Сөзімен де емдеу керек

0 138

Тағы да дау шықты. Бұл тек тілдің айналасында туған дау емес. Елорда Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің қызмет сапасындағы кінә­рат­ты көрсетіп тұр.

Бір қарағанда Астана қалалық №2 ауруханасының «Отоларингология» бөлімшесінің 9-палатасында ем алған Мұқағали Балқыбаевтың әлеуметтік желі­де жарық көрген жазбасына қарап «Оғыздың» синдромы қайталанды деуге болар ма еді? Алайда ол ойымыз ұшқары. Өйткені ауырып жатқан адам жел сөз қумаса керек-ті. Қызмет сапасы жоғары болса, қызметкерлері кішіпейіл, өз міндеттерін адал атқарса, осыншама дау туар ма еді?
Осы жазбаға қарап отырып, мені ойландырған екі нәрсе болды. Ол – тазалық сақтаушының науқасқа дауысын көтеріп сөй­легені. Аурухана науқаспен дауласып, әркім өз құқығын қудалайтындай орын ба? Бұл жерге адамдар қоғамның кеселінен емес, өзінің қарақан қу басының кеселінен арылуға келеді емес пе?! Оның екі арасын түсінбейтіндер неге қаламыздың беткеұстар, «Алтын шипагер» атағын алған №2 қалалық аурухананы саясаттандырып, тілді даудың өзегіне айналдырған? Екінші мәселе – аурухананың қызметкері, Мұқа­ғалидың емдеуші дәрігері Асхат Николайұлының: «қазақша сөйле» деп қақсай берсең, ауруханадан шығасың. Шығару туралы анықтаманы да орыс тілінде жазып берем» деген сөзі болды.
Мұқағали бауырымыз Асхат Николайұлының немесе тазалық сақтаушының әкесінің үйінде жатқан жоқ. Сол аурухананың ұжымы ауруларға Қазақстан Республикасының азаматы Мұ­қағалиға бөлген мемлекеттің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің ше­гінде бөлінген қаражатты алып отыр. Ол бюджет сіз бен біздің есебімізден жиналып жатқанын тағы да еске салғым келеді. Демек, лайықты қызмет сапасын талап етуге Мұқағалидың да құқысы бар. Олай болмағанда, мемлекетіміз осыншама қара­жатты дүмбілез дәрігерден сөз есту үшін осы №2 ауруханаға аударып отыр ма?!
«Қазақ үні» порталының жазуынша, дәрігерлер жауапсыздығы, салғырттығы үшін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Нәдіров емделушіден кешірім сұрапты. Мұндай жағ­дайдың қайталанбауын қадаға­лаймыз депті. Иә, қадағалау керек-ақ. «Ауруды дәрімен де, сөзіңмен де емде» деген жоқ па еді Әбу Әли Ибн Сина данышпан. Олар бір-бірін ұқпаса, іс қайдан алға бассын…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 3 =