«Су перизаты» сахналанды

0 230

Әйгілі балалар жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің ертегілерін  білмейтін жан кемде-кем. Жаңа жыл қарсаңында елордалық «Жастар» театры оның «Су перизаты» музыкалық ертегісінің премьерасын өткізді. Театрға келген балақайлар теңіз асты әлемінің естен кетпес ғажайып оқиғасына куә болды. Қоюшы режиссер Нұрфат Вахитов ертегіде ән мен биді қатар үндестіріп, теңіз астындағы ғажайыпқа толы тартысты оқиғаны қызықты етіп сахнаға шығарған.

DSC07146

Ертегі Су перизаты Ариэльдің Ханзадаға деген шексіз махаббаты туралы сыр шертеді. Перизаттың жүрегі ерлікке, үмітке, адалдыққа толы. Ол өзінің ғажайып дауысын қара ниетті сиқыршыға беріп, сүйіп қалған Ханзадасына жету жолында көзсіз құрбандыққа барады.

Алғашқы сахна Ариэльдің досы, теңіз шаяны Себастьянның (Айсұлтан  Жәлиев) Тритон патшаны (Алмат Тұрлықожа) таныстыруынан бастау алады.  Себастьянды бейнелеген жас актер Айсұлтан Жәлиевтің ойын ерекшелігі кішкентай көрерменнің ықыласына бірден бөленді десек, қателеспейміз.

Тритон – Бекжан Керімбаев әділетті, даңқты патшаның бейнесін сахналады. Оның мінезі құбылмалы, тез ашуланғыш болғанымен, түптеп келгенде, жүрегі мейірімге толы. Тритонның ертегідегі негізгі қаруы – сиқырлы асатаяғы. Ақырында ол сол сиқырлы асатаяқ арқылы Урсуланы жеңіп, екі жастың бақытына батасын береді.

 Теңізшілер кемесінің келуі жиылған жұртшылықты елең еткізетін есте қалған елеулі сахналардың бірі болды. Алып желкенді кемеден түскен Ханзаданың (Әбутәліп Әміре) теңізшілермен билеген «Хей о» ырғақты биі  үздік шықты. Хореограф – өнертану магистрі Алмат Шамшиев қойылымды сан қырлы бимен көркемдеген. Тек теңізшілер биімен ғана шектелмей, су асты ханшайымдарының биін, патшалықтағы той үстіндегі билерді   шығарған. Ханзада – Әбутәліп Әміренің алғаш Ариэльдің дауысына ғашық болуы, ханшайымды табу жолындағы жанкештілігі де сахнада шынайы көрініс тапты.

Урсуланы ойнаған Айман Есенқызы қатыгез сиқыршының мінезін көрсетуде, жағымсыз ертегі кейіпкерінің түпкі мақсатын кішкентай көрерменге жеткізуде шеберлік танытқан. Актрисаның қойылым барысында жанды дауыста салған әні, кейіпкердің болмысына сай іс-қимылы ертегі реңін аша түсті.

 Су патшалығының Ханшайымы (Ләззат Қуанышова) жер бетінің Ханзадасына ғашық болып, соның жолында өз өмірін түбегейлі өзгертуге бел буады. Бұл қадам ол үшін үлкен тәуекел еді. Алайда сүйгеніне деген шексіз махаббат оны көзсіз ерлікке жетелейді.

Ертегіде езуге еріксіз күлкі сыйлайтын бейне  – теңіз шағаласы Скатл. Скатлдың рөлін кескіндеген актер Нұрбек Әділбек юморлық кейіпкердің мінезін ашуда қателеспеген. Скатлдың ақкөңілділігі, досқа адалдығы, кез келген қиындықты қалжыңға айналдырып, позитивті көңіл сыйлай алатын қасиеттерін актер үздік алып шыққан.

Ертегінің негізгі идеясы – адамзат баласын өзге тіршілік иелерінен биіктетіп тұрған махаббат пен қолға алған іске деген табандылық екендігін, шынайы махаббат үшін жасалған жанкештіліктің түбі бақытқа апарар жол екендігін жеткізу.

Театрдың кішкентай сахнасын теңіз асты әлеміне айналдыру әсте оңай дүние емес. Бұл ретте қоюшы суретші – «Үміт» сыйлығының иегері Ерлан Тұяқовтың еңбегі елеулі. Суретші құрлықтан теңіз асты әлеміне түсетін сахналарды бейнеэкран арқылы шешкен. Теңіз асты әлемін көк түсті бояумен көмкеріп, көз алдымызға сиқырға толы су асты патшалықты әкелді.

Костюм суретшісі Алтынбек ­Ермұханның қолтаңбасымен ертегі кейіпкерлері өз болмыстарына сай кейіпке еніп, қойылымның жарқын да көңілді өтуіне үлесін қосты.

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

 «Жастар» театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + eleven =