Спорт – жаныма жақын әлем

0 135

Биыл қазақ ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар «Астана ақшамы» газетіне 30 жыл толып отыр. Бұл басы­лым бәрімізге ыстық. Өйткені ол – талай жас­тың қаламын ұштап, қанатын қатайтып, талай әріптесімізге бағыт-бағдар көрсетіп, жолдарын ашып берген газет.

Мен «Ақшамда» 2001-2004 жылдары жұмыс істедім. 2001 жылы Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетті бітіріп, алғаш рет астанаға келген кездегі орналасқан қызмет орным осы «Астана ақшамы» газетінің редакциясы еді. Алғашында газетте жұмыс істеу мүлдем ойымда болған жоқ. Шыны керек, Астанаға мамандығым бойынша жұмысқа тұру үшін келген едім. Бірақ қалалық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында тест тапсырудың уақыты өтіп кеткендіктен, университеттің кафедрасы аспирантураға шақырып жатса да артқа қайтқым келмей, не болса да елордада қалуды ойладым. Сол кезде әкем екеуміз «Астана ақшамы» газетінің редакциясына барып, бас редактор Мағжан Садыханұлымен жолықтық. Ол 1990 жылдары «Халық кеңесі» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болған екен. Мағжан аға әкемнің бір ауыз сөзін жерге тастамай, мені әуелі стажер ретінде алды. Одан кейін жаңа жылдан бастап тілші қызметіне қабылдады. Осы кезде «Ақшамға» Еренғайып Қуатайұлы, Сұлугүл Бакесова, Лаура Мүсірова, Қымбат Тоқтамұрат сияқты жас жалын журналистер келді. Бізді бөлім-бөлімге бөлген соң мен саясаттанушы ретінде саяси тақырыптарға жазып, кейін өзім жақсы көретін спорт туралы қалам тарттым.
Спортты бала кезімнен жақсы көретінмін. 1985-1988 жылдары бастауыш класта оқып жүргенде біздің бұрынғы Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты Қайыңды ауылындағы үйге газет-журналдар көп келетін. Менің атам – Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Кенжалыұлы сол кезде ауылдағы байланыс бөлімшесінде жұмыс істейтін. Ол үйлерді аралап, пошта тасып жүргенде өзім сияқты бастауыш кластың балалары атарбадан түспей, әлі сиясы кеппеген газет-журналдарға қызыға қарап, ежіктеп оқып отыратынбыз. Біздің ауылдағы үйге сол газет-журналдардың көбісі келіп тұратын. Ал 1988 жылы Алматыға ата-анамның ұясына барғаннан кейін спорт туралы көп дүниелерді қарай бастадым. Сол жылы Оңтүстік Кореяда Олимпиада ойындары мен Германияда футболдан Еуропа чемпионаты болған еді. Соларды көріп, спортқа қызығушылығым одан сайын артты. Оның үстіне әкем – Жұмабек Омарұлы Кенжалин «Социалистік Қазақстан», «Білім және еңбек» пен «Халық кеңесі» басылымдарында істеп жүргенде күнде кешке үйге бір бума газет-журналдарды әкелетін.
Осылай жылдар өтіп, мектепті, университетті бітіріп, елорданың республикаға тарайтын «Астана ақшамы» газетіне орналасып, спорт тілшісі болып шықтым. Менің спорт журналисі болып қалыптасуыма екі адам әсер етті. Оның бірі – Несіп Жүнісбайұлы болса, екіншісі – Ғалым Қожабеков.
Несағаңмен мен алғаш рет 2000 жылдардың басында көзбе-көз жүздесіп, сөйлескен едім. Сол кезде ол менің «Астана ақшамы» газетінде істеп, әртүрлі тақырыпқа жазып жүргенімді біледі екен. Осыны байқаған Несағаң: «Дастан, сен әр тақырыпқа бара бермей, өзіңе жақын тақырыпты жазсайшы. Мәселен, спорт деген жақсы тақырып қой. Осыдан бастамайсың ба?» деп өзінің жанашырлық ойын айтып еді. Содан кейін Несағаңның сөзін ескеріп, «Астана ақшамы» газетіне бас радактордың орынбасарлары Талғат Батырхан мен Ғалым Қожабековтің спорт тақырыбына берген тапсырмаларын орындап, ай сайын газетте «Сайыпқыран» спорт бетін жүргізе бастадым. Ал 2004 жылы «Астана ақшамында» спортты жазып жүргенімізді ескерген «Егемен Қазақстанның» басшылығы газетке спорт журналисі етіп шақыртты. Шынын айту керек, Несағаңның 2002 жылы Астана теміржол вокзалының жанында тұрып, жазуды спорттан бастамайсың ба деген сол сөзі менің спорт журналисі болып қалыптасуыма көп әсер етті. «Егеменге» келіп, спортты жаза бастадым. Содан кейін 2011 жылы Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, Астана мен Алматыда өткен VII қысқы Азия ойындарының алауын Қостанай қаласының көшелерінде ұстап жүру мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде Несағаңның: «Сен өзіңді кіші санай берме. Сен Сейдахмет Бердіқұл сыйлығын алуға әбден лайықсың» деген сөзі он жылдан бері спорт тақырыбында қалам тартып жүрген жұмысыма үлкен баға болды.
2017 жылы «Егеменнен» кеткеннен ке­йін Sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтын жүргізіп келемін.
Біз де бала кезімізде спорт деген сиқырлы әлемге қызығып, соның буымен жарыс­тарға қатысып, кейін қолымызға қалам алып өстік. Енді, міне, өзіміз басқа азаматтарды да спортқа қызықтырып, отандастарымыздың жарыс жолындағы жеңістерін насихаттау үшін жаңадан www.sportpress.kz желілік басылымын аштық.

Дастан КЕНЖАЛИН,
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы
сыйлықтың лауреаты,
Sportpress.kz ақпараттық-
сараптамалық спорт сайтының
бас редакторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 10 =