өзіміз қаржы жинап, арнайы тех­­ника жалдап, кө­ше бойын лайсаңнан тазартқызамыз. Бірақ жауын-шашын болса, жасағанымыздың бәрі бекер болады. 3 жыл бұрын осындай жиында аудан әкіміне айтқаннан соң, ол қатты қалдыққа арналған контейнерлер қойғызып берген болатын. Сол сияқты балалар ойнайтын алаңдар да қажет, – деді орам тұрғыны.
Осы аумақтың тағы бір тұрғыны Жанна Құрманбаева аудан әкіміне қала сыртында орналасқан ЛПУ-дағы үйлерді сүріп, ондағы 50 шақты отбасыны қалаға көшірген тиімдірек екенін айтты. «Инфрақұрылымды тар­­туға кеткен шығыннан гөрі тұр­ғындарды көшіру анағұрлым арзанға түседі деп ойлаймын. Бұл – менің ұсынысым» дейді.
Әкім тиімді жағын қарастырып көретінін жеткізді. Қалай болғанда да, бұл мәселені оңынан шешу үшін жұмыс жасайтынын айтты. Сондай-ақ, Көктал тұрғын ала­­бындағы Құлтума, Аққорған сияқ­ты бірқатар көшелердің жолы мен жарықтандыру мәселесін айтқан тұрғындар кейбір көшелердегі қардың дұрыс тазаланбай жатқанын да тілге тиек етті. Жылу мен су мәселесін де қаузаған жұртшылық №5 авто­бустың қозғалысына да көңілдері толмайтынын білдірді. Сұрақ қоюшылардың тағы бірі Бірың­ғай есептеу орталығы (ЕРЦ) тарататын конверттегі көрсетілген ұялы телефон нөміріне қоңырау шалып, расымен, Сарыарқа ауданы әкімінің жеке нөмірі екеніне көз жеткізді. Халықтың базынасына байыппен жауап берген аудан басшысы тұрғындардың көтерген мәселелері жерде қалмайтынын айтты. Қордаланған мәселелер заң жүзінде реттелетінін айтқан Арман Тұрлыбек кейбір түйткілді жедел шешу үшін қарамағындағы жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, әлеуметті мазалаған сұ­рақтарға әлеуметтік желіде де жауап беретінін айтқан әкім сөз соңында аязға қарамай жиынға келгендері үшін тұрғындарға ризашылығын білдірді.

 

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды