Спорт қаласына айналады

0 24

Елордада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап балалар мен жастарды және бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескеріп, бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын ақысыз негізде дамытудың кешенді бағдарламасы жасалды. Бағдарламада футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалардың фитнес жаттығулары бар. Сондай-ақ зейнеткерлерге арналған скандинавиялық серуендеу, йога, шахмат, дойбы және басқа да спорт түрлері бар. Келешекте елордамыз салауатты өмір салты мен ұзақ өмір сүрудің астанасына айналуы тиіс.Олай дейтініміз – сол жағалаудағы ботаникалық баққа таяу тұрамыз, жазда серуендеушінің көптігінен осы жерде үлкен мереке болып жатқандай әсер қалдырады. Қыстың аязды күндерінде де бақ ішінде жүгіргендерді көресің. Ботаникалық бақта егде жастағылар мен зейнеткерлер де скандинавиялық жүріспен сейілдейді. Өткен жылы коронавирус басталғанда, қарт адамдарға қауіп төнді. Дәрігерлер мұндай стрестен кейін адамдарға жай физикалық және психологиялық оңалту қажет екенін айтты. Таза ауада спортпен шұғылдану керек. Біз тұратын үйде йогамен айналысатын, бассейнге баратын әжелер көп. Халықтың спортқа ықыласы карантин кезінде де байқалды, 2013 жылғы әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен 2017 жылғы бокстан әлем кубогының иегері Римма Волосенко Б.Момышұлы көшесіндегі көп қабатты үйлердің тұрғындарын жаттығу жасауға шақырғанда, оған қатысушылар көп болған. Мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда елорданың 340 мыңнан астам тұрғыны спортпен белсенді айналысады. Егер осы үрдіс қарқын алса, біздің әрбір тұрғын өз ауданындағы кеңістік орындарында Қытайдағы сияқты күн сайын топ болып жүгіріп, жаттығу жасайтын болады.
Шындығында, халықтың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Әр үйдің ауласында футбол алаңдары мен белтемірлер орнатылған. Әлемде ең көп стадионы бар деп АҚШ саналады, олай болса күні кеше салынған елорданың дамыған қалалардағыдай үлкенді-кішілі стадионмен қамтылуы құптарлық. Қалада 318 футбол алаңы бар.
Велосипед пен жүгіру жолдарының ұзындығы 116,4 шақырымды құрайды. Велосипед әуесқойлары Триатлон мен Метрополитен саябағында, Ботаникалық бақта жүре алады. Елордада көлік көп. Егер тұрғындардың көпшілігі жаз шыға көліктен түсіп велосипедке отырса, онда күз келгенше жолда кептеліс азайып, ауа да тазарып қалар еді. Егер халық мұның тиімділігін түсінсе, бізде де әрбір екінші швейцардың велосипед айдайтыны сияқты әдет болар еді. Бұл жағынан немістерге де қызығуға болады. Статистикаға сәйкес он немістің сегізі велосипедпен жүреді. Қазірдің өзінде біздің астанамызда Базельдегі сияқты велосипедшілерге арнайы жасалған жол белгілері мен бағыт көрсеткіштері енгізілді, жол карталары бар. Бара-бара қала әкімдігі Даниядағыдай (Данияда 5,5 миллион халқы бар 4,5 миллион велосипед бар) велосипедті жалға алуды ақысыз қылуы да мүмкін ғой.
Елордада қала басшылығының жыл сайын жаңа саябақтарды, ойын алаңдарын ашып, аулаларды жабдықтайтыны өзге қалаларға да үлгі болуы керек. Мұның бәрі тек елорданың келбеті үшін ғана емес, бұқаралық спортты дамыту үшін де қажет. Елорда әкімі Алтай
Көлгінов бұл турасында «Қала тұрғындарын спортқа бейімдеп, бұқаралық спортты дамыту үшін саябақтар, скверлер, аулалар, жаңа спорт кешендерін саламыз. Спорт кластері пайда болмақ. Спорт мекемелері тек кәсіби ойындар мен қойылымдарды өткізуге ғана емес, сонымен қатар балаларымызды жаттықтыруға да керек. Бұл жастарды ынталандырады. Өйткені олар белгілі спортшылар жаттығатын кәсіби алаңда жаттығып, одан да көп тырыспақ» деген болатын. Қалалық Спорт басқармасы елордалықтар арасында ең танымал белсенді бес іс-шараның ішінде жүгіру, велосипед, футбол, Street workout, Скандинавия жүрісін атайды. Мұның қай-қайсысы да қолжетімді. Қалада ашық аспан астында демалу үшін 23 стрит-воркаут алаңы бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + two =