©2020 Астана Ақшамы
Сталинград шайқасының сабақтары
Биыл Сталинград шайқасының жеңіспен аяқталғанына – 70 жыл. Осыған орай Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен айтулы дата аталып өтілді.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетте өткен шараға ардагерлер, әскери қызметкерлер және әскери дайындық кафедрасының бір топ студенттері қатысты. Майдангерлер құрметіне арналған жиын алдымен сап түзеген әскери сарбаздардың 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік Туын сахнаға әкелумен басталды.
Сталинград шайқасы – Ұлы Отан соғысында Мәскеу түбіндегі айқастан кейінгі ірі жеңістің бірі. 1942 жылдың 17 шілдесінен басталған шайқас 200 тәулікке ұласты. Ақмолада жасақталған 29-шы атқыштар дивизиясы Сталинград түбінде ұрыс қимылдарын жүргізді.
Салтанатты жиынды ашқан Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Бахтияр Пернебеков Сталинград түбіндегі тарихи жеңістің тағылымына кеңінен тоқталды.
– Ақмолада жасақталған қазақстандық 29-атқыштар дивизиясы Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы атанды. Сол шайқасқа қатысқан сарбаздар бүгінде арамызда жүр. Қанша уақыт өтсе де, бұл жеңістің маңызы жоғары болып қала бермек. Астана қаласында Сталинград шайқасын көрген он бес ардагеріміз бар. Елбасы айтқандай, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде олардың ерлігі үлгі, өмірі өнегелі болмақ. Бүгін ортамызда отырған сұрапыл шайқастың тірі куәгерлері – Қаматай Тоқабаев пен Михаил Николаевич аталарымызға денсаулық тілейміз, – деді ол. Сонымен қатар, Астана қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қыдырбай Бейсенов, Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Ыдырысов жиналған жастарға майдангерлердің ерлігін әңгімелеп берді. Білім ордасының дарынды студенттері патриоттық әндер айтып, биден шашу шашты.
Жиын соңында Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Бахтияр Пернебеков тағылымды кешті ұйымдастыруға қолдау білдірген университет ректоры Ақылбек Күрішбаевқа, ректордың тәрбие жөніндегі орынбасары Жайнагүл Айтмағамбетоваға, әскери кафедра меңгерушісі Совет Әлжаппаровқа ардагерлер атынан алғыс білдірді.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ