Студенттік өмірге қадам басты

0 222

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінің 1-курс студенттерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты өтті

Университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев: «Білім – басыңызға бедел, босағаңызға бақ әкелетін құндылық» деп жас өрендерге студенттік өмірлері қызықты да мәнді өтуіне тілек білдіріп, студенттік билеттерін өз қолымен табыс­тады. Сондай-ақ, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «Ең үздік куратор» атанған техникалық факультет оқытушысы Оразбай Сапаровты марапаттады.
Ал, «Ең үздік факультет» атағын Экономика факультеті (деканы А.Исмаилова) иеленді. ҚазАТУ студенттерінің арасында өткізілген «Жаңа ұрпақ» конкурсының жеңімпазы атанған Сүлеймен Рахматуллаға да естелік сыйлық берілді.
Концерттік бағдарламамен жалғасқан кеште «Ғасырдан ғасырға» прологы орындалып, қазақ елінің өткен тарихынан сыр шерткен «Алтын адам дәуірі», «Сақ қыздары мен қазақ жауынгерлері», «Арманда кеткен арыстар», «Сәкен Сейфуллиннің ұрпаққа аманаты» сынды сахналық көріністер қойылды. Алматыдан арнайы шақырылған қазақ эстрадасының жұлдызы Алмас Кішкенбаев әсем әніне бөлесе, «Аграрка сарбаздары» КТК командасы әзіл айтып, көңіл көтерді.
Осы орайда айта кетерлік жайт, С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университеті биыл алғашқы үштікке еніп, 1 324 гранттық орынға ие болды. Оның 1 313-і конкурстық негізде, 11 грант халықаралық келісімшарт негізінде алынған.

Құндыз ҚУАНЫШБАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + two =