Спорт нысандары жөндеуді қажет етеді

0 16

«Астана-Арена» стадионы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Барыс-Арена» көпфункционалды мұз айдыны сарайы. Республикалық және халықаралық жарыстарға арналған елордадағы осы ірі спорт нысандарының алды пайдалануға берілгеніне он жылдан асса, кейінгісінің жұмысын бастағанына бес-алты жыл болып қалды. Қазіргі таңда осы нысандар бірқатар жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Қалалық мәслихат депутаттары аталмыш спорт кешендерін аралау барысында соған көз жеткізіп қайтты. Бұл нысандар «Мtex management» компаниясына сенімді басқаруға берілген.30 мың жанкүйерге арналған «Астана-Арена» ста­дионында футболға ғана емес, басқа да спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Мұнда тренажерлер залы, бокс орталығы, карате, самбо, грек-рим күресі секциялары ашылған. Стадион 2009 жылы пайдалануға берілген. Осы күндері оның шатыры тозып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысанның қабырғалары мен пандустарын, бетон жабындыны жаңартып, стадионның қасбетін де жартылай жөндеу керек.
«Алау» мұз айдыны сарайында да осындай проблемалар бар. Жаңбыр толастамай жауғанда шатырынан су тамшылап, мұз аренасы мен ішкі бөлмелерді алып кетеді. Су тие бергендіктен, шатырдың тіреуіштері тоттанған. Сондықтан алдымен нысанның шатырын ретке келтіру керек. Бұған қоса, спорт кешенін орталық жылу жүйесіне қосу қажет. Ыстық су құбырларын, циркуляциялық сорғыны, электр жүйесін ауыстыру керек.
Бір айта кетерлігі, мұз айдыны сарайында конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау бойынша жаттығулар мен жарыстар өтіп тұрады.
«Барыс-Арена» көпфунк­ционалды мұз айдыны сара­йының жұмыс істеп жатқанына алты жыл болып қалды. Осында спорт жарыстарымен қатар түрлі концерттер мен форумдар ұйымдастырылады. «Қазақстан» спорт кешеніндегі бассейн күрделі жөндеуге жабылғандықтан, көпшілік қазір «Барыс-Аренадағы» олим­пиадалық стандарттарға сәйкес келетін бассейнге барып жүр. Балалар да бұл нысанда жаттығады.
Осы нысанның да инженерлік желілерінде түйткілдер анықталып отыр. «Мұндағы құбырларды жаңғыртып, мұзды салқындату жүйесіне екі компрессор орнату керек. Нысанға жылыту бойлерлерін сатып алып, қосымша жарықтандыру қажет екен» дейді қалалық мәслихат депутаты Алмагүл Сегізбай.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов «Мtex management» компаниясы басшылығына осы үш нысан бойынша барлық проблемаларды қағазға түсіріп, мәслихатқа тапсыруды ұсынды. Спорт кешендерінің халыққа, әсіресе жастарға қолжетімділігіне назар аударды.
– Спорт нысандарына студенттердің жеңілдікпен баруын қарастыру керек. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға спорт секцияларға тегін баруға мүмкіндік жасау қажет, – деді Е.Каналимов.
Аталмыш нысандарды аралау қорытындысында қалалық мәслихат депутаттары тиісті басқармалардың басшыларына ұсыныстарын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − nine =