СПАРТАК САХНАҒА ШЫҚТЫ

0 161

DSC_7873

«Астана Опера» театрының репертуары тағы бір туындымен толықты. Өткен аптада театр сахнасында «Спартак» балетінің тұсаукесері өтті. Қойылымды ресейлік балетмейстер Юрий Григорович сахналады. Бұл – оның аталмыш театрдағы алғашқы қойылымы емес. Бұған дейін ол астаналықтарға «Ұйқыдағы ару» балетін ұсынған еді.

«Спартак» балеті – «Астана Опера» театрында бүгінге дейін сахналанған қойылымдардың ішіндегі ең салмақтысының бірі. Өйткені, театр әртістері «мұндай күрделі балетті алғаш рет орындадық» дейді. Үш бөлімнен тұратын қойылымға 80-ге жуық әртіс қатысты.

Актерлердің сахналық киімдері, сонау 1968 жылғы премьерадағы үлгі бойынша тігілген. Тігу жұмыстарына ресейлік шеберлер жұмылдырылып, бас-аяғы 200-ден астам костюм дайындалған.

Балеттегі негізгі уақиға желісі Рим қоғамының құлдырай бастаған тұсындағы жағдайды бейнелейді. Зұлым Красс басқарған императордың әскери машинасы бейбіт өмірді қиратып, ондаған мың адамды тұтқынға алады. Солардың ішінде Спартак пен Фригия да бар еді. Бірге болу үшін қос ғашыққа талай сыннан өтуге тура келеді. Халыққа, махаббатқа деген сенім және досының шайқасқа шығып, қапияда қаза табуы Спартакты ашындырып, көтеріліске итермелейді. Крассқа қарсы бас көтерген құлдар жетекшісінің кең пейілділігі айналып келіп өзіне зиянын тигізеді. Жеңіліс тапқан рим қолбасшысы оңайлықпен беріле қоймай, Спартак пен оның достарын өлтіріп кетеді. Соңғы көріністе Фригия ғашығының мәйітіне келіп, оны жоқтап жылауы, оның ерлігінің мәңгі өлмейтініне деген сенімі – бәрі де би тілімен шебер жеткізілген. Шынайы өлімді, азапты, қантөгісті жеткізетін гладиаторлардың әсерлі шайқасы, куртизанка қыздардың еркін биі қойылымды одан сайын «қорландыра» түседі. Бас партияны Бахтияр Адамжан мен Досжан Табылды, Крассты Сержан Кәуіков пен Тайыр Гатауов, ал Фригия партиясын Мәдина Басбаева мен Әнел Рүстемова кезектесіп ойнады.

«Спартак» балеті – өте күрделі. Бұл жерде классикалық балетті ғана емес, хореография және актерлік шеберлікті көрсету керек. Спартактың жан-дүниесін, ойын сезіну қиындау болды. Толқу да, қуаныш та бар» дейді Бахтияр Адамжан.

«Спартак» балеті бүгінде «Гранд-Опера», Пекиндегі Үлкен ұлттық театр сияқты театрлардың сахнасында қойылып жатыр. Ал, Астанада бүгін соңғы күн көрсетіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 20 =