Start up жобалары сынақтан өтті

0 37

Нұр-Сұлтан қаласында Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінде Demo Day бойынша акселерация бағдарламасының қорытындысы жарияланды.Сарапшылар талқылауына е-commerce, білім беру, виртуалды және толықтырылған шындық, финтех, жылжымайтын мүлік, компаниялардың бизнес-процестерін автоматтандыру және т. б. салалар бойынша жобалар ұсынылған еді. Сынақтан сәтті өткен 13 стартап солардың ішінен іріктеліп алынды.
Карантин жағдайына байланысты Demo Day алғаш рет онлайн өткізілді. Әйтсе де үздік деп танылған стар­таптардың тұсаукесерін интернет желісі арқылы бақылауға болады. YouTube платформасындағы технопарктің ресми парақшасында іс-шараның көрсетілімі ұйымдастырылды. Айтулы шараға қазақстандық инвес­торлармен бірге шетелдік бизнес өкілдері де қатысқан.
– Біз алғаш рет акселера­тор бағдарламасын онлайн-форматта өткіздік. Әрине, бұл шешімнің артықшылықтары көп: қатысушылар үрдістен қол үзбей әлемнің кез келген жерінен бағдарламаға қатысты. Әлемдегі және еліміздегі күрделі қаржылық және экономикалық жағдайға қарамастан, 31 жобаның 13-і өз өнімдерінің сатылымын айтарлықтай ұлғайта алды. Оған қоса, біздің трекерлер және кураторлармен жұмыс істеген кейбір жоба алғашқы сатылымдарын жасады, – деді Astana Hub атқарушы директоры Әділет Нұрғожин.
COVID-19 пандемиясының экономикалық және қаржылық салдарына қарамастан, Astana Hub аксе­лерация бағдарламасы өт­кізілген үш ай ішінде стартап-жобалар өз сатылымдарын 28,7 миллион теңгеге көбейтіп, сатылымның соңында олардың жалпы сомасы 114 миллион теңгеден асты.
Акселерация легінде EdTech саласымен байланыс­ты жобалар көп болыпты. Оған білім беру сала­­сында мектептер мен жо­ғары оқу орындарының қашық­тан оқу форматына кө­шуі, IT-компаниялардың қыз­метіне жүгінуі, оқу барысында виртуал­ды және толық­тырылған шындық тех­нологияларын қолдануы және т. б. жайттар әсер еткен.
– EdTech саласында Oquda, Oqylyq, Able және In-Vr сияқты жобалардың көптігі қуантпай қоймайды. Мысалы, Able – Data Science және веб-дизайн бойынша қашықтан оқыту курстары. Google-да жұмыс істейтін оқытушылардан Able арқылы балалар ХХІ ғасырдың сұранысына сай мамандықтардың үш жылдық бағдарламаларын 6 ай ішінде-ақ меңгеріп шығады. In-Vr стартабы осы жылдың күзінде виртуалды және толықтырылған шындық технологиясы арқылы ма­гис­транттарды оқыту бағ­дарламасына енгізіледі, – деді Әділет Нұрғожин.
Отандық стартаптардың жаңашыл идеялары елі­міз­дің экономикалық және әлеуметтік салаларын айтарлықтай жетілдіре түсуге игі әсер ететіні сөзсіз. Сол арқылы нарықта жаңа өнімдер пайда болады, қосымша жұмыс орындары құрылады, қазақстандықтардың әл-­ауқаты артады. Әрине, әзірге стартап-жобалардың инвестициялармен қамтамасыз етілуі туралы айтуға ерте. Әйтсе де Astana Hub командасы осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізгенін айта кеткен жөн.
– Акселерация 7.0 бағдарламасына қатыспай тұрып, бізде IT-мамандар үшін кешенді шешімі бар платформа болған. Клиенттер көп болмаса да, оларға жүйені сату үшін көптеген тұсаукесерлік көрсетілім кезеңнен өту қажет еді. Алайда акселерация кезінде біздің трекерді қолданған кезде бағдарламалаушысыз автономды түрде жұмыс істей алатын бұлтты, шағын және тез бейімделетін сервистерді жасау керегін түсіндік. Нә­тижесінде акселерация ке­зінде Aspans Object сервисі құрылды. 3 айдың қорытын­дысы бойынша біз жаңа клиент­термен келісімге қол қойдық және өз өніміміздің сатылымын 60 пайызға арттырдық, – дейді Aspans стартап-жобасының бас директоры Ержан Қадырсызов.
Astana Hub баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, акселератордың келесі легі осы жылдың 15 шілдесінде басталды. Айта кетейік, акселерация бағдарламасы – стартаптармен жұмыс істеудің ең тиімді жолы. Соның нәтижесінде үздік деп танылған жобаларға қызығушылық білдіретін отандық және шетелдік инвесторлардың қатары әдетте көп болады. Бірақ акселерацияның негізгі мақсаты – инвестиция тарту емес, стартап-командалардың алатын білімі мен машығы. Яғни аталған шараларды өткізу арқылы оған қатысушылардың тәжірибе жинақтауының, біліктіліктерін дамытуының маңызы одан да зор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 18 =