©2020 Астана Ақшамы
Сталинград шайқасына – 70 жыл
Сталинград түбіндегі шайқастың жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толды. Бұл күні 6-шы фашистік армия талқандалып, 6 айдан астам уақыт бойы қоршауда болған Сталинград қаласында тыныштық орнады. Оған қазақстандықтардың да қосқан үлесі мол. Осыған орай, кеше «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырды. Оған қатысушылар майдангерлердің өшпес ерліктерін еске алды. Осындай жиын Ресей Федерациясы елшілігінің ұйымдастыруымен Ресейдің ғылым және мәдениет орталығында да өтті. Тағылымды шараға жиырма үш қарт сарбаз қатысты. Қазақстандағы РФ төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников, Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Әлімжанов ардагерлерге алғыс білдірді.
Сталинград шайқасына қатысқан адамдардың саны біршама. Солардың бірі – 89 жастағы жерлесіміз Барлыбай Тәбешов. Ардагер Сталинград шайқасы кезінде көрген сұмдықтарды санамнан әлі өшіріп тастай алмаймын дейді. Қария жұртшылыққа өз естеліктерін айтып берді.
Сондай-ақ, алқалы басқосуға жиналғандар арнайы ұйымдастырылған фотокөрмені, «Сталинград шайқасы» атты деректі фильмді тамашалады. Соғыс жылдарының әндері шырқалып, гүл шоқтары табыс етілді. Шара соңында ардагерлерге жауынгерлік түскі ас берілді.
Тура 200 тәулік бойы кескілескен ұрыстарда жауға берілмеген Сталинград қаласын қорғауға 70 мыңнан артық қазақстандық жауынгер қатысыпты. Стратегиялық маңызды қаланың түбіндегі қанды қырғын ҰОС жылдарындағы ең ірі ұрыс ретінде тарихта қалды.
Е.СӘТІМБЕК