Спорт сарай толығымен жаңғырады

0 42

Елордадағы «Қазақстан» спорт сарайын интеллектуалды технологияларды қолдана отырып, толығымен жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыспен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Словакияның Colosseo EAS activ system компаниясы айналыспақ. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында мұны қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев хабарлады. – Аталған компанияның «­Алматы ­Арена», «Халық Арена» спорт сарайларын, Санкт-Петербург қаласының мұз айдыны сарайын технологиялық жабдықтауда тәжірибесі бар. «Қазақстан» спорт сарайы жобасын жүзеге асыру мерзімі – 16,5 жыл. Соның ішінде жаңғырту мерзімі – 5,5 жыл. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен алғанда 25 миллиард 560 миллион теңге. Компания интеллектуалды технологияны енгізуді жоспарлады. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін спорт сарайы замануи озық технологиялармен жабдықталып, КХЛ мен ФИФА секілді спорт ұйымдарының талаптарына сәйкестендіріледі. Бұл жағдай тиісті сәйкестендіру сертификаттарын алуға, республикалық және халықаралық дәрежедегі спорттық, мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Нысанды жаңғыртудан кейін мұнда хоккей, шағын футбол, баскетбол, волейбол, бокс, су спорты сияқты спорт түрлерінен жарыстар өткізуге болады, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, тиісті жұмыс­тардан соң, спорт сарайындағы жанкүйерлерге арналған орындықтарды 7500-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Жаңғырту жұмыстарына Мәдениет және спорт министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен салалық оң қорытынды алынды. Бизнес жоспар бекітіліп, экономикалық сараптама дайындалды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша екі жақты келісімшарт жасалды. Келісімшартқа сәйкес қалалық Құрылыс басқармасы құрылыс жұмыстарына мониторинг жасайтын болады. Жобалау-сметалық құжаттамаға сараптама аяқталғаннан кейін құрылыстың құны азаюы мүмкін деген болжам бар. Қаржыландыру банктік кепілдік негізінде беріледі. Мемлекеттік міндеттемені өтеу тек құрылыс аяқталғаннан кейін және нысанды пайдалануға бергеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
– Сондықтан әкімдікте қаржылық қауіптер жоқ. Қала әкімдігі 15 жыл бойы «Қазақстан» спорт сарайын күтіп-ұстау бойын­ша шығындарды көтермейтін болады, – деді Е.Өтебаев.
Қалалық мәслихат депутаты Аман Аюпов құрылыс жұмыстарында тауарлар бойынша қазақстандық мазмұн 35 пайызды ғана құрайтынын айта келе, оның өте аз екенін атап өтті. Инвестордың жетегінде кетпеу керектігін ескертті. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында отандық тауар өндірушілерді қолдау керектігі жайлы айтқанын еске салды. Осыған байланысты депутат баяндамашыға сауал тастады.
– Рас, жағдай тура осылай болып тұр. Себебі сатып алынатын технологиялық жабдықтар Қазақстанда өндірілмейді. Бірақ көрсетілетін қызметтер Қазақстан тарапынан болады, жұмысқа жергілікті азаматтар қабылданады, – деп жауап берді басқарма басшысы.
Оның сөзін қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен толықтыра кетті.
– Былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «­Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту туралы тапсырма беріліп, «Толқын» спорт кешенінің жағдайы сын көтермейтіндігі айтылды. Тиісті жұмыстар мемлекет және жергілікті бюджетке айтарлықтай салмақ түсіретіндіктен, біз инвес­торларды іздедік. Табылған инвес­тордың алдына «Қазақстанды» жаңғыртуды бес жылда емес, үш жыл ішінде бітіру талабын қойып отырмыз. Әрине, инвестор Еуропадан болғаннан кейін инфляция, әлемдік экономиканың жағдайы, басқа мәселелер бұл жұмысқа әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ барлық міндеттемелер бойынша келіссөздер жасалды. Құрылыс материалдары, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер отандық болады. Бірақ интеллектуалды технологиялар Еуропадан алынады. Себебі бізде ондай өндірістер жоқ. Өздеріңіз көріп отырсыздар, «Барыс Аренаны» Mabetex компаниясы салды. Басқа да спорт нысандары құрылысын басқа шетелдік компаниялар жүргізді. Қазір спорт сарайларын толығымен жаңғыртатын компаниялар болмай тұр. Мұны екі-үш жыл немесе бес жыл күтетін шығармыз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Қалалық мәслихат депутаты Қайырлы Таукеннің пікірінше, нысанға бөлініп отырған мол қаржыға жаңғырту жүргізбей, спорт сарайын сүріп, жаңадан салу керек.
Бақтияр Мәкен бастапқыда осындай ой болғанын жасырмады. Алайда ғимарат соншалықты тозбаған. Негізгі мәселе оның шатыры мен бассейнінде болып отыр. Инвестор да ғимараттың осы күйінде жаңғыртуды ұсынды. Әкімдік осыны қабылдап, инвес­торға өзінің талаптарын да қойды.
Бір атап өтерлігі, «Қазақстан» спорт сарайы 2001 жылы пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 22900 шаршы метрді құрайтын нысан содан бері бірде-бір мәрте жөндеу көрмеген. Кешен мұз аренасынан, бассейннен, жаттығу және спорт залдан, 80 орындық қонақүйден, тамақтану нысандарынан тұрады. Мұз аренасындағы орындар саны – 5532.
2018 жылы спорт сарайын техникалық тексеру қорытындысында бассейннің апаттық жағдайда екені, ғимараттың ­металлоконс­т­рукциясының тозғаны анықталды. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен және қала әкімдігінің шешімімен нысанға күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =