СТАЛИНГРАДТА СОҒЫСҚАН

0 223

аа1Жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтілетін Ұлы Жеңіске кешегі соғысқа қатысқан әрбір майдангердің үлесі бар. Солардың бірі – менің атам Кокаш Құлмақанұлы.

Атам 1922 жылы 15 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Шалақын ауданына қарасты Мектеп деген ауылда қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Кішкентайынан өте зерек, алғыр, ақылды болып өскен. Мектепті алғашында жеті класын, кейіннен он класын аяқтаған. Аға-әпкелерімізге сол кездегі оқудың қиыншылығын айтып отыратын көрінеді. Жазатын қағаздың жоқтығынан газеттердің бос жерлеріне жазып оқитын болған.

Он сегіз жасқа толғанда 1941 жылы соғысқа аттанған. Соғыста Сталинградтың нағыз сұрапыл қиын шайқасына тап болады. Онда №152 атқыштар бригадасында байланыс қызметін атқарған. 1942 жылы 2 қыркүйекте шабуыл кезінде мина жарылып, аяғының сол жақ жамбасынан қатты жара­қаттанады. Алғашында Оренбург, кейін Мәскеу қалаларының госпиталінде бір жыл жатып емделеді. Соғысқа қайтадан барады. Біраз уақыт өткен соң соғысқа жарамсыз болып 1943 жылдың қаңтар айында еліне жіберілген. Елге келген соң колхозда есепші болған. Одан Алматы қаласына барып есепші-экономист мамандағы бойынша оқу бітіреді де, ауылда өз жұмысын жалғастырады.

1946 жылы әжеміз Күлман екеуі қосылып, шаңырақ көтереді. Әже­­міз болса соғыс кездерінде ФЗУ-да медбике оқуын оқыған, кейін Ибраев колхозында фельд­шердің көмекшесі болып жұмыс жасаған. Уақыт өте келе ата-әже­­міз Көкшетау облысының Степняк қаласына көшіп барады. Онда атамыз есепші болса, әжеміз тігін тіккен. Тігін шеберханада алдыңғы қатардағы тігінші болған. Әртүрлі тапсырысқа берілген киім түрлерін тігіпті. 1957 жылдары елге қайтадан оралады. Атамыз совхоздың есепшісі қызметін жалғастырады. Зейнетке шыққанша, шыққаннан соң да біраз уақыт қызмет етеді. Екеуі 7 перзент сүйеді, төртеуі – ұл, үшеуі – қыз. Барлығына жоғары оқуды оқытады.

Қазіргі таңда бірі білікті дәрігер, мұғалім, экономист, жеке кәсіпкер т.б. мамандықтары бойынша жұ­мыс атқаруда. 13 немере, 8 шө­бересі бар. Бірақ, атамыздың сұ­рапыл соғыстың зардабынан алған жарақаты қайтадан ауырып, 1980 жылы Целиноград қаласында сол аяғына қайтадан ота жасалады. Отасы сәтті өтеді. Кейін атамыз соғыста көрген қиыншылығын, зардабын қинала еске алатын кө­рінеді. Ерлігі еленіп, Ұлы Жеңістің түрлі медальдарымен марапатталады, Еңбек ардагері атанған.

Әр жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында мектептер атамызды қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп тұрған. Атам көзі тірісінде сұрапыл соғыстың қиыншылығы, аштық, қардай борап атылған оқтар, жарылыстар, жараланған солдаттар, фашистерге қарсы шыққан шабуылдары жайлы көп естелік айтқан екен. Өкінішке қарай, атамыз 1993 жылы 9 тамызда 71 жасында дүниеден өтеді. Бізге осындай бейбіт, бақытты өмір сыйлаған ата-бабаларымызға рахмет. Біздің елімізді, жерімізді сақтап қалу үшін қасық қандары қалғанша соғысты. Қазіргі заманның ұрпақтары бақытты өмірдің бағасын біліп, жақсы оқулары, еңбек етулері тиіс. Мен майдангер атамның немересі болғанымды мақтан етемін.

Әсемай КОКАШОВА,

Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің 6-сынып оқушысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − two =