Сөздің сауған мәйегін

0 171

Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғы­лым­дарының докторы, академик Н.Оралбайқызы – сөздердің анали­тикалық формасы туралы тео­рияны қазақ тіл біліміне тұңғыш рет енгізіп, осы саланың ірге­та­сын қалаушы. Оның қазақ тілі грам­матикасындағы ана­литикалық құры­лым мәселесіне арналған моно­гра­фиялық еңбектері («Қазіргі қа­­зақ тіліндегі етістіктің анали­ти­­калық форма­лары», 1975; «Қа­­зіргі қазақ тіліндегі анали­тикалық фор­­манттардың құры­лысы мен ма­­ғы­насы», 1979) түрко­логия ғы­лы­мында кең танымал болып, тіл білімінің тео­рия­­сына қосылған қо­мақты үлес ретінде жоғары баға­лануы – оған дәлел.

Оның 250-ден астам ғылыми еңбегі грамматика мен сөзжасам, графика, орфография, қазақ жазуы тарихы, тілді оқыту әдістемесінің қилы мәселелеріне арналған.
Аталмыш еңбектер қазақ тілінің грамма­тикалық құрылысының син­тетикалық-аналити­калық сипатын дәлелдеген ғылымда мүлдем жаңа бағыт болды. Ғалым – қазақ тіл білі­мінде тұңғыш рет қимылдың өту си­паты кате­го­риясының назариялық негізін қалап, оны ғы­лыми айна­­лымға түсіруші де. Нұржамал Орал­­­­байқызының зерделеуінің нәти­­же­­сінде бұл категория жо­ғары оқу орын­­дарына арналған А.Ыс­қа­қовтың авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) оқулығына 1974 жылы енгізіліп, кейінгі басылымдарда да нық орын алуда.

Н.Оралбайқызы – қазақ тіл білі­мінің сөзжасам саласының жеке сала ре­тінде танылуы мен қалып­тасуының алғаш негізін қалаушы. 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда ғалым сөзжасамның жалпы теориялық мәселелерін тұңғыш рет жазып, осы саланың ілімдік негізін белгіледі. Академик Н.Орал­байқызы аталған еңбекте туынды сөз жасаудың анали­тикалық тәсілі, күрделі етістіктер мәселесін қозғап, осы тілдік категорияның жасалуы жөніндегі ғылымда қалыптасқан түрлі қате түйіндер көрсетіп, күр­делі етістік мә­селесін жаңа бағытта са­ра­лаған. Ізденімпаз-ғалым сөзжасам мәселесін зерттеуді жалғастыра келе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 1997-1999 жыл­дар­дағы жоспары бойынша «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы» атты бір томдық ең­бектің жетекшісі әрі негізгі орындаушыларының бірі болды. Сондай-ақ, ғалым қазақ тіліндегі сан атауларының жасалу жолын, үлгілерін арнайы зерттеп, ол туралы 1988 жылы алғаш рет монография жариялады.

Академик Н.Оралбайқызы қазақ тіл білімінің грамматикалық теория­лары бойынша түрлі зерттеулер жүргізе келе, қазақ тіліндегі грамматикалық бірліктерді анықтау, оның жүйелік сипатын белгілеуде ірі табыстарға қол жеткізді. Бұл ба­ғыттағы зерделеу жұмыстарының тұжырымы ретінде 1986 жылы «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жү­йесі» (А.Қалыбаевамен авторлық бір­лестікте) атты монографияны шығарды. Ал, 1980 жылы баспа бетін көрген «Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары» атты еңбегі де – грамматика теориясына қатысты зерттеу. Онда сөз құрамындағы грамматикалық көрсеткіштердің сыйысу мәселесі көрсетілген.

Танымал ғалым Н.Оралбайқызы тіл тарихы, графика, орфография мәселелері жөніндегі әлі күнге дара еңбектердің бірегейі – «Қазақ графикасы мен орфографиясы» (1968;) зерт­теуінің төл иесі. Ғалымның ғылыми тың табыстары, соны тұжырымдары дүниежүзілік түркологиялық конференцияларда (Алматы, 1976, Ташкент, 1980, Қазан, 1984; Анкара, 1993; Кипр, 1993;) баяндалып, ғылыми-лингвис­тика­лық мақалалары Ан­карада, Ново­си­бирскіде, Таш­кент­те, Бакуде, Қа­занда жарық көрді. Әлем түр­ко­логтарына танымал лингвист ғалым Анкара уни­вер­ситетінің шақыруымен Түркияда екі жыл қызмет етіп қайтты.

Мемлекеттік тілдің өз қызметін толық атқаруы үшін Қазақстанда мекендейтін халықтардың оны білуі парыз десек, өзге ұлттардың қазақ тілін меңгеруі үшін арнаулы мамандар қазақ тілін шебер оқыту қажет. Бұл міндетті абыроймен орындау үшін, жоғары оқу орын­дарының мамандары, оқулықтары, оқу құрал­дары, техникалық құралдары жеткілікті болуы қажеттігіне аса мән бе­ретін академик Н.Оралбайқызы осы бағыт­тағы ой-түйіндерін айтып қана қой­май, өзге автор­лармен бірлесе оқу бағ­дар­ламаларын жасап, «Қазақ тілін үй­ренеміз», «Практикалық қазақ тілі» оқулықтарын шығарды.

Н.Оралбайқызы – қазақ тілін оқыту әдісте­месінің де шебер маманы. Ғалым ұлттық мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің мәсе­лелерін жан-жақты қарастыра келіп, осы бағытта маман­дар даярлайтын университет студенттеріне ар­налған «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» (1996) атты тұңғыш оқулықты баспадан шы­ғарып, ұлттық мектептердегі қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің негізін қалады.

Ғалым Н.Оралбайқызы теориялық ізденіс­терін, зерттеу ісінің қоры­тындыларын үнемі қазақ тілі маман­дарының білімін кеңейту ісіне, тәжі­рибеге бағыттап отыруды әсте естен шығармайды. Бүгінде зор талантты әдіскер ғалымның жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары-студенттердің аса қажетті, қолдан қолға түсірмейтін дүниелері. Мәселен, «Қазақ тілінің практикалық курсына» арналған «Қазақ тілі» – (1964, 1982, 1993) филология факуль­тетінің І курс студенттерін дұрыс сөй­леуге, са­уатты жазуға дағдыландыруға, тіл­­ші маман­дығына икемдеп, бейім­деу­ге арналған оқулық. Осы кезге шейін үш рет басылым көрсе де, әлі де қас­қалдақтың қанындай студент­тердің таптырмас оқу құралы болуы – оқу­лықтың құндылығына дәлел. Академик Н.Оралбайқызы – ғы­лыми жұмыс пен ұстаздықты үнемі қатар ұстаған, екі саланы өте шебер байланыстыра білетін ғалым. Сол себептен де, ғылымдағы жаңа­лықты қазақ тілінен маман даярлау ісіне енгізудің түрлі жолдарын іздес­тіріп отыруы – кейінгі ізбасар әріп­тестеріне үлгі.

Ана тілін құрметтеуді ұлтқа сын тұрғысында түсінетін ғалым ана тілі­нің қазіргі жай-күйі, келешегі туралы көкірегі қарс айырыла тол­ғанады. Мә­дениеті ертеден қалыптасқан, қа­зір­гі заманда дамыған елдер саналатын мем­лекеттердің бәрінде де ана тілін оқытуға ерекше мән береді.

Академик Н.Оралбайқызы жас ға­лымдарды даярлау ісінде де үлкен та­быстарға қол жеткізді. Ғалымның ғы­лыми жетекшілігімен тіл білімі теориясы мен қазақ тілін оқыту әдіс­темесі ілімі бойынша сандаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлады. Бұл орайда ғылымда академик Н.Оралбайқызы мектебі жасалды, қалыптасты («Е.Қ.», 1998, 14 мамыр, №23) деген пікір еш күмән тудырмасы анық.

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің профессоры, педаго­гика ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 13 =