©2020 Астана Ақшамы
Спортта жанкештілік керек!
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Еңбек сіңірген спорт шебері:
– Қазiргi уақытта боз кiлемге қыздар да шығып жүр. Нәзікжандылардың күреске қатысуына қалай қарайсыз?
Жансая
– Әрине, басқа спорт түрлерiне, көркем гимнастикаға, суға жүзуге баруға болады, бiрақ, бокс, күрес емес… Оған қарсымын. Және қыздардың күресін, боксын теледидар арқылы көре алмаймын.
– Атақты палуан ретінде грек-рим күресінің қазіргі аяқ алысы жөнінде не айтар едіңіз?
Нұрберген, қасапшы
– «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді қазақ. Бәріміздің чемпион болуымыз мүмкін емес. Бірақ мен жастарға сенемін! Спортта жанкештілік міндетті түрде керек. Кім еңбегін, ар-намысын ойлап, соған жетем десе, сол адам ғана биікке шығады. Арғы-бергі тарихымызды қарасақ, шүкір, белдес-кенде қарсыласын алып жығатын да, шалып жығатын да білекті балуандар бізде болған. Олимпиадада болмағанмен, әлемдік, халықаралық аламандарда алтыннан алқа таққан жігіттеріміз бар. Өсіп келе жатқан жас балуандарымыз да көңіл қуантады. Әрине, айтуға оңай шығар, бірақ Олимпиада жеңімпазы атану оңай шаруа емес. Мәскеу Олимпиадасынан бері отыз жылдан астам уақыт өтті, расында да әлі бірде-бір қазақ балуаны бұл доданы жеңе алмай келеді. Егер оңай болса, қазақта талантты жігіттер жетерлік, солардың бірі чемпион атанар еді ғой… Менің өзімнің бүкіл жастық шағым спорт залында, боз кілем үстінде өтті. Олимпиаданың шыңын бағындыру қаншалықты қиын екенін мына менен сұрасаңыздар болады.
Рас, қазақ – күрес спортына бір табан жақын халық. Елдегі шалғай аудан-ауылдарға спорт залдарын көптеп салып, спорт-интернаттарын ашып жатсақ, жағдай өзгереді. Өйткені, күреске жаны жақын балалар қаладан гөрі ауылдарда көп. Қазақстан құрамасының палуандарына жағдай жаман жасалып жатқан жоқ. Мемлекет ешқайсысын назардан тыс қалдырған емес.
– Жақсылық аға, ассалаумағалейкум! Халыңыз, үй-ішіңіз,мал-жаныңыз аман ба? Жеке шаруашылығыңыз бар деп естіп едім. Қалай жүріп жатыр?
Мақсат
– Уағалейкумассалам, балам! Шаруашылықтың жайы жаман емес. Ақыры мал ұстағаннан кейін асылын ұстау керек қой деп, ел аралап, тұқымы жақсы мал іздедім. Алдымен сол жерде бұрын қандай мал жерсінгенін білдім. Сонымен қатар жылқы да ұстайын деп шештім. Жезқазған жақтан іздеп барып, 60 бас қазақтың жабы тұқымды жылқысын таптық. Бұл жануар ыстыққа, суыққа төзімді. Ресейдің Таулы Алтайынан жергілікті алтайлық тұқымды, Шығыс Қазақстаннан «Күршім» тұқымын, Ақтөбе жақта «Мұғалжар» деген тұқым бар, оны алдық, соларды будандастыра бастадық. Бүгінде барлығы 1500 бас. 1000 ақбас сиыр бар. «Әулиекөл» деп аталатын ірі қарадан 1000 бас бар. Американың Фантагер деген сиырынан мыңы бар. Қымызын, сүтін сауғызып, семізінен сойғызып, Ұлттық құраманың жігіттеріне жіберіп отырам. Шаруашылықта 80 адам жұмыс істейді.
– Аға, өзіңізге қай спорт түрі ұнайды, күрес шығар?
Дамир, студент
– Әрине, күрес ұнайды ғой. Одан соң ат жарысын ұнатамын. Көкпар, бәйге, аударыспақ дегендер тамаша спорттың түрі дер едім.
– Бізде алтын алған әрбір спортшыға жоғары көлемде сыйақы беріледі. Айтыңызшы, сіз Олимпиаданы ұтқан кезде мемлекет сізге не берді?
Дулат, аэронавт
– Мемлекет дегеніңіз ол кезде КСРО. Олимпиаданы былай қойыңыз, КСРО құрамасының сапына ену дегеннің өзі арман болатын кез келген спортшыға. Бәсекелестік өте жоғары еді. Сол белестердің барлығынан өттім, ең соңында Олимпиада ойындарын да жеңіп алдым. Дүбірлі дода аяқталған соң маған бір «Москвич» автокөлігінің құнындай ақша берді.
–Отбасыңыз туралы айтып беріңізші…
Сұлтан, бондарь
–Жұбайым Күлпан – Семей облысы Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылының тумасы. Екеуіміз жүрек қалауымызбен 1976 жылы шаңырақ көтеріп, үй болдық. Құдайға тәуба, түтініміз тік шығып, үйлі-баранды болып, немере сүйіп отырмыз. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Құдай берген немерелерім бар, жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Олар – біздің көз қуанышымыз, көңіліміздің демеуі.
– Сіз туралы кітап шыққанын білемін. Қайдан алсам болады?
Айжан, студент
– Ол кітап баяғыда шығып қойды ғой, менің өзімде бар. Оқығың келсе, маған хабарласа ғой, берейін.
– Күрес олимпиада бағдарламасынан алынып тасталады деген пікірлерді естіп жатырмыз. Бұған сіз не дейсіз?
Қайрат, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі
– Бұл күрес тұңғыш олимпиада ойындарынан бері бар. Әлемде талай адам бұл спортпен айналысады. Күресті алып тастау мүмкін емес. Күрес ережесін өзгертуі себеп болуы мүмкін. Ережесі сай емес. Қазір күрестің мәні кетіп бара жатыр. Сондықтан Халықаралық күрес федерациясының президенті Мартинетти қызметінен кетті. Енді жаңа реформа жүргізіледі. Бұрын тоғыз минут күресетінбіз. Қазір бір жарым минут қана күреседі. Күрестің олимпиададан алынуы ереженің өзгеруінен деп ойлаймын.
– Ұлттық құрамаға шетел азаматтарының келуі, сіздіңше, дұрыс па?
Нұрхан, бапкер
– Біз – көпұлтты халықпыз. Қазақстанға келген спортшылар еліміздің атын шығарды. Әрине, қазақ жастары көбейіп жатса, қуанар едік. Болашақта елімізден осы легионерлерді жеңетін балалар шығады. Қалай болғанда да Лондон олимпиадасында үздік он бес елдің ішіне кірдік.
– Сіз мықты палуансыз. Жақсы бапкер бола алдыңыз ба?
Ақылбек, стилист-визажист
– Мен жақсы бапкер емеспін. Бапкер болу үшін дарын керек. Менің үш бапкерім болған. Семейде оқып жүрген кезімде Илматов Ром Хасанович деген бапкерім болды. Одан кейінгі ұстаздарым Угренинов Владимир Яковлевич, Псарев Владимир Александрович сынды мамандар. Мен олармен әлі күнге араласып, қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын. Қазіргі жастарға да үлкен спортқа баулып, өмірлік сабақ берген бапкерлеріңді ұмытпай еске алып жүріңдер деген ағалық кеңесімді беремін.
Еркежан СӘТІМБЕК