Су тасқынына бейқам емеспіз

0 107

Қыстай жауған қалың қардың көбесі сөгіліп, жұрт­шы­лық су тасқынына қарсы шараларды күшейтіп жа­­тыр. Елорданың коммуналдық шаруашылық қыз­­­мет­­теріне де жылдағыдан екі есе салмақ түскен. 

Қаланың қарын тазалап, ағын судың қаупін дер кезінде жою жұмыстарына жауапты «Астана-Тазалық» ЖШС өткен қыс мезгілінде 2 миллион текше метр қар тазаласа, биыл 4,5 миллион текше метр қар шығарған. Алдыңғы қыста қаланы қардан аршуға күніне 600-ден астам техника жұмылдырылса, осы жолғы қардың көптігінен күнделікті 900-ге жуық көлік тәулік бойы жұмыс істеуіне тура келген.
– Алдағы уақытта қайтадан қар жауып, әбігерге түсірмесе, біз негізі қарды тазалауға байланысты шаруаларды еңсердік. Енді көктемгі су тасқынын алдын алуға байланысты шаралар қамына кірістік. Еріген қар суын сорғызуға күнделікті 340-тай техника шығады, – дейді «Астана-Тазалық» ЖШС бас директоры Әзімбек Басқанбаев.

Қыстай тынбай жауған қалың қар еріген кезде, жеке секторларда тұратын біраз тұрғынды әбігерге түсіргенге ұқсайды. Тек наурыз айының өзінде су тасқынына байланысты 4 400-ден астам арыз-шағым келіп түскен. Соның 2 352-сі – Сарыарқа ауданы тұрғындарынан келген. 1 590-ы – Алматы ауданына тиесілі болса, 484-і – Есіл ауданынан хабарласқан. Су басып кету қаупіне байланысты туындаған мәселелердің 91 пайызын дер кезінде шештік, енді қалған 380-нен астам арыз-шағыммен жұмыс істеп жатырмыз дейді «Астана-Тазалық» ЖШС бас директоры.

Әрине, елорданы су алып кетеді деп алаңдауға еш негіз жоқ. Ең бастысы, тосыннан келген тасқынға бейқам емеспіз. Елорда су тасқынына қарсы шаралар қамын ерте қолға алған. Осыған байланысты қандай шаруалар атқарып жатқаны жөнінде коммуналдық шаруашылық мамандары қала әкімдігіне күнделікті есеп беріп отырады. Су тасқынына байланысты тұрғындардан келіп түскен шағымдардың ешқайсысы жерде қалмай, шешімін табатын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − seven =