Сөзіңді көзіңнің қарашығындай күт!

0 721

Әл-Хақтанидің «Тілдің кесапаттары» кітабынан алынған «он күнәнің тоғызы – тілден» тіркесін көбіміз білеміз. Бірақ, осы сөздің мағынасына терең үңіліп жатқан адам кемде-кем. Енді санаға салып қарайық, күнәнің зина, пара, қастандық, ұрлық, кісі өлтіру, харам ас жеу, ашық арсыздыққа бару, өсім алу (риба), жазықсыз жәбірлеу, біреудің ақысын жеу секілді түрлері күнәнің бір бөлігін ғана құрайды да, бір ғана тілден келетін күнә тоғызына (!) телінеді. Сонда, біз мән бере бермейтін, жеңіл күнә санайтын, тіпті күнә қатарына жатқыза бермейтін жаман сөз адамға қаншалықты зиян әкелетінін ойланып көріңіз?!

Тіл өнерін бағалай білетін мұсылман халқымыз “тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар ” деп тіл мен сөзден келетін кесапатты тани білген. Ал, Құранда: “Аллаһ жаман сөздің жария болуын жақсы көрмейді” («Ниса» сүресі, 148-аят), “Ең сыпайы түрде сөйлесін, өйткені шайтан араларына бұзақылық салар” («Исра» сүресі, 53-аят), – деп жаман сөздің зиянын ескертеді.

Имам Науауи айтқан екен: “Біліп қойыңыз: балиғат жасына толған әрбір адам, пайдалы сөзден басқа барша сөздерден тілін сақтауы тиіс. Егер сөзді айту мен айтпаудың пайдасы тең болса, онда сүннет бойынша айтпағаны абзал…”. Зиян әкелетін сөзден тиылудың қаншалықты маңызды екенін ескерткен пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) болса: «Кімде-кім екі жағы мен екі бұтының арасына ие болса, оған жәннат нәсіп», – деген екен. Осыдан тілден келетін күналардан тыйыла білу – Жәннаттың жарты жолы деген ой түйсеңіз де болады.

Қабір азабын қалай шақырып жүрміз?

Сөздің зиянды, күнә әкелетін үш түрі бар: өсек, өтірік, ғайбат. Абай атамыз да «Өсек, өтірік, мақ­таншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз» деп, өсек пен өтірік айтудың ең жаман әдеттерден екенін сөз етеді. Енді осылардың әрбіріне жеке-жеке тоқталсақ, өтірік – жабылған жала, яғни болмағанды болды деу. Ал, өсек – адамдардың арасын суытатын сөз. Ол кей жағдайларда шын сөз болуы да мүмкін. Мәселен, тың­даушы жолдасын жамандаған адамның әңгімесін сыртынан сөз айтылған бірінші адамға жеткізсе, өсек айтқан болып саналады. Себебі, нәтижесінде екі достың арасы алшақтап, араздасып қалуы мүмкін. Үшінші сөз күнәсі – ғайбат деп аталады. Оны «мұсылман ба-уырын кем тұсынан еске алу, айту» деп түсіндіруге болады.

Бір күні Пайғамбарымыз: «Ғай­бат не, білесіңдер ме?», – депті. Саха­балар: «Алла және Расулы біз­ден жақсы біледі», – деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.с.): «Діндес бауырының ұнам­сыз сипаттарын айту», – дейді. Сонда сахабалардан біреуі: «Егер айтқан сипаттар бауырымда болса күнә бола ма?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Айтқан­дарың бауырларыңның бойында болса да ғайбат айтқан боласың. Егер айтқандарың онда жоқ болса, жала жапқан боласың. Адам бір діндегі бауырының басының таздығын, көзінің қыли болғанын немесе соқырлығын, бойының ұзындығын немесе қысқа болғанын келекелеп ғайбат айтса, оның сипатымен ғайбат айт­қан болады», – дейді. Бұл жө­нінде сахабалардан Әбу Хурайра былай риуаят етеді: «Бір күні біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жанында отырған едік. Бір адам тұрып сыртқа шықты. Отырғандар жаңағы адамды: «қандай әлсіз адам», – десіп жатты. Пайғамбарымыз оларға: «Бауы­рыңызды ғайбаттадыңыз және етін жедіңіз», – деді».

Әбу Хурайра риуаят еткен тағы бір хадисте былай келеді: «Өмірінде бір рет ғайбат айтқан адам Ұлы Алла тарапынан 10 түрлі жазаға ұшырайды: Біріншіден, Алланың рахметінен ұзақ болады. Екіншіден, періштелер онымен достық құрмайды. Үшіншіден, өлім кезінде жаны өте қиыншылықпен шығады. Төртіншіден, тозақ отына жақын болады. Бесінші, жұмақтан ұзақ болады. Алтыншы, қабір азабы өте қорқынышты болады. Жетінші, пайғамбарымыздың рухы одан қиыншылық көреді. Сегізінші, Алла оған ренжиді. Тоғызыншы, қиямет күні амалдар тартылған уақытта ол кісі амал таразысында бар нәрсесі таусылып, біткенін көреді. Оныншы, жазықсыз өсектелген адамның күнәсінің жартысын Алла тағала кешіріп, ғайбат айтқанның сауабының бір бөлігі ғайбатталған адамға бері­леді. Қияметте бұл адамның амал дәптерінің беттері ашық түрде берілген уақытта құл: «Ей, Раббым! Жасаған ғибадаттарым, оразаларым, намаздарымның сауаптары қайда? Олар беттерімнің арасында жоқ», – дейді. Алла тағала: «Ха­лық­ты ғайбаттау себебімен ол сауап­тарың жойылып, таусылды», – дей­ді. Міне, ізгі амалдарымызды бей­не бір кеміргіш құрт секілді біл­­дір­мей жеп тауысатын ең жаман әдет ақы­ретте осылай опық жегізеді екен.
Ғайбат айту – парақорлықтан да үлкен күнә. Алла-тағала Мұса пай­ғамбарға былай уахи еткен екен: «Ғайбат айтқан адам егер ғайбаты үшін кешірім сұрап тәубе етсе, жұмаққа ең соңында кіреді. Тәубә етпестен өсек-ғайбатты жал­ғас­тыра берсе, тозақ отына ең бірінші кіреді».

P.S. Біздің ғасырда ең асқынған үш күнәнің бірі зинақорлық, енді бірі риба болса, үшіншісі ғайбат деп санаймыз. Бүгінде «екі әйелдің басы қосылса, үшіншісін жамандайдымен» ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Себебі, біреуді жамандап, біреудің артынан сөз айту еркектер арасында да үйреншікті әдетке айналып бара жатыр. «Анау бүйтіпті, мынау сүйтіпті, анау мындай, мынау сондай». Ал осылардың бәрі онсыз да қиын хәлімізді одан сайын мүшкілдете түсетінін бір сәт ойлағанымыз жөн. Асыл сахабалардай, сөз оразасын ұстап, тіліміздің астына тас салып, амал етпесек те, ғайбат сөзден тыйылуға тырысуымыз – парыз.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =