Спорт – ел намысы

0 46

«Спорт – денсаулық кепілі, спорт – ел намысы» қағидасы бүкіл әлемге ортақ ұғым. Бүгінгі таңда спорт саласы индустрияға айналған десе болады.

Төрт жылда бір рет өтетін Олимпиада ойындары тек қана спорттық бәсеке болып қалмай, елдік және ұлттық мәртебені айқындайтын көрсеткішке де айналып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан да Олимпиада ойындары мен әлем чемпиондары атанған спортшылар туған елінің батырына баланып, ұлтының мақтанышы болып отыр.
Өткен жексенбіде елімізде спорт күні аталып өтілді. Әрине, биылғы спорт мерекесінде жылдағыдай жарыстар мен бұқаралық шаралар ұйымдастырылған жоқ. COVID-19 жағдайына байланысты енгізілген карантин шаралары барлық деңгейдегі жарыстарды шектеуге, тіптен жаттығулар өткізуге де мүмкіндік бермеді. Дегенмен, спорт ұйымдары мен жекелеген спортшылар онлайн шаралар өткізіп, жұртшылықтың дене шынықтыруына, қашықтан сайысқа түсуіне ықпал жасады.
Ал бүгінде карантин шаралары біртіндеп жеңілдетіліп, үлкен спортпен қатар балалар мен жасөспірімдердің жаттығулары да жандана бастады. Карантинге байланысты тоқтатылған футбол чемпионаты да қайта жалғас­ты.
Жанкүйерлер үшін де биылғы жыл сәтсіз болғандай. Олай дейтініміз, төрт жыл күткен Олимпиада ойындары мен футболдан Еуропа чемпионаты келесі жылға ауыстырылды. Бұл өзгерістер қаншама спортшылардың үмітін суытып, жүйкесін жұқартқаны сөзсіз.
Біз бүгін кешегі өткен спорт күніне орай Қазақстан спортының абыройын көтерген спортшыларымыз жайында еске алғанды жөн көрдік. Бұл ретте алдымен таяуда өмірден кеткен атақты спортшымыз, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері атанған Жақсылық Үшкемпіров есімін ыстық ықыласпен еске түсіреміз. Кеңес одағы кезінде-ақ Қазақстан спортының абыройын көтеріп, тамаша жеңістерімен халқының мақтанышына айналған Әмин Тұяқов, Шәміл Серіков, Серік Қонақбаев, Анатолий Быков, Рязанцев, Нелли Ким, Виктор Тихоненко, Анатолий Храпатый, Дәулет Тұрлыханов сынды саңлақтар тәуелсіз Қазақстан намысын қорғайтын жастарға жарқын жол көрсетіп берді десе болады. Ал еліміз егемендік алғаннан бергі Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінде де жеңістен кенде қалмадық. 1994 жылдан бастап көк байрағымызды әлем аспанында желбіреткен спортшыларымыз жазғы ойындардан 19 алтын, 22 күміс, 28 қола медаль жеңіп алса, қысқы спорттан 1 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлдеге ие болған екен. Төрткүл дүниенің үздіктері бақ сынаған байрақты бәсекеде Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Владимир Смирнов, Василий Жиров, Ольга Шишигина, Юрий Мельниченко, Бақтияр Артаев, Александр Винокуров, Бақыт Сәрсекбаев, Ольга Рыпакова, Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Данияр Елеусінов және басқа да сайыпқырандарымыз өз жеңістерімен Қазақстан халқын қуанышқа бөлегені сөзсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық спорт аренасына айналып отырғаны да айқын. Соңғы жылдары елімізде көптеген спорт инфрақұрылымдыры бой көтеріп, бірнеше спорт түрінен әлем чемпионаттары, Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлері, сонымен қатар Азия ойындары өтті. «Астана» футбол және вело командалары, «Барыс» хоккей клубы халықаралық мәртебелі жарыс­тарда өнер көрсетіп, елдік мерейімізді көтеріп жүр.
Қазақтан спортының осындай жеңісті жолы келешекке қол созған жас сайып­қырандарға өнеге де, сенім де беретініне үкілі үмітпен қараймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + fourteen =