«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Спортингте» есесі кетті

0 186

Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде елорданың «Астана» клубы Португалиядан келген «Спортинг» командасын қабылдады.

Дүбірлі доп додасының бұл кезеңінің ойыны елімізде алғаш рет өтті. Айтулы матчты көпшілік асыға күткен еді. Ішіне 30 мың адамды сыйдыра алатын «Астана Арена» лық толды.
Станимир Стойлов баптайтын команда тісқаққан «Спортинг­тен» қаймыға қоймады. Еуропа ойын­дарында сәтті ойнаған Кабананганың орнын Джордже Деспотович жоқтатпады. «Астана» алғашқы минуттардан-ақ ашылып ойнап, шабуылға ден қойды. Мұнысы нәтижесіз болмады. 7-минутта Патрик Твумасиден пас алған Марин Томасов допты жерге тигізбестен Еуропа чемпионы Руи Патрисиу күзеткен қақпаға топ еткізді. Осыдан соң елордалықтар екіленіп екпіндерін күшейтті. Деспотовичтың соққысы әлсіз болып, қақпашының қолынан табылды. «Спортинг» те қарап қалмай, Ненад Эричті бір сынап алды. Бірінші таймның соңына қарай екі команда да офсайдтан бір-бір голдан салды.
Екінші таймда жағдай күрт өз­герді. Қонақтардың ойынына қан жүгіріп, қарқыны қатайды. Айып алаңын айналшықтап жүріп, ақыры Юрий Логвиненконы жаңылыс­тырды. 48-минутта пенальти белгіленіп, оны Бруно Фернандеш мүлтіксіз орындады. Осыдан кейін бас-аяғы сегіз минуттың ішінде үсті-үстін тағы екі гол соғып тас­тады. Ерекшеленгендер – Желсон Мартинш пен Сейду Думбия. Есеңгіреп қалған командаға Логвиненконың қызыл қағазбен алаңнан қуылуы жығылғанға жұдырық болды. Бірақ он ойыншымен қалған «Астана» артық гол салдыр­мады. Сөйтіп матч «Спортингтің» жеңісімен аяқталды. Есеп – 1:3.
Енді қарымта кездесу 22 ақпан күні Португалияның Лиссабон қаласында өтеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды