Су көлкімеу үшін көп жұмыс атқарылады

0 11

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада жүргізіліп жатқан нөсер кәріздері мен тазарту құрылғыларының құрылысын барып көрді.

«Жастар» шағын ауданындағы жаңа құрылыстың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл нөсер кәріздерінің өткізуін айтарлықтай жақсартады. Тазарту құрылғылары Ж.Тәшенов, А.Бараев, Ш.Уәлиханов, Ш.Иманбаева және Республика даңғылдарын жаңбыр суынан сақтайды. Бұл жұмыс алдағы жылы аяқталады.
– Ж.Тәшенов көшесіндегі ұзындығы 530 метрді құрайтын нөсерлі коллектор желісін тазарттық. 34 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Осы уақытқа дейін жиналып қалған қоқыс коллектор жұмысын қиындатты. Биыл күзде Б.Момышұлы даңғылындағы (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін) проблемалық учаскесінде нөсерлі кәріз магистралды коллекторының құрылысын аяқтаймыз, – деді қала басшысы.
Сондай-ақ жыл соңына дейін «Тельман» елді мекеніндегі тазарту құрылғылары мен магистралды коллектор құрылысы аяқталады. Оның қуаты тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жоба іске асқаннан кейін «Тельман» елді мекені мен №27 көше бойындағы құрылыс аймағынан жерүсті ағындарын бұруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған коллекторларды тазарту қолға алынды. Қазіргі күні 354 шақырымның 134-і тазарту жұмыстарын қажет етеді. Былтыр Мыңжылдық аллеясы аумағындағы екі учаскедегі нөсерлік су кәрізінің мәселесі шешілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =